Балмұздақтың қыр-сыры
Балмұздақ - жылдың кез келген маусымында кез келген жастағы адамның жалықпастан жеуіне болатын дәмді тағам. Балмұздақтың пайдасы мен зиянын көңілге тоқып алған болсаңыз, бүгін осы тәтті тағам жайындағы сіз естімеген ең қызықты деректерді назарларыңызға ұсынамыз. • Тарихшылардың айтуынша, балмұздақ осыдан 5000 жыл бұрын пайда болған. Б.з.д 3000 жылдары Қытайда дастарханға апельсин, лимон, анар кесінділері араластырылған қар мен мұз қойылатын болған екен. • Ресейде сүтті мұздатып дастарханға қою – ежелден келе жатқан дәстүр. Олардың сүзбені, қаймақты мұз қылып қатырып, жүзім мен қант қосатын тағамдары кең сұранысқа ие болып келеді. • Жаз мезгілінде әлем бойынша әрбір үш секунд сайын балмұздақ сатылады екен. АҚШ-та жыл сайын әрбір азамат орташа есеппен 20 келі балмұздақ сатып алады. • Әлем халықтарының ең сүйіп жейтіні – кілегей балмұздағы, одан кейінгі орында шоколад және жеміс балмұздағы тұр. • Бәрімізге жақсы танымал «Эскимо» алғашында «эскимо-пай» (эскимос бәліші) деп аталған. Бұл - шоколадпен глазурленген әлемдегі тұңғыш балмұздақ. Оны жасап шығарушы – Кристиан Нельсон есімді америкалық еді. Ол өз балмұздақтарын қала аралап сатып, эскимостар туралы фильм көрсетіп жүрген екен. • Венесуэллалық Coromoto атты балмұздақ-кафесі өз келушілеріне 709-ға жуық балмұздақ түрін ұсынады. Бұл әлемде ешбір жерде жоқ көрсеткіш. Ол жерден пияз, шошқа шыжығы, сәбіз, қызанақ, сыра, майшабақ, спагетти, сарымсақ, тіпті ащы бұрыш қосылған балмұздақтарды жеуге болады. • Балмұздақтан жасалған әлемдегі ең үлкен тортты Пекинде жасап шығарған. Торттың ұзындығы 3 метр ғана болғандығымен, салмағы 8 тоннаны құрайды. Балмұздақ торты – балалардың «Балмұздақ тауы» атты қойылымдарының құрметіне әзірленген болатын. • Ең қылмысты балмұздақ 2002 жылы Чилиде тіркелген. Полиция қызметкерлері шоколад балмұздағының ішіне кокаин тығып жасырып жүрген көше саудагерін әшкерелеген. • Әлемдегі ең қымбат балмұздақ нью-йорктық Serendipity мейрамханасында сатылады. Бұл мадагаскарлық ваниль толтырылып, жеуге жарамды алтын жапырарқтармен және әлемдегі ең қымбат шоколадпен жабылған таитяндық балмұздақты жеу кім-кімнің болсын арманы. Балмұздаққа қоса гарнир ретінде Парижден әкелінген экзотикалық жемістер беріледі. Ең бастысы, өзіңізбен бірге алып кетуге болатын алтын жалатылып, бриллинатпен безендірілген қасық ұсынылады.
Massaget.kz
Massaget.kz