Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Өлеңім - менің өмірім

Өлеңім - менің өмірім


Ауыл-ауылда жүріп, көпке танылмаған, жазба ақындардың өлеңдерін жиі-жиі халық назарына ұсынып жүрміз. Кәсіби деңгейге жетпесе де, өлеңге өз үлестерін қосып жүрген ақындардың туындыларын назарларыңызға ұсынамыз.

Астана-жастар жүрегінде!
Маңдай бағы болған емес аз-ақ тым,
Көз тоймайтын, бірі еді ғажаптың.
Сағат санап Ертөстіктей өсетін,
Елордамыз бағы болды қазақтың?!
Тек биікке қолын созған бас қала,
Арман сыйлар, кәріге де жасқа да.
Бой көтерген ғимараттар ғажайып,
Жиырма жылда үлгі болды басқаға.
Түске еніп, айналғансың өңіме.
Көк күмбездер қалықтатып көгіме.
Орда бұзар отыз жасқа жетпей-ақ.
Шыға келдің озық қала төріне.
Жыр қаласың гүлге толған етегі,
Ұлың-ұлық, қызың-арлы, жетелі
Басқаға аңыз көрінетін секілді,
Бас қаламыз – бейбітшілік мекені.

Бұл дүниенің тең келмес еш байлығына,
Тілім менің бақытым, айбыным да.
Тіл арқылы таниды елдігімді,
Тілім болса еркін жүзем айдынымда.
Мұрамыз тіл қалдырған бабалардың,
Асқақтаған аманаты ағалардың.
Кім сүйер өзіңнің перзентіңдей,
Биіктетіп мəртебеңді бағалар кім?
Толып жүр өзге тілдер арамызда,
Өзге ойлар бар біздің санамызда.
Тəуелділік бұғауын үзе алмай,
Мəңгүрт болып барады қаламыз да.
Тілім барат қор болып шұбарланып,
Көз алдымыз барады тұманданып.
Арзан сөз, таяз ойлар, көп көпіру,
Еш қандырмас əрине құмарды анық.
Ешкімдермен көрмеппіз тайталасып,
Басқа ұлтқа бəрінде айқара аштық.
Ештеңеге берілмей осы күнде,
Алға қарай қадамды қайта бастық.

Жұлдыз Қалжанова


Таң сұлу
Көкжиектер күн шапағын төгіп келет,
Қараңғылық керегесін сөгіп келет.
Азан айтып бұлбұл, шымшық, көкек тағы,
Табиғат күн сөзіне көніп келет.

Шықтанып күллі жасыл денелер,
Əсем дала бір сəт нұрға бөленер.
Бəрі оянды. Тек бір ғана жан ұйқыда,
Оянса, байғұс дала сұлулыққа кенелер.

Көрсең құдды хор қызына теңерсің,
«Ең сұлу жан», – десе сөзсіз сенерсің.
Мін мен сыннан, кемшіліктен ада қыздың,
Сұлулығын сүйіп қана жеңерсің.

Қыз оянды. Дала қайта жаңарды,
Елестеттім Жібек, Баян, Қамарды.
Ұқсамады ешбіріне кескіні,
Қарап тұрсаң ауыздан су тамар-ды.

Керілді, кербездене кең далаға,
Ұқсап кетер кей қимылы жас балаға.
Шыдамады. Күн бетінен сүйіп алды,
Сүйіп алса, сұлулыққа кем бола ма?!

Толқын шашы жауырынын жауып тұр,
Қос жанары ең асылды тауып тұр.
Бота көзді,алтын шашты арудың,
Көңілі əлденеге ауып тұр.
Бақытжан Өтегенов

Деген әкем...
Көп ақылы қалмағаны ойымда,
Есімде тұр, сөйлемеймін алшы ғып.
Баласымын, сосын шығар бойымда,
Әкеме ұқсас мін мен мінез баршылық.

Жақсы болсын, жаман болсын бұ күні,
Көресіге көрсетіп-ақ келемін.
Деген әкем: “Жол ақысы түгілі,
Кісі ақысын ешқашанда жемегін!”

Осы күні жанарым жас, жаным тағы жүдеулі...
Деген әкем бес жасымда алқына.
“Тиіскен соң, жылатсаң да біреуді,
Жұдырықтан жылап келме алдыма!”

Бет алғанда махаббаттай жорыққа,
Деген әкем: “Жолың болсын жортқанда!
...Сұлулығы жоқ адамнан қорықпа,
Сұлулығын жоғалтқаннан қорықсаң да”.
Рыскелді ЖАХМАН

Жаны бар жалғыз өлең
Көкірегімді желпіп бір ойлар қозғайды
Көп қыз жайлы,
Көктем жайлы,
Жаз жайлы,
Тоғысқан сәтте толқып бір сезім кеудемде,
Жарылып кете жаздаймын.
Ұйқастар, сөздер, сағыныш, арман, мұң, қайғы,
Құлаған таудан тасқындай болып тулайды
Толғатқан әйел білмеймін қалай жеңілдер,
Ал менен...
Менен күткен бір өлең тумайды!
Жасай аламын,
Жаза алам өлең керемет.
Қуыршақ қана –
Ол – өлең емес не керек?
Құдайдан ба әлде,
Шайтаннан ба әлде, білмедім
Осы бір сезім көбелек?!
Қиналды-ау жаным,
Қамшыдай осы – дүреден,
Қайтсем мен қамсыз шалқыған өмір сүрер ем...
Қамсыз бір өмір сүретін болсам – тірі өлем
Керек-ақ маған,
Жаны бар жалғыз бір өлең
Көкірегінде лүпілі бар тірі өлең.
Ауырып жүрмін –
Жаны бар өлең жаза алмай,
Таусылып жүрмін таудың бір кенін қаза алмай.
Қайнайды басым қара су құйған қазандай,
Бірдеме ойда бір өлең сайран салып жүр,
Алдаған алтын сазандай.
09.10.2018 ж.

Бір құс келіп қонды бүгін кеудеме,
Тұрып алды шыр-шыр етіп ән салып
Қолдан ұшқан балапандай ол неге
Таныс еді соншалық?!
Күлдіретіп кетті-ау менің көңлімді,
Үздігеді үзілердей сезім тек.
Ұмытқанмын бұл өмірде мен кімді,
Кімді айтады қайран құсым безілдеп?
Аузын ашып кеудемдегі бұлақтың
Сусылдайды саршыл күндер саялы
Шырылдады жүрегімде жарық күн,
Бұл аппақ құс – сағынышым баяғы.
Қалай сені танымайын – көп белгің,
Қайран дәурен – алқын, жұлқын, сабылыс
Құсқа айналып кеткен еді өткен күн,
Құс боп қайта оралыпты-ау сағыныш.

Мақсұт Әбдімомын
17 қазан 2018 ж. 1 191 0