Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақтөбеде жаңа демалыс орындары бой көтереді

Ақтөбеде жаңа демалыс орындары бой көтереді

Ақтөбенің өз «арбаты» болады. Қаланың орталық даңғылында жаяу жүргіншілер жолы мен гүл бағы салынып жатыр. Мұнда шағын сауда орындары мен дәмханалар орналасады. Биыл қалада бірнеше саябақтың құрылысы жүріп жатыр. Сәулетшілердің айтуынша, әрқайсысының өзіндік ерекшелігі болады. Арбаттың ұзындығы бір шақырымнан асады. Көше бойында фудкорт, гүлзарлар мен түрлі мүсіндер орналасады. Орындықтар, әткеншектер мен арт-нысандар қойылады. Ал орталық стадион алдындағы алаңда субұрқақ пен суретшілер аллеясы ашылады. Қаладағы тағы бір ірі жоба келесі жылы халық игілігіне тапсырылады. Тұңғыш Президент атындағы ең ірі саябақ кеңейтіліп жатыр. 90 гектар алаңда демалыс кешені болады. Саябақтың бұл бөлігі «Астана» деп аталады. Құрылысы елорданың жиырма жылдығында басталды. Алаңға Астананың нышанына айналған мүсіндер қойылады. Бақтыбай Піржанов, құрылыс нысанының басшысы: – Скульпторлық мүсіндер, Аркалар, амфитеатрлар болады. Бізде техника жеткілікті. Қазан айына дейін жұмыс істейміз. Қалған жұмыстарды 2019 жылы тапсырамыз. Былтырдан бері қалада 26 саябақ пен гүл бағы салынды. Әрқайсысының қайталанбас стилі бар. Мысалы, «Денсаулық» деп аталатын саябақта түрлі спорттық жабдықтар көп. Мұнда демалыс күндері салауатты өмір салтын насихаттайтын шаралар өтіп тұрады. Саябақты облыстық денсаулық басқармасы салып берді. Екіншісі балаларға арналған. Бұл жерде ойын алаңдары көп. Ыбырайым Күзбаев, қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы: – Саябақтарды салуға қаладағы барлық кәсіпорын, мекеме ат салысты. Тұрғындар демалысын қызықты өткізетін жерлер көбейді. Биыл және келесі жылы тағы 10 саябақтың жобасы жасалып, құрылыс жұмыстары басталады. Биыл қалада алғашқы аквапарк ашылды. Саябақ аумағында орналасқан нысанда 3 ашық бассейн бар. Одан бөлек, ойын алаңдары мен жағажай орналасқан. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде болашақта тағы бір аквапарк пен цирк салынады деп жоспарланған.

www.24.kz
28 тамыз 2018 ж. 2 321 0