Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Алтын Емел» деректі фильмі «Ел арна» және «Хабар» арнасының арнайы сыйлығына ие болды 

«Алтын Емел» деректі фильмі «Ел арна» және «Хабар» арнасының арнайы сыйлығына ие болды 

Алматыда 5 күнге жалғасқан «Almaty Film Festival» халықаралық кинофестивалі аяқталды. Мұнда көркем және документалды фильмдер, мәдени әрі тарихи мұралар, туризм және спорт тақырыбында, сондай-ақ балаларға арналған шығармалар көрсетілді. Үздік туындылар мен актерлар Республика сарайында өткен салтанатта марапатталды. «Almaty Film Festival» қала әкімінің қолдауымен биыл алғаш рет өткізілді. Қазылар алқасының құрамына Настасия Кински, Ким Ки Дук, Сергей Бодров сынды әлемге танымал актерлар мен режиссерлар шақыртылған. Салтанатты шарада елімізге белгілі кинорежиссер, фестивальдің президенті Ахан Сатаев неміс актрисасы Настасия Кинский мен кореялық режиссер Ким Ки Дукқа әлемдік кинематографияға қосқан үлесі үшін арнайы сыйлығын табыстады. Ким Ки Дук, режиссер: – Фестиваль алғаш рет өткізілсе де, ұйымдастыруы өте жоғары деңгейде болды. Алматы – ғажап қала. Бұл фестиваль енді жыл сайын өткізілсе деймін. Фестивальде үздік көркемфильм байқауына 10 кинотуынды қатысты. Олардың ішінде беларусьтік продюсер Дарья Жуктың «Хрусталь» фильмі бас жүлдені жеңіп алды. «Алтын Емел» танымдық деректі фильмі фестивальдің ақпараттық демеушісі «Ел арна» және «Хабар» арнасының арнайы сыйлығына ие болды. Берікбол Тілеухан, актер: – Соңғы жылдары Қазақстанның кинолары жақсы, оңалып жатқаны белгілі. Жаңа мамандар шығып жатыр, киноның сапасы да көтеріліп жатқаны байқалады. «Әлемнің мейірімді бейқамдығы» фильмін түсірген қазақстандық телеоператор Әділхан Ержанов фестивальдің үздік операторы атанса, үздік сценарий байқауында жас маман Серік Әбішевтің «Қуандық» жобасы үздік деп танылды. 

www.24.kz
20 қыркүйек 2018 ж. 815 0