Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Төгіледі қаламымнан әсем жыр…

Төгіледі қаламымнан әсем жыр…


Жезқазған өңірінде туып өскен Абдраман Бөпейұлы көп жылдар бойы шахтада мастер болып еңбек еткен. Зейнетке шыққан соң «Жезқазған таңы» газетіне мақалалары мен өлеңдері үзбей шығып тұрған. Белгілі айтыскер ақын Шынболат Ділдебаевтың ұстазы болған. 1994 жылы қайтыс болған соң, баласы Жеңіс Абдраманов әке аманатын орындап мәйітін Төңкеріс елді-мекенінің қорымына «Парманқұл» атамен қатар жерлейді. Туыстық әрі достық жүрегі соны қалаған шығар. Абдраман ақсақалдың бір топ өлеңдерін халықтың жүрегінде жүрсін деген оймен оқырман қауымға ұсынғанды жөн көрдік.

Қазағыма
Көп жүрдім, көп жасадым, көпті көрдім,
Аралап дәмін таттым талай елдің.
Өз елін кім де болса мақтан етер,
Шын болса таласы бар оған кімнің.

Бірімін мақтаушының туған елін,
Аспанға шығаратын жетсе білім.
Өмірді қазақ халқы қалай сүрді,
Жас ұрпақ білмейді ғой мыңнан бірін.

Қазақтың ол кездегі берекесі,
Қайырымды әділ болған ел егесі.
Үлкен айтса мақұл деп қабыл алған,
Кейінгі іні, қарындас немересі.

Үлкеннен білім алған адаспаған,
Сыйласу, кісі күту содан қалған.
Қазаққа әйгілі атақ, данқ берген,
Топырағың торқа болсын ата-бабам!

Жаратқан қазақты Алла артық етіп,
Айтамын артықтығын көзім жетіп.
Төрі кең, есігі ашық әрқашан да,
Келгенді қарсы алады қабыл етіп.

Сипайды барын беріп кім болса да,
Ақжарқын көңілі шат от басында.
Ішіп-жеп келген қонақ аттанады,
Жөн сұрау ата жолы ол басында.

Басқа елге қазағымды теңгермедім,
Айтады кімде болса көз көргенін.
Сияды не деп айтсам мақтауыма,
Қазақтай кең пейілді ел көрмедім.

Өсиеттері
Тіршілік не бар екен сенен қымбат?
Пенде жоқ дүниеде мәңгі тұрмақ.
Сұм жалған, сен алтайы қызыл түлкі,
Ойлансаң өткендердің сөзін тыңдап.
Данышпан небір әзиз келіп кеткен,
Тұра алмай бұл жалғанда етіп тағат.
Анаңның құрсағынан түссең жерге,
Ерте-кеш әйтеуір бір кетуің хақ.
Отырмыз күнделікті сыйласумен,
Біріміз-бірімізге болып қонақ.
Мағынасыз аз өмірге араласып,
Біз пенде әуреленген дүние жинап.
Қайткенде көбейтем деп дамып көрмей,
Жүреміз жанды қинап сарсаң болып,
Болымсыз болмашыны кейде көріп.
Алсаң деп біреуді алдап, біреуді арбап.
Жалғанда қанағатсыз біз бір пенде.
Өлгенде топыраққа көзің тоймақ.
Өткендер не әкетіп бара жатыр?!
Бәрі де біле білсек бізге сабақ.
Шіркін-ай бар қымбаты сол емес па,
Кез болып адал досқа көңіл сипап.
Қу нәпсің тоқталатын болды кезің,
Бар жақты жақсы-жаман көрді көзің.
Тоқтатып нәпсің тыйып қалам ұста,
Артыңда аз да болса қалсын сөзің.
Досыңның жүрегіне қаяу салма,
Пәниден жұмылғанша екі көзің.

Зұлмат заманға
Ұл – атадан айырылды, қыз – анадан,
Дариға артта қалдың ата мекен.
Бұйырған пәнде дәмін татады екен,
Бір жүрген құрбы-құрдас еске түссе.
Қайғысы қабырғаңа батады екен,
Қазағым қасиетті қайран елім.
Бекініп тәуекел деп байла белің,
Абайлап жан жағыңа көзіңді сап.
Мекенің, туып өскен қайда жерің?
Әр қайсысың әр салаға қонып алып.
Құлашты кең далаға жайған едің,
Еркіңмен ертелі-кеш көшіп қонып.
Тұнық су, көк шалғынды жайлап едің,
Сапырып сары қымыз дәрі орнына.
Биені шұрқыратып байлап едің,
Қозыны қонақ келсе таңдап сойып.
Жал-жая, қазы-қарта шайнап едің,
Япырмау, қалай болды мына заман?!
Ұл-атадан айырылды, қыз анадан.
Баланың баласына айтып жүрер,
Көзімен бұл қайғыны көрген адам.

Абдраман Бөпейұлының мұрағатынан жазып алынған.
Әшірбай Құндызбай.

***

САРА СӨЗДІҢ САРДАРЫ
(Жазушы Оразбек Сәрсенбайдың рух­ына)

Әлі есімде
Секілді бала бүркіт,
Жүрген кезім он бесте алабұртып.
Әкем әкеп беретін газеттерді,
Қалмасын деп оқудан талабы үркіп.

Оқитынмын бас алмай бастадым ба,
Қаймақ түгіл, қалдырмай қаспағын да.
Таныс едім басылған көзіме оттай,
Бір күндері беттерін ашқанымда.


Желпіндірмей қуаныш қоя ма шын,
«Көрдің бе, апа?! – деймін кеп:
– Ой анашым!
Алған тұтас «Лениншіл жастың» бетін,
Сәрсенбаев ағаның поэмасын!»

Күй кешкендей алапат аспаның да,
Буырқанып шабытың жас қаныңда.
Тұрды рухы даланың сонда өзіңнің,
«1961...» дастаныңда.

Бірақ дауға тап болдың қас-қағымда,
Сыр жатыр деп сарнаған басқа мұнда.
Шабармандар шаптығып шыға келген,
Қызғаныштан көбейіп қастарың да.

Қиянатқа төзеді қай ізгі арың,
Күншілдердің қандырып айыздарын.
Компартия сьезі мінбесінен,
Сыбап жатса пенделер тайыз дарын.

Ермегіне айналып ер ептінің:
«Бұған мұнша беріпті деректі кім,
Тұстары көп қоғамды қаралаған, –
Деген бірі, – тексеру керек түбін».

Мұның бәрін білсең де қайшы ұғымға,
Қарсы алғансың қасқиып қай сынын да.
Алматыдан елге кеп айлап жатып,
Жазып жаттың боратып «Байсыныңда».

«Даңқың» тарап, жар салдың
хақтың шынын,
Келді айналып көтерген бақ тұмсығын.
«Ясная Полянасы» Толстойдың,
Болды өзіңе ақ ордаң – «Аққұмшығың».

«Жалғыз күрке», «Сағымың»,
«Бақыт құсың»,
Берді айғақтап бейнелеп уақытты шын.
Шырқап шығып сен
«Жаңа тұрмысыңнан»,
Айды аспанға шығардың – бақыттысың.

Етек емес, бұйырды төр бағыңа,
Жыға алмады жоралар орға мына.
Сардарынан сен едің сара сөздің,
Қара сөздің айналдың қорғанына.

Сілкіндіріп сананың сан сұрағын,
Алаулатса жырларың жан шырағын.
«Таңбалы тас», «Тамырың», «Шеңберіңмен»,
Жарқыраттың шындықтың
«Шамшырағын».

Сырдың суын, ауасын, топырағын,
Жаздың мына заманның тоқырауын.
Зиялысын, диқанын, батырын да,
Жыршысын да ағытқан нөпір әнін.

Жүректерді жылытып от ұраның,
Жасындайын жарқ еттің о, пырағым.
Өкініштер өзекті өртегенде,
Өзіңді ойлап, Ореке, отырамын.

Ғұмыр бойы аялап арманыңды,
Бақи болып ойлаған жар бағыңды.
Ойсыратып кеткенде өкініші,
Шарасыздан шайнадың бармағыңды.


Жерідің бе жанардан әсіре тым,
Тексіздікті кешірмес – қасиетің.
Жар қайғысы қосылып, кетті ме екен,
Асқындырып жүректің қасіретін.

Жан жарасын жандардың жиі ұққансың,
Имансызды иманға ұйытқансың.
Көрсеткен де өзіңсің біле білсек,
Тура жолды шығатын тұйықтан шын.

Рисалаңнан ойларың тараса тың,
Ұмытылмас бұл мәңгі дара сәтің.
Жазған да өзің қанағат қағидасын,
Пенделердің пайымдап парасатын.

Бір-ақ келер дүниеге дүр жандайсың,
«Кеңсайыңнан» тараған нұрдан байсың.
Енді бүгін «Адамның құны қанша?»
Екенін де бізге айтып тұрғандайсың.

Құлақ түріп біз ұдай жүрдік үнге,
«Өмірнамаң» шақырып нұрлы күнге.
Білсең «Менің мекенім» өзіңді іздеп,
«Жарық дүниең» жабырқап тұр бүгінде.

Мұрат КҮЛІМБЕТ.

***

Наршоқылық нар тұлға

Жүрген жерде жан-жағына
жарық шашқан нұрлана,
Тәуелсіздік келгеннен соң алған
айқын шын баға.
Еркіндікті, азаттықты аңсап өткен мәңгілік,
Қалам ұштап жыр арнайын
Мұстафадай тұлғаға.

Жастайынан сурет ашып әліпбиді таныған,
Тектілігі Торғай датқа атасынан дарыған.
Түркістан деп, қазағым деп
отқа түсіп өртенді,
Сұлутөбе маңындағы
Наршоқылық нар ұлан.

Жас жеткіншек жанына
тек жақсылықты жинады,
Жүрегінде Алла құйған болды
білім иманы.
Тәкәппар, паң, текті ұлан
ішіп-жемін ойламай,
Туған елдің болашағын
ойлап жанын қинады.

Кең жүрегін бір Алланың мол
нұрына аштырып,
Туған елге орнатам деп
теңдікпенен жақсылық.
Білім іздеп Ташкенменен
Петерборға бет бұрды,
Иманжүзді, орта бойлы,
қарыс маңдай жас жігіт.

Оқу оқып, тіл ұстарып,
ой мен сана өңделді,
Талай-талай қырдан асып асу,
қия, бел көрді.
Қабілетті, қағылез ұл білім жинап жанына,
Орыс, өзбек, поляк, түрік,
неміс тілін меңгерді.

Кеңес дейтін кер заманның
тірлігінен түңіліп,
Туған елін көп ойлады
жатқан құрып, бүлініп.
Армандады Түкістандай
тәуелсіз ел құрсам деп,
Бөкей ханның шөбересі
Әлиханмен бірігіп.

Кеңес елі танып білмей
Мұстафадай дарақты,
Елін сатқан, жерін сатқан
опасыз деп санапты.
Ал Мұстафа Еуропада
поляктарды таңғалтып,
Сыртта жүріп «Яш Түркістан»
дейтін журнал таратты.

Еркіндік пен тәуелсіздік –
болып мәңгі арманы,
Қазағының қамын ойлап атты
талай таңдары.
Мұстафаға серік болып
қосын жегіп қасына,
Бірге жүрді Мария атты
құдай қосқан жан-жары.

Кеңес елі «сатқынсың» деп бөлсе де
ел іргеден,
Түркістан деп, қазағым деп
сөйлей білді мінбеден.
Дүниежүзілік сұм соғыста
арашашы боп елге,
Мың-мыңдаған мұсылманды
құтқарды тар түрмеден.
Бой бермеген алдан соққан
құйын жел мен салқынға,
Тектілікпен кішірейіп
түсірмеген нарқын да.
Тәуелсіздік таңыменен елге
бірге оралды,
Маң-маң басқан Мұстафа атты Наршоқылық нар тұлға.

Қырмызы Айқынбай.
Бала би ауылы.

***

Еңбекпен ризыны тапқан аудан

Жер жетпейді жаһанда Шиеліме,
Шиелімді мен шексіз сүйемін де.
Тоқсан жылдық мерейлі үлкен тойын,
Тосырқамай қосамын жүйелі үнге.

Қаратаудың төсінде жатқан аудан,
Еңбекпенен әр таңы атқан аудан.
Ел тізгінін ұстайтын тау тұлғалы,
Ертелі-кеш ерлерді тапқан аудан.

Тарих сырын тереңнен ұққан аудан,
Қиындықты қиналмай ұтқан аудан.
Жақаевтай атамыз басшы болып,
Қырық бір Еңбек Ері шыққан аудан.

Қырандай шыңнан қолын бұлғап көктен,
Еңбекпенен өр елін шыңдап та өткен.
Әбділда, Қалқамандай шайырларым,
Келешегін елінің жырлап кеткен.

Күз келгенде күрішін орған аймақ,
Күллі Алаш жұртына қорған аймақ.
Жасыңа жас қоса бер, гүлдей жайнап,
Басына бақ пен дәулет қонған аймақ.

Шерәлі Үркімбаев.

***

Біздің ауыл

Туып-өстім ауылда,
Қозы бақтым жауында.
Той-тойлаймын күз келсе,
Тойып алып қауынға.

Ізін қуып ағаның,
Жақсы баға аламын.
Ауылымды мен шексіз,
Сүйіп өтер баламын.

Көркейтемін бұл жерді,
Үлкен қала саламын.
Қарттарменен жастарға,
Мен осылай жағамын.

Кішілерге үлгі боп,
Көңілдерін табамын.
Болмау үшін кеш тіпті,
Білім ал деп естіпті.
Көркейтем деп ауылды,
Күнде аламын бестікті.

Нұртілек Дүйсенбі,
№214 орта мектептің
оқушысы.
18 қыркүйек 2018 ж. 852 0