Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Junior Eurovision 2018». Гала-концертке екі күн қалды

«Junior Eurovision 2018». Гала-концертке екі күн қалды

Апта соңында Алматыда өтетін «Junior Eurovision 2018» фестивалінде халықаралық байқауға Қазақстан атынан аттанатын әнші балапан анықталады. Республика деңгейіндегі ақтық сында көрермендер де дауыс беру арқылы таңдау жасай алады. Әзірге Алматыға жиналған он үміткер гала-концертті тағатсыздана күтіп, жаттығу залында сағаттап дайындалуда. Уақыт тым аз қалды. Күніне екі рет болатын дайындық жаттығулары балаларға бір сәтке де еркінсуге мұрша берер емес. Кестеге сай, балалар би залына жиналып, үлкен сахнада жүріп-тұруды қайталап, пысықтап жатыр.   Гала-концертке қатысатын он үміткер қаладағы мектептерге, концерт залдарына бөлініп, кәсіби мамандардан тәлім алуда. Бұл байқау елімізде алғаш өткізілгелі отырғандықтан, ұстаздар да балалардың мүлт кетпеуін қадағалап, кемшілікке жол бермеу үшін барлық білгендерін үйретіп жатыр. «Әзірге жас әншілеріміздің дүбірлі дода алдындағы қобалжуларын байқамадық», – дейді бишілерді дайындап жүрген топ жетекшісі. Неля Гладкова, би тобының жетекшісі: – Біздің қойылымға 5-8 жас аралығындағы 12 биші қыз қатысады. Олар тынымсыз дайындалып жатыр. Уақыт аз болғандығына қарамастан, әрбір қимылымызды жақсылап шығарғымыз келеді. Балалар да ерінбей бар күшін салып жатыр.  Жүзден жүйрік шығу үшін әрине көп еңбектену қажет. Баланың бойындағы табиғи дарыннан бөлек, дауыс ырғағын дұрыс қойып, көрерменнің жүрегіне жететіндей ән шырқау кез келгеннің қолынан келе бермейтіні белгілі. Ал байқауда орындалатын әр әнді театрландырылған би көріністерімен көркемдеу хореографтарға жүктелген. Аида Келгенбаева, би мектебінің жетекшісі: – Жарысқа үміткер біздің әншіміз бен би тобы 3 тәуліктен бері тынымсыз дайындалып жатыр. Вокал өнерін тамаша меңгерген баланың жанында билейтін топтың да сондай деңгейде болғанын қалаймыз. Жалпы бұл нөмірге 26 бала қатысады. Жұмыс әлі көп. Барлық үміткерлерге сәттілік. «Junior Eurovision 2018» халықаралық байқауына қатысатын үміткерге артылар жүк ауыр. Өйткені бұл халықаралық додаға Қазақстан алғаш рет қатысқалы отыр. Ал ел намысын қорғап, бүкіл қазақстандықтардың сенімін ақтау – үлкен жауапкершілік. Сондықтан ол байрақты бәсекеге ең мықты әнші бала қатысу керек. Оны қазылар алқасы мен көрермендер 22 қыркүйек күні анықтайтын болады. 

www.24.kz
20 қыркүйек 2018 ж. 781 0