Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қиялға қанат бітірген қала

Қиялға қанат бітірген қала


Мен үшін Астана – ең алдымен шексіз мүмкіндіктер мекені және биік мақсаттар мен асқақ армандарға жетелейтін қақпа іспеттес.Жас ұрпаққа жарқын болашақ сыйлаған құтты мекен. Арман құшып келген әрбір адамзатқа жол нұсқаған қасиетті өңір. Бір сөзбен айтқанда, жасампаз жастардың қаласы.
Тіпті, «Астана» атауның өзі – «табалдырық», «босаға», «кіре беріс», «салтанатты орда есігі» деген ұғымдарды білдіреді. Болашағын Елордамен байланыстыратын адамның алдында көптеген бағыттар ашылады. Бірі – ғылым мен ізденіс жолы болса, келесісі – жаңа идеялар мен мүмкіндіктердің қолдау табуы. Байқағаным, бұл үлкен қалада үнемі тіршілігі қайнап, жанталасып жүрген бір адам. Қол қусырып бос жүрген адамды көрмейсің. Яғни, Астана жастарды үнемі қозғалыста, ізденісте болуға жетелейтін қуат көзіндей.
Біз сияқты жастар үшін, жасампаздықтың, достықтың, сұлулықтың символына айналған Астанада сәулет өнерінің теңдессіз үлгілері саналатын кешендер бой көтеруде. Жиырма жыл ішінде сүйікті елордамыз ғажайып шаһарға айналып, әлем алдында беделі күн санап артып келеді. Бір Бәйтерегінің өзін көруді талай қазақтың қара домалақ балалары арман еткен, Астанамыздың «Арман қала» атануы, оның жастардың мекені екенін айқындап тұрғандай.
Адам өмірінде ешқашан ұмытылмайтын естеліктер, арманға қанат бітіретін айрықша сәттер болады. Соның бірі менің Астанада өткізген азғантай демалысым дер едім. Себебі, Елорда менің арманыма қанат байлап, алдыма нақты мақсаттар қоюды үйретті. Міне, осындай бала арман жетелеп талай бүлдіршін бас қаланы бетке алып, ұмытылмас естеліктермен оралғаны сөзсіз. Тіпті, бірі осынау әсем шаһармен болашағын жалғап, үлкен мақсаттар қойғанда шығар. Ендеше, армандар мақсатқа айналып, мықтылар шыңдалатын шаһарды Қазақстанның әрбір азаматы көргені абзал.

Жайна АХМЕТЖАНОВА,
кент тұрғыны.
10 шілде 2018 ж. 1 240 0