«Бақытты бала» жобасы аясында 81 жетім балаға пәтер кілті табысталды
Астана, BAQ.KZ. Ақтөбеде облыста «Бала жылы» аясында жарияланған «Бақытты бала» ауқымды жобасы қорытындыланды. Шараға ҚР Парламентінің Сенат және Мәжіліс депутаттары, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, Ақтөбе мен облыстың барлық аудандарынан келген балалар қатысты.
«Осы жыл қазақстандықтар үшін ерекше – ұлттық-рухани және жалпы адамзаттық құндылықтардың өркендеу және жаңа күшпен даму жылы. Мемлекет басшысының тапсырмаларына, «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес біздің облыста ағымдағы жыл «Бала жылы» деп жарияланып, соның аясында өткізілетін шаралар «Бақытты бала» жобасына біріктірілді. Жыл басынан бері жоба аясында көптеген өте маңызды бастамалар жүзеге асырылды. Облыс басшылығы атынан барлық кәсіпкерлерге, компаниялар мен ұйымдарға, Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдеріне жобаға қатысқандары үшін алғыс айтамын. Елбасы 2019 жылды «Жастар жылы» деп жаряилауына байланысты жоба келесі жылы өз жалғасын табатын болады, -деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
«Бақытты бала» жобасы ЮНИСЕФ, БҰҰДБ халықаралық қоғамдық ұйымдары, қайырымдылық қорлары, ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылған болатын.
«Жобаның тек Қазақстанда ғана емес, ТМД елдерінде де аналогі жоқ. Облыста балаларды, әсіресе мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау және қорғауда үлкен жұмыстар атқарылуда. Бұл тәжірибені өзге өңірлерге де тарату керек», - деді ҚР БҒМ вице-министрі Эльмира Суханбердиева.Жобаның нәтижелері расымен де таңқалдырарлық. Тек биылдың өзінде Ақтөбе облысында еліміздегі тұңғыш жыл бойғы сауықтыру инклюзивті «Күншуақ» лагері құрылып, бюджет қаражатынан тыс қаржыға аутизмі бар балаларға арналған орталық, коррекциялық балабақша, мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталығы ашылды.
177 спорттық-ойын алаңы, жазғы Аквапарк, Мұз сарайы, Теннис орталығы пайдалануға берілді. Жеңіл атлетикалық манеждің құрылысы жүріп жатыр.
25 IT-класс ашылды, мектептер 24 3D-принтерлермен, 27 робот техникасының жиынтығымен, 28 ультрақысқа фокусты проектормен жабдықталған. Облыстағы 120 мың бала жазғы демалыспен қамтылды, соның ішінде 15 мың бала Қазақстанның киелі және көрікті жерлеріне аттанса, 700-ден аса дарынды бала еліміздегі, алыс-жақын шетелдердегі үздік жазғы сауықтыру және білім беру лагерьлерінде болып қайтты. Сондай-ақ, тұңғыш рет облыста «Әсем» жыл бойғы оқу-танымдық лагері ашылды.
Жоба аясында жетім және ата-ана қамқорынсыз қалған балаларды жан-жақты қолдауға да басымдық берілді. Нәтижесінде кәсіпорындар мен мемлекеттік органдар балалардың ТҚЖБ-дегі есепшоттарын жыл басынан бері 80 млн теңгеге толықтырған, 81 жетім балаға жаңа пәтерлер мен үйлердің кілттері табыс етілді.
Олыс әкімі Бердібек Сапарбаев шараның қорытынды кешінде жобаны жүзеге асыруға ат салысқандарды марапаттады.
Baq.kz