
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Түн құдайы» фильмі Сахалин Халықаралық «Жердің қиыры»(«Край света») кинофестивалінің байқаудан тыс «Көршілер/Достар» атты бағдарламасында көрсетіледі. Фестиваль Оңтүстік-Сахалинде тамыздың 24 - 31 аралығында Сахалин губернаторының қолдауымен өтеді. «Түн құдайынан» бөлек, «Жер қиырының» негізгі байқауында режиссер Ержановтың басқа да фильмі – «Әлемнің мейірімді енжарлығы» (Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ жобасы емес) қатысып отыр. «Негізгі байқауға олар дәстүрлі кинотілде түсірілген фильмдерді қабылдайды, «Әлемнің мейірімді енжарлығы» осы форматқа сәйкес келеді. Ал «Түн құдайы» – сюжет логикасын елемей, образ тазалығын көрсетуге тырысқан эксперименталды бағыттағы фильм. Қатарынан екі фильмім фестивальге қатысып отырғаны қуантады, өйткені олар формасы мен мазмұны жағынан бір-біріне қайшы фильмдер», – деді режиссер Әділхан Ержанов. Негізгі конкурс және «Көршілер/Достар» бағдарламасынан басқа фестиваль аясында Ингмар Бергманның ретроспективасы, азиялық және ресейлік анимация көрсетілімдері өтеді. Және қазылар алқасы – режиссерлер кіші Алексей Герман, Алексей Попогребский және Таминех Миланидің, сценаристер О Чжун-ми және актриса Мария Шукшинаның фильмдері көрсетіледі.
24.kz