Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұршық иіру де бір өнер

Ұршық иіру де бір өнер


Бала күнімізде ауылдағы кемпіршуақта отырып, әңгіме-дүкен құратын әжелерді жиі көзіміз шалушы еді. Өткен-кеткенді қозғап, әріден сөз бастайтын көненің көздері қолдары қатар қимылдап, қаһарлы қыстың ызғарында киетін тоқыма киімдерін қамдап отыратын. «Ақ күшігім жүгіре-жүгіре буаз болды» демекші, аяқ-қолы тынбай ұршық иіретін әжелер бас қосқан сондай бір уақытта кесектей аппақ тоқыма жіптер лезде бір сәтте дайын болып, домаланып қастарында жатушы еді.
Әбден ілімін алған әжелер саусақтың басымен қыл-қыбырдан түгел тазартқанда тегіс иірілген жіп ұзынынан ширатыла қалатын. Сондықтан да болар, тоқылған киім де зауыттан шыққандай мінсіз болып көрінеді. Айта кетерлігі, ол кездері дүкеннен қыстық киім сатып алатындар ілуде біреу ғана еді. Онда да қолы іс білетін ақ жаулықты үлкен апалары жоқ үйлер ғана балаларына дүкеннің дайын шұлық-қолғаптарын тұтынуға мәжбүр болатын. Себебі, тамыз айының ортасы ауып, қоңыр күздің ызғары қылаң бергеннен-ақ әжелеріміз жаппай ұршық иіріп, тоқыма тоқу маусымын бас­тап кетеді. Сөйтіп, алғашқы қар түскенше қолы жылдам ісмер апалар барлық бала-шағасын жүн шұлық, тоқыма кеудеше, қолғаппен толық қамтамасыз етіп қояды. Тіпті, артылғанын ет-жақындарына сый етіп те ұсынып жатады. Осындай дархан даладай көңілі кең апаларымыз бір жағынан өз қажетін өтеп отырса, екінші жағынан бабадан қалған текті қолөнерді өскелең ұрпақ арасында насихаттап жүруші еді. Өзім де бұл кәсіпке әжемнің, кейінірек анамның айналысуымен біраз қанық болып алдым. Сырттай қараған жанға оңай болып көрінгенімен, бір таяқтың бойына иірілген жіпті ұқыпты жинай білуде өнер екенін ұғынғанмын сол кезде. Өзге өнер түрі секілді өз заңдылықтары бар бұл өнердің де иіру, жүнді тұту, сондай-ақ, дайын болған жіппен тоқыма тоқудың өз реттілігі бар екендігін айтты.
– Бұрын күн сыз еткеннен ұршық иіретінбіз. Бүгінде бұл үрдіс халық арасында толық сақталып қалмағанымен өзіміз сияқты бірең-саран үйдің үлкендері әлі оны тастай қойған жоқ. Қазір жұмысбастылықтың ықпалы ма, әйтеуір, көрген-білгенін үйреніп, кәдеге асыратын келіндер қатары аз. Кейде маған да үйдегі балаларым: «Жоқ нәрсеге құлдық ұрып, өзіңізді әуре-сарсаңға салып қайтесіз, дүкенде мұндайдың түр-түрі тұр ғой» деп жатады. Ал, тоқып берсең, қыстай аяқтарынан тастамай киіп шығады. Сонда әлгі сөздері ұршық иіріп, ине түртпеуге сылтау ма деген ойға келемін. Расында, қазір маусымына қарай базарда көздің жауын алатын ондай дүниелердің сан түрі шығады. Десек те, жүн түтіп, ұршық шиыра еңбектенудің де өз рахаты бар. Ол өлмейтін кәсіп болып қалуы тиіс, – дейді Зерік Сәрсенова есімді ақ жаулықты әже бізбен әңгімесінде.
Шындығында, сонау замандардан көненің көзіндей боп жеткен мұраны көздің қарашығындай сақтап, өскелең ұрпақ арасында насихаттау бүгінгі парыз. Өйткені, бұл өнер түрі қай кезеңде болмасын өз өміршеңдігін дәлелдеп қойғандай. Мәселен, тарих беттеріне үңілсек, ел аумағында бұл дүниені шаруашылықта пайдалану неолит заманынан бас­тау алады екен. Тіпті, қола дәуіріндегі ескерткіштерден басы арнайы қыштан құйылған оның қалдықтары да көптеп табылған. Ал, тарихшы мамандардың айтуынша, ежелгі Шығыс елдерінде де қол ұршығы пайдаланылған көрінеді. Демек, бұл біз көріп жүрген дүниенің тарихы тереңде жатқандығын аңғартады.
Қазіргі таңда тоқыма өндірісі жедел дамып, түрлі техникалар іске қосылғанымен, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған кей ауылдарда қарапайым ұршықтың дәурені әлі де өте қоймағандығын мойындаған жөн. Себебі, бұл асыл мұра қашанда өз өміршеңдігін жоймақ емес.

Жұлдызай Ноғайбайқызы.
23 қазан 2018 ж. 7 388 0