Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жұмыс аптасын қаншалықты қысқарта аламыз?

Жұмыс аптасын қаншалықты қысқарта аламыз?



Бүгінде бүкіл әлем бойынша аз уақыт жұмыс істеу жеке өмір мен жұмыс арасындағы балансты сақтап тұруға көмектесетінін дәлелдеуге тырысатын тәжірибелер жүргізіліп, бұл мәселе жан-жақты талқыланып келеді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі ВВС басылымына сілтеме жасап.
Ал біз жұмыс аптасын бір күнге дейін қысқарта аламыз ба? Жұмысы барлар көбіне аптасына бес рет – дүйсенбі мен жұма аралығында күніне сегіз сағаттан жұмыс орнында отыратыны белгілі. Тіпті, одан да көп жұмыс істейтіндер де бар. Солардың бірі – Илон Маск жақында New York Times басылымына берген сұхбатында аптасына 120 сағат жұмыс істейтінін айтты. Яғни, ол жеке өмір мен жұмыс арасындағы балансты өз қолымен жойып жатыр деген сөз.
Кеңседе ұзақ отыру мәселесіне келгенде де айтылатын дерек көп. Бүкіл әлем бойынша жүргізілген зерттеулердің көбі жұмыс күнінің ұзақ болуы адамды қанағатсыз етіп, оның жұмыс өнімділігін төмендететінін дәлелдеп келеді. Сондықтан да болса керек, қызметкерінің еңбегі мен жеке өмірі арасындағы балансты сақтап тұру үшін әлем бойынша көптеген компаниялар мен үкімет өкілдері жұмыс уақытын қысқарту эксперименттерін жүргізіп келеді. Солардың бірі – көпшіліктің қызығушылығын тудырған, бірақ сот процесіне себепші болған Жаңа Зеландиядағы жағдай. Естеріңізде болса, жақында Жаңа Зеландия жұмыс аптасын бес күннен төрт күнге қысқартқан болатын.
Бірақ неге төрт күн? Неге үш, екі немесе аптасына жарты күн ғана жұмыс істемеске? Жалпы, аз уақыт жұмыс істетіп, сол үшін ақша төлеуге әзір жерлер бар ма? Ондай орындардың болуы мүмкін бе?
Төрт күндік эксперимент
Perpetual Guardian. Жаңа Зеландияда жұмыс аптасынан бір күнді алып тастаған экспериментті дәл осы компания қолға алған болатын. Жағдай қалай болды?
Мамыр айында аталған компания 240 қызметкерге бес күннің орнына аптасына төрт рет сегіз сағаттан жұмыс істейтіндерін айтқан. Әрине, бұл жағдайда жалақылары бұрынғы көлемде сақталған. Окленд университетінің зерттеушілері эксперимент нәтижесінде қызметкерлерге зерттеу жүргізіп, қызметкерлердің 24%ы жұмыс пен жеке өмірдегі балансты анағұрлым жақсартқандарын анықтады. Сондай-ақ 7% жағдайда қызметкерлер жұмыстан түсетін ауыртпалықтың азайғанын айтқан. Ал тәжірибе соңында компания жұмыс өнімділігінің азайғаны туралы ешқандай мәлімдеме жасамады. Тіпті, Окленд технологиялық университетінің кадр ресурсы мен менеджмент профессоры Джаррод Хаардың айтуынша, төрт күндік жұмыс аптасында қызмет көрсету сапасы артқан.
«Тәжірибе басталған кезде компания басшысы қызметкерлерге төрт күнде жұмыс өнімділігі 100% бұрынғы қалыпта сақталып тұрмаса, қайтадан қалыпты режімге қайтып оралатындарын айтты. Бұл оларға үлкен мотивация болды», - дейді ол.
Бір айта кетерлігі, бұл эксперимент жалғыз Тынық мұхитының оңтүстігінде ғана жүргізіліп қойған жоқ. 2016 жылы Исландиядағы Рейкьявик үкіметі кейбір муниципалды кеңселердегі қызметкерлердің жұмыс аптасының жартысын қысқартқан бір жылдық тәжірибенің нәтижелерін жариялаған болатын. Эксперимент нәтижесі көрсеткендей, бұл жағдайда, яғни, қызметкерлердің кеңседе өткізілген аз уақытына қарамастан, компания шығыны да, еңбек өнімділігі де бұрынғы деңгейде қалған.
Швеция да кейбір жұмыс берушілермен сот процесінен кейін осыған ұқсас тәжірибе енгізген болатын. Бұл елде кейбір стартаптар мен қарттар үйі дейін 32 сағаттық жұмыс аптасына қол жеткізген болатын.
«Жалыққаннан өліп кету» атты тіркесі бар Жапонияда да үкімет «Жарқын дүйсенбі» атты шараны қолға алған еді. Оған сәйкес кейбір компаниялар қызметкерлеріне дүйсенбі күні жұмысқа түстен кейін келуге рұқсат береді.
«Жалпы, қызметкердің жеке өмірі мен жұмысының арасындағы баланс компанияның да ақшасын үнемдеуге көмектеседі. Себебі бақытты қызметкердің жұмыстан кетіп қалуы екіталай», дейді Оксфорд университеті бизнес мектебінің экономика және стратегия профессоры Ян Эммануэль Де Неве. Ол өз зерттеулері арқылы адамдардың көпшілігі өміріне қанағаттану үшін жұмыс пен жеке өмір арасындағы баланстың болуына басымдық беретінін анықтаған. Оның айтуынша, бұл ретте тіпті жұмыстың қызықты-қызықсыз болуы да кейінгі орынға шегеріле берген.
«Компаниялар қызметкерлердің өз орнында қалғанына мүдделі. Себебі олардың ауысуы компанияға қымбатқа түседі. Айта кету керек, 1930 жылдың өзінде Джон Мейнард Кейнс атты экономист жақсы технологиялар мен өнімділіктің артуының арқасында адамдардың аптасына 15 сағат жұмыс істеу керектігін айтып кеткен», - дейді World Happiness есебі редакторларының бірі Д.Кейнс.
Аптасына бірнеше сағат жұмыс істеу мүмкін бе?
Ендеше, бұл мәселе қалай шешілуі мүмкін? Біз жұмыс аптасын қаншалықты қысқарта аламыз? Аптасына төрт сағат қана жұмыс істеуіміз мүмкін бе?
Шамамен он жыл бұрын Тим Феррисс атты автордың «4-Hour Workweek» атты кітабы жарық көрген болатын. Онда күніне екі рет электронды поштаны тексеру, жұмыс барысын да күніне бірнеше рет қадағалау, тиімділікті арттыру үшін онлайн таймерлерді қолдану секілді теориялар айтылған. Дегенмен, аптасына бірнеше сағат қана келетін қызметкерлермен жұмыс істегісі келетін компаниялардың болуы мүмкін емес. Ал Ферристің бұл кітабы жеке жұмыс өнімділігін арттырғысы келетін жандарға арналса керек.
Дегенмен, аз жұмыс уақыты адамдардың өнімділігін арттыратыны ақиқат. Бұған жұмыс аптасын қысқарту арқылы командасының жұмыс істеу тәсілін өзгерте алған Perpetual Guardian компаниясы дәлел бола алады. Компания жүргізген эксперимент барысында төрт күндік жұмыс аптасында қызметкерлердің барлығы жұмысқа уақытында келіп, ешқайсысы ерте кетіп қалмаған. Сондай-ақ олар ұзақ үзілістерді де өткізіп жіберіп отырған. (Айта кету керек, қызметкерлер әлеуметтік желілерге күн сайын орташа есеппен екі сағат уақытын жұмсайды.
Жалпы, аптасына төрт сағат болмаса да, жұмыс аптасын екі немесе үш күндік қылуға шамамыз жетеді ме?
«Бұл оңай емес, себебі тіпті төрт күндік жұмыс аптасының өзінде шығындардың кірістерден де асып түсетін кездері болып тұрады», - дейді сарапшылар.
Жоғарыда айтылған Швеция мен Жаңа Зеландиядағы эксперименттер бүкіл әлемнің назарын өзіне аударған белгілі. Дегенмен, бүгінде біз бұл тәжірибелердің салдары туралы мүлдем естімейміз. Мысалы, АҚШ-тың Орегон штатындағы (Портленд) онлайн білім беретін Treehouse атты компания төрт күндік жұмыс аптасын сынақтан өткізіп, қайтадан 40 сағаттық жұмыс аптасына оралған болатын.
Treehouse компаниясының маркетинг бойынша директоры Меган Дорси BBC Capital басылымына берген сұхбатында стандартты бес күндік жұмыс аптасы, сегіз сағаттық жұмыс күні компанияның серіктестігін арттырған. Сонымен қатар клиенттердің көпшілігі стандартты жұмыс уақытында қызмет алғысы келетіндерін айтқан.
Свартдален көмек көрсету орталығындағы швед эксперименті туралы да осыны айтуға болады. Бұл жерде де тәжірибе ұзаққа созылмаған. Орталықтың баспасөз менеджері Хенрик Далбергтің айтуынша, олар да тәжірибені соңына дейін жеткізбей, 40 сағаттық жұмыс аптасына қайтып оралған. Неліктен? Себебі көмек көрсету орталығындағы күнделікті алты сағаттық жұмысқа қызметкерлер үлгермегендіктен, компанияға қосымша қызметкерлер алуға тура келген. Бұл ең соңында әлеуметтік сектордағы жергілікті бюджетке кері әсерін тигізген. «Осы жағдайлардың барлығын ескере келе, жұмыс уақытын бірден қысқартудың шындыққа айналатынын болжау қиын», дейді Дальберг. Оның айтуынша, үкімет пен кейбір компаниялар осыған ұқсас тәжірибелер жүргізіп жатыр. Дегенмен, білікті әрі соған сай оқытылған персоналдың болмауы мен экономикалық жағдайлар оған үнемі кері әсерін тигізеді.
Әрине, осы күнге дейін қысқартылған жұмыс аптасымен табысты жұмыс істеп келе жатқан компаниялар жоқ емес. Мысалы, 13 жыл бұрын Toyota компаниясының зауыттарының бірі алты сағаттық жұмыс күніне ауысып, әлі күнге дейін осы тәртіппен жұмыс істеп келе жатыр.
Дегенмен, Жаңа Зеландиядағы тәжірибенің басы-қасында болған профессор Хаардың айтуынша, компания аптасына төрт күннен де аз уақыт жұмыс істеуге көшкенде ғана шығынға ұшырайды.
«Менің ойымша, жұмыс аптасын бес күннен тек төрт күнге ғана қысқартуға болады», дейді Хаар. Оның бұл ойымен Окфорд профессоры Де Неве де келіседі. «Жұмыс аптасын қысқарту туралы дау әлі ұзақ болады. Бірақ, менің ойымша, алтын нүкте – бес күннен төрт күнге ғана қысқарту», - дейді ол.
Ал Perpetual Guardian тәжірибесіне келер болсақ, компанияның баспасөз хатшысы тәжірибе нәтижелерінің әлі де қарастырылып жатқанын айтты. Яғни, компания басшылары соны ескере отырып төрт күндік жұмыс күнін тұрақты ету-етпеу туралы шешім шығаратын болады.
Baq.kz
18 қыркүйек 2018 ж. 1 211 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№34 (9198)

30 сәуір 2024 ж.

№33 (9197)

27 сәуір 2024 ж.

№32 (9196)

23 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031