Сарымайдың киесі ұра ма?
Бұрынғы қазақ майды қойдың, ешкінің қарнына немесе бүйеніне салып сақтаған. Майға сақталған қарнына байланысты атау берілген. Атанқарынмай – кәрі қой мен серкенің қарнына салынған май. Мұндай қарындарда май ұзақ уақыт сақталады. Бұл қарынның қатты, мығым болғанына байланысты. Қимас дүниені қызғыштай қорығанда “сарымайдай сақтап” деп сол себепті айтса керек. Ал қозықарынмай – жас малдың қарнына салынған май. Бүйенге салынған майды бүйенсарымай деп атайды. Бүйенге салынған майды бүйенмен бірге пішіндеп, кесіп жейді.
Сарымайды қазанға салып қайнатып, тортасынан айырып сақтайды. Оны шыжғырылған май, тортасынан айырған май, қорытылған май деп атайды. Тортасынан айырған май ұзақ сақталады және ол қыстыгүні пайдалы, аса құнарлы.
Бауырсақпен бірге қойылатын сарымай қазақ дастарханынан еш үзілген емес. Көнекөздер дастарханда сарымай тұрып, одан ешкім дәм татпаса, “сарымайдың киесі ұрады” дейді.
Бердібек Соқпақбаевтың “Балалық шаққа саяхат” атты кітабында бас кейіпкер сарымайды армандап, “Сарымайды ойласам, аузыма сілекей үйіріледі” дейді. Жазушы тойымды асты адамның қалай сағынатынын дәл суреттейді.
Сарымай өсімдік майынан әлдеқайда құнарлы. Көшпелі қазақ сарымай жеп, түзде тоңбаған, ашықпаған.
Табиғи сарымай А, D, E, K дәрумендеріне бай. Бұл заттар мидың, көру жүйесінің, тынысалу мүшелерінің жұмысын жақсартады.
https://baribar.kz/