Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТАРИХҚА ТАҒЗЫМ – БОЛАШАҚҚА БАҒДАР

ТАРИХҚА ТАҒЗЫМ – БОЛАШАҚҚА БАҒДАР


  Нұрлыбек Нәлібаев, Қызылорда қаласының әкімі:
Алты Алаштың анасы, қалың қазақтың панасы болған Сыр өңірінің бас шаһары – Қызылорда қаласы қос ғасырлық тарихы тасқа басылған, тамыры тереңнен тартқан қасиетті мекен. Ұлан-ғайыр Ұлы дала бойында төрдегі тұғырға қонған көркем, келбетті, сәулетті, айшықты қала бүгінгі күн бейнесімен жайнап-жасанып барша жұрттың көзқуанышына айналды. Соңғы жылдарда облыс орталығында ұтымды ұсыныс, байыпты бастамалар нәтижесінде орайлы істер жүзеге асты. Бұл тұрғыда өзге өңірлерден келген меймандар мен сүйікті қаласының әрбір өрелі өзгерісін қалт жібермейтін жергілікті халықтың бағасы жоғары.
Қазіргі заманғы талаптар негізінде бой тіктеп келе жатқан Қызылорда 200 жылдық мерейтойына жарқын жетістікпен, толайым табыспен, көрікті көрсеткішпен келіп жетті. Мерейтой қарсаңында қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен сол игілікті істер жөнінде кеңінен ой бөліскен едік.
– Нұрлыбек Машбекұлы, Сізді қаланың 200 жылдық мерейтойымен құттықтаймыз. Тарихтың талай ізі қалған туған топырақтың торқалы тойы – барша тұрғындардың асыға күткен мерекесі. Шаттығы шалқыған шуақты шаһардың шырайлы бейнесі бүгінде жергілікті халықтың жүрек түкпірінен өз орнын еншіледі. Осындай қуаныш тойы қарсаңында жерлестеріңізге жүрекжарды лебізіңізді білдіре кетсеңіз...
– Өткен күндерге көз салып қарап көрсек, Сыр өңірінің тарихта алатын орны ерекше екенін аңғарамыз. Дария бойындағы дүйім ел талай оқиғаны бастан өткізді. Біздің аймақ кезінде түбі бір түркілер тамыр жайған тұғыры биік топырақ екені белгілі. Қалың ел бұл өңірді біздің халқымыздың тарихында өз орнын еншілеген Жанкент және Сығанақ секілді астаналар дәуірлеген қастерлі аймақ ретінде бағалайды. Өткен ғасырдың 1925-1929 жылдар аралығында Қызылорда қазақ елінің бас қаласы есебінде айбыны асқақтай түсті. Сондықтан Қызылорданың мерейтойын барша алаш баласына ортақ мереке деп санаймын.
Биыл – барша жұртшылық үшін ерекше жыл. Халқымыз Тәуелсіз Қазақстанның теңдессіз жауһары – Астананың 20, қасиетті Сыр өңірінің бас шаһары – Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойын кең ауқымда атап өтуге үлкен мән берді. Біздер үшін тарихи тағылымы мен мағынасы терең бұл даталарды атап өтудің маңызы зор. Бұл – тарихқа тағзым, болашаққа бағдар.
Туған жеріміз – Қызылорданың қос ғасырлық мерейтойы өткеннен өнеге алып, бабалардан қалған бай мұра мен асыл құндылықтарды ертеңгі ұрпаққа аманаттау, ұлттық қасиетіміз бен салт-дәстүрімізді дәріптеу деп түсінуіміз керек. Сыр топырағы – қазақылықтың қайнары. Қызылорда – небір тарихи кезеңнің куәсі, тарлан тұлғаларды түлеткен қасиетті мекен, талай бастама мен тың жаңалықтың қасиетті ордасы. Осындай ұлы бастамалардың заңды жалғасындай, бүгінгі Қызылорда еліміздің жаңа тарихын жасауға қарқынды атсалысып келеді. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап, қаламыздың көлемі бірнеше есеге ұлғайып, халқының саны өсті, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер, демалыс орындары, саябақтар, жаңа мөлтек аудандар мен көшелер пайда болып, өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық әлеуеті артты.
Тарихи тағылымы мен мағынасы терең қос мерейтойды атап өтудің маңызы зор. Себебі, ол халқымыздың асқақ рухын, ұлтымыздың ұлылығын дәріптей түседі. Әрбір табысымызға еліміздегі бейбітшілік пен татулығы жарасқан берекелі өмір, баянды бірліктің арқасында қол жеткіздік. Елбасының сарабдал саясаты осындай оң істерге, жарқын жобаларға жол ашты. Шуақты мерекеде қаланың әрбір шаңырағына шаттық, азаматтардың дендеріне саулық, отбасыларына бақ-береке тілеймін. Ынтымақ мерекесі құтты болсын! Елдігіміз еңселі, бағдарымыз баянды бола берсін демекпін. 
 Жыл басынан бері қала мерейтойы аясында сан алуан мәдени іс-шаралар өткізіліп жатқанын көпшілік жақсы біледі. Ендігі кезекте торқалы тойдың қорытынды есепті атаулы күндерде қандай жобалар мен жоспарлар негізге алынған? Осы жөнінде айта кетсеңіз. 
– Бұл – Сыр жұртшылығының ынтымағы мен бірлігінің, жерлестеріміздің бізге артқан сенімі мен қолдауының арқасында бірлесе атқарған еңбегіміздің жемісі. Осы мақсатта облыс әкімі Қырымбек Елеуұлының бастамасымен қала тұрғындары үшін тарихи маңызға ие болған мерейтолық датаны атап өту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қазірге дейін облыс бойынша қаланың 200 жылдығына орай әртүрлі бағытта 40-қа жуық мәдени шаралар өткізілді.
Қызылорда қаласының қос ғасырлық мерейтойын атап өту бағытындағы мерекелік іс-шараларды дайындау мен өткізу екі негізгі бөлім бойынша жүргізіледі. Біріншісі 23 қыркүйек пен 11 қазан аралығын қамтиды. Ал, Қызылорда қаласының 200 жылдығын мерекелеудің келесі бөлімі бойынша 28 қыркүйек күні өтетін негізгі шаралар жүргізіледі.
Бірінші бөлім бойынша ірі көлемді шаралар бойынша әзірленген желілік кестенің жобасы әзірленді. Желілік кестеге жауапты мемлекеттік мекемелер айқындалып, шаралар 3 деңгейге топтастырылды. Облыстық деңгейде 17 шара өткізу жоспарланып отыр. Атап айтқанда,                                     А.Тоқмағанбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде аудандар қала мерейтойына орай мәдени шаралар өткізеді. Бұл шаралар барысында әрбір аудан қайырымдылық шараларын ұйымдастырады.
Мерейтой 23 қыркүйекте қала әкімдігіне қарасты Тасбөгет кентінің                                       70 жылдығын атап өту шарасынан басталды. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау бағытында «Өнерім саған, Қазақстан!» атты облыстық фестиваль өткізіп, дәстүрлі облыстық еңбек форумы ұйымдастырылады. Ал, «Жүрек жылуы» қайырымдылық акциясы аясында көпбалалы отбасылар, халықтың әлеуметтік осал топтары өкілдері толықтай қамтылып, 1000 отбасыға көмек көрсетіледі.
Қызылорда қаласының 200 жылдығын мерекелеудің негізгі шаралары 28-29 қыркүйек күндері өткізіледі. Бұл күні «Сыр Ана» монументінде «Этноауыл» фестивалімен ашылып, ол «Сыр сүлейлері» аллеясында өтетін «Қымыз-шұбат», «Қауын-қарбыз» фестиваліне ұласады.
Басты жаңалығымыз – дәл осы күні Сырдария өзенінің сол жағалауының тұсаукесері шарасы болады. Атап айтқанда сол жағалаудан бой көтерген «Рухани жаңғыру» орталығының ғимараты пайдалануға беріледі.
Ал, жыл соңына дейін осы аумақтан жаңа тұрғын үйлер мен 320 орындық балабақшаның құрылысы ел игілігіне айналады деп күтілуде.
Н.Бекежанов атындағы драма театрында Қызылорда қаласының 200 жылдығына арналған салтанатты шара өткізіледі. Оған мәртебелі меймандар мен облыс активі қатыспақ.
Салтанатты шара барысында қоғам қайраткерлеріне, аймақтың қоғамдық-саяси, экономикалық дамуына үлесін қосқан бірқатар азаматтарға арнайы әзірленген мерейтойлық медаль табысталады. Мерекелік шара соңы гала концертпен қорытындыланады. Мерейтой барысында бұдан басқа да іс-шаралар халық назарына ұсынылатын болады. Ол қалаға қарасты ауылдық округтерді де қамтитын болады.  Жалпы, 200 жылдық мерейтойлық шаралар біздің өңірімізде жыл басынан бастау алды. Бұл шаралар тек қаланың өзінде ғана емес, қалаға қарасты елді мекендерде де ұйымдастырылуда.
– Соңғы уақытта қала өмірінде өркенді өзгерістер жасалып келеді. Қызылорданың қаржылық әлеуеті артып, халықтың игілігіне айналған қаншама жұмыстар кәдеге асып отыр. Қай кезде де атқарылатын істер қаржы мәселесіне тікелей қатысты екені белгілі. Бұл орайда қазына қазанына түсіп жатқан қаржы көлемінің арта түскенін аңғарып жүрміз? Қазіргі таңда Қызылорданың қаржылық әлеуеті қандай деңгейде? Осы жөнінде аз-кем айта кеткен жөн болар.
 Облыс орталығы тұрғындары жылдан-жылға өсіп келеді. Үстіміздегі жылдың 1 тамызына алдын ала деректерге сәйкес Қызылорда тұрғындары 299,7 мың адамды құрады. Өсу қарқыны 102,6  пайызды шамалайды. Тұрғындар арасында экономикалық белсенді халық саны 123,4 мың адам жетті.
Қазіргі таңда Қызылорда қаласының әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші жоғары қарқынмен дамып келеді. Үстіміздегі жылдың басында  қала бюджеті 42 млрд. теңге көлемінде бекітілген еді. Бұл бағытта атқарылған ауқымды жұмыстардың нәтижесінде ол бүгінгі күнге 51 млрд. теңгені құрап отыр.
Биылғы 8 айда өнеркәсіп кәсіпорындарымен 514 млрд. теңгенің өнімдері өндірілді. Ал өңдеу өнеркәсіп саласындағы оның деңгейі                        24 млрд. теңгеге жетті. Қала бюджетінің кірістер көлемі де артып келдеі. Мәселен, қала бюджетінің 2018 жылдың 8 айына кірістер болжамы                    32 млрд. теңгеге жоспарланса, нақты түсім 33 млрд. теңгені құрады.  Осылайша ол 103 пайызға орындалды.  Атап өтерлігі, соңғы 5 жылда қала бюджетінің өз кірістері 2 есеге ұлғайды. Биыл ол 16,8 млрд. теңгені шамалайды.
 Қызылорда қаласына қарасты ауылдық округтерде аграрлық саланы дамыту бағытында қандай жұмыстар атқарылды? Әсіресе, мал шаруашылығы бойынша көптеген жобалар қолға алынған секілді.
– Байқағаныңыздай, Қызылорда қаласының ауыл шаруашылығы саласы да айтарлықтай табыстарға қол жетті. Үстіміздегі жылдың қаңтар-тамыз айларында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы өнімінің көлемі 1,8 млрд. теңгені құрап, өнімнің нақты көлемінің индексі өткен жылдың салыстырмалы кезеңімен 4 пайызға артты. «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында құрылған «Сыбаға», «Алтын асық», «Сыр бойы», «Құлан» бағдарламалары бойынша нақтыланған мал сатып алу жоспары бекітілді.
Жоспарға сәйкес несиелендіру арқылы аталған бағдарламалар аясында барлығы 83,7 млн. теңгеге 330 бас ірі мүйізді қара және 7,2 млн. теңгеге 280 бас уақ малдары сатып алынды. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына «Жұмыспен қамту орталығы» арқылы                      150 адамның тізімі жолданып, бүгінде 38 адам 163 млн. теңге несие алды.
 Соңғы жылдарда біздің өңірде кәсіпкерлікті өрістету мақсатында өрелі өзгерістер жүзеге асып отыр. Осы мақсатта облыс орталығында да оң бастамалар жасалып жатқанын білеміз.
– Облыс әкімінің бастамасымен биыл кәсіпкерлікті қолдау жылы болып жарияланды. Бұл бастама маңыздылығына орай тағы да екі жылға ұзартылып, бұл бағытта 2020 жылға дейін қажетті іс-шаралар жүзеге асады. Жалпы, облыс бойынша нақты жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік нысандарының 48,9 пайызы Қызылорда қаласының үлесінде. Қыркүйек айының басына дейін облыс орталығында 26 мың 087 шағын кәсіпкерлік нысаны тіркелген. Биылғы жылдың өзінде                                              2 мың 341 кәсіпкерлік нысанының тұсауы кесіліп, соның нәтижесінде                           2 мың 390 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 50 пайызға артты.
Кәсіпкерлікті дамыту «Жол картасы» аясында көптеген іс-шаралар қолға алынып келеді. Іске қосылған 218 жобаның жалпы құны 3 млрд. теңгені құрайды.  Соның нәтижесінде 355 жаңа жұмыс орны ашылды. Жергілікті тұрғындар кәсіпкерлік саласын дамытуға бағытталған «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың                    2017-2021 жылдарға» арналған бағдарламасының да игілігін көріп келеді.
Сол бағдарлама негізінде  шағын несиелендіру бойынша 116 жобаға қаржы бөлінді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың қорытындысымен салыстырғанда 2,5 есеге артты.
Ал «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында «Өңірлік үйлестіру кеңесінен»                              3 млрд. теңгені құрайтын 62 жоба қолдау тапты. Жыл басынан бері қайтарымсыз грант алу бағытында 52 жобаға қаржы бөлінді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 23 жобаға көбейген.                                  Ол 55,7 пайызға артық.
 Бүгінгі күннің басты талабының бірі – инвестициялық жобаларды жүзеге асыра отырып, ел өміріндегі елеулі істерге жол ашу.  Осыған орай аталмыш бағытта қалада жүйелі істер атқарлып келеді. Сол жүзеге асқан жобалардың нәтижесінде ел игілігіне айналған жарқын бастамаларға жол ашылды. Аталмыш жұмыстар индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында да ауқымды жобалар қолға алынуда.
Бүгінгі күні қалада индустрияландыру картасына енгізілген 8 жоба жүзеге асырылуда. Жалпы құны – 229 млрд. теңге. Олардың арасында 1-і республикалық картаға енгізілсе, қалғаны өңірлік карта бойынша қолға алынып отыр. Бұл жұмыстар толық іске қосылғанда 1 мың 540 адам еңбекпен қамтылатын болады.
                                                                                Әңгімелескен Әділжан Үмбет.
30 қыркүйек 2018 ж. 1 030 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№34 (9198)

30 сәуір 2024 ж.

№33 (9197)

27 сәуір 2024 ж.

№32 (9196)

23 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031