Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыздық Боқайұлы туралы сөз

Сыздық Боқайұлы туралы сөз

Шиелі аудандық «Өскен өңір» газетінің 1982 жыл, 22 ақпандағы санында мынадай қазанама жарияланды: «1931 жылдан КПСС мүшесі Сыздық Боқаев 89 жасында дүниеден қайтты». Аудандық партия комитетінің 1-секретары О.Бәйімбетов бастап, бюро мүшелері қол қойған қазанамада оның 1893 жылы Перовск уезі, Переченск болысы, Керделі ауылдық советінде шаруа семьясында дүниеге келгені, алғашқы еңбек жолын колхоздастыру артелін ұйымдастыру кезеңінен бастағаны айтылады. Оның іскер коммунист екені ерекше атап көрсетіледі.
Иә, бұл Сыздық Боқайұлының толық өмірбаяны емес. Бала күнінде екі жас үлкен ағасы Ыбырай екеуін әкелері төте оқуға береді. Сыздық арабша жазылған әріпті қағып алады, Ыбырай болса, кең далаға ойлы жүзбен көзін жыпылықтатып қарайды да отырады. Үш күннен соң: «Осының маған керегі не, сен оқы, мен ауылға барып кетпен шабам» – деп, күн бата інісін тастап, сытылып кетеді. Оның түсіне кетпен аян берген еді. Бақытын да кетпеннен тапты. Бұл ел-жұртқа белгілі әңгіме.
Сыздық болса, төте оқуды бітіріп, шаруашылық жұмысына араласты. 1929 жылы колхоздастыру кезеңінде аудандық партия комитетінің 1-секретары Шушанян деген армян азаматы «Қызылту» колхозы – қазіргі Ыбырай Жақаев ауылының қадасын қағарда: «Боқаев жолдас, арамыздағы жалғыз партияға кандидат өзіңіз екенсіз, сіз не айтасыз?» дегенде, «Еңбекке шықсақ, қызыл ту ұстап шығамыз, соғысқа шықсақ, қызыл ту ұстап шығамыз, кеңсеміздің алдында қызыл ту желбіреп тұрады, колхоздың аты «Қызылту» болсын дегенде, онда «Қызылтудың төрағасы өзіңіз боласыз» – деді сенім артып. Сонымен, «Қызылту» колхозы өмірге келді. Шиелі каналы – «Дәу канал» қазылды. Ыбырайдың аты шықты. Каналды қазу оңайға түспесе, адамның үстінен адам жазған арыз-шағымның шындығын дәлелдеу де оңайға түспеді. Өмір шіркіннің көзімен қарасақ, бұл – басқа ұлттармен салыстырғанда біздің қанымызға сіңген бір оғаш қасиет екен. Д.А.Қонаевпен көп сөйлестім, Ыбыраймен ағалы-інілік сыйластығы жайлы көп жаздым. Сонда бірде Димекең: «Ыбекең жетпісінде екінші Жұлдызды тағуы керек еді, сенің ауылыңның күңкілі көп болды», – деді миығы тартып. Бұл да шежіре кісінің өмірде көзбен көріп, қолмен ұстағанын сыздықтатып сыр ғып жеткізуі еді.
Сол кезде Ыбырай ұңғысы тостағандай кетпенімен топырақты үн-түнсіз жағаға атса, оның үстінен жазылған арыз-шағым да қара топырақтай қаптады. Сондағысы – Боқаев тек өз туған-туысын тартып, көтермелеп жатыр деген қазақы әуен. Оу, Ыбырайдың жалғыз баласы Ақылбек сұрапыл соғыста опат болды деген қаралы қағаз келді. Оған кеудесіне таққан темір не керек? Қырық бірінші жылы өкімет берген «Еңбек Қызыл Ту» ордені ғой жұртты ашындырып, айызын қандырып жүрген. Облыстың бас агрономы Әнес Алтынбеков арыздың «кейіпкерін» арнаны жағалап жүріп сырттай бақылап, көргенін бюрода баян етті. «Кетпен шабудан басқаны білмейтін біртүрлі адам, түскі асқа да зорлап шығарғандай боласың. Жұрт топырақты зембілге салса, ол бірден жағаға атады. Тек топырақпен тілдескен бір құпия дүние. Егер, Жақаев деген осы болса, онда Шиелі каналы да осы дер едім», – деді нық сөйлеп. Көкөрім Сартай Маханбетова, Заһира Ержанова, Ұлбала Алтайбаева, Шырынкүл Қазанбаева, Бибіхан Түменбаева, Рабиға Жүсіпова, Мәрияш Қарабаевалар Ыбырайдың қасында жүрген қолының қаруы бар қыз-келіншектер еді. Олар көк көзі зәр шашып Сыздық келе жатқанда «Көкем келе жатыр» дегеннен басқа ештеңе айтпайды, тек кетпен сабын қыса ұстап, нық сермейді. Олардың атын шығарған да Сталин заманының қатаң тәртібі мен тазалығы еді.
«Қызылту» колхозы өрледі, миллионер шаруашылық атанды. Сыздық пен агроном Әнес Алтынбеков Ыбырайдың еңбектегі алтын тұғыры болды. Сыздық орысша оқып, сауатын ашып, кейіннен Мәскеудің жоғарғы партия мектебінің курсын тәмамдады. Өндіріс бригадирі, ауылдық совет төрағасы, Шиелі аудандық партия комитеті кадрлар бөлімінің бастығы, Жаңақорған аудандық советі атқару комитетінің төраға орынбасары болды. Ол шәкірт тәрбиеледі. Соңынан ерген Социалистік Еңбек Ері Байдүйсен Оразов, «Ленин» орденінің иегері Қойшыбай Оразымбетов, Әлиакбар Әбішев, шаруашылық басшысы болған Жәлел Қонаев, Байтілес Жүсіпов, Жантөре Түгелбаев, Шүкән Аманбаев тағы басқаларды өзінің қатаң талабымен қатарға қосып, тізгін ұстауды үйретті.
Үш эпизод келтірейін. Екінші ұлы Балтабек Жалағаш ауданында прокурор болып барғанда, аудандық партия комитетінің 1-секретары Қонысбек Қазантаев: «Әкеңді білем, ол кісіден көп үйрендік. Әкеңе тартсаң жаман болмассың» деп сынай қарады. Ал, мен 1977 жылы үйленетін боп, екі әкем – Ыбырай мен Сыздық тоқсанға тақаған шағында Алматыдағы қоңыраттарға құда түсе келді. Құданың үйіне Шиелі мен Жаңақорғанның игі жақсылары жиналды, Әбілда Тәжібаев, Мұхаметжан Қаратаев, Шаһмардан Есенов, Мұхтар Әлиев, тағы басқалар арқа-жарқа бас қосты. Сонда Шаһмардан Есенов Сыздыққа: «Әкем туралы айтыңызшы, сіз көрдіңіз ғой, деп қолқа салды. Сыздық: «Жорабек батыр еді ғой» деп бастап, көзі ашық азаматты соңғы рет көргенін айтты. Әкеден көкөрім шағында қалған, алпысты алқымдаған академик асқар тауын көргендей ұйып тыңдап, бір рақаттанып қалды. Ал, ЖенПИ-дің доценті Өскенбай Қисықов деген жаңақорғандық азамат: «Бұл кісі әулие ғой, мен Жаңақорғанда қарауында істедім» деп, балаша қопаңдап, бір коньяктың тығынын ашып қойыпты.
Атам әңгімешіл еді. Сөзді баяу бастап, баппен айтатын. «Шежірені білген дұрыс, бірақ, оны еңбек етуге, өмір сүруге қолданбау керек» дейтін. Оның астарында көп сыр жатыр. Кезінде «Еңбекші» ауылы құрылып, «Қызылтудан» көшкен тәуірлер атқа мініп, «Көдрекепті» (Кудря бауы) кесіп өтіп кеп, әңгіме тыңдайтын. Ауылдағы інілері: Ибрагим Шоқаев, Қойшыбай, Әлиакбар, Қалдыбек, Жантөрелер ақыл-кеңес алысатын. Арасында ұрсып та алатын. Ұрысқанда сыпайы сөзбен сипап айтып, ағалығын алға салатын. Екі жас үлкен Ыбырайды әркез алда ұстап, құрмет көрсететін. «Әуелі Ыбекеңе барыңдар» дейтін. Ол кісі: «Сыздық біледі» деп, келгендерді кері қайтарып жіберетін. Екеуі ағалы-ініліктен өлгенше ажырамады, ағасын сыйлаудан мүлт кеткен жоқ.
1963 жылы Шиеліде жантүршігерлік оқиға болды. Арына тиген орысты Жұмабай Бегалиев аямады, о дүниеге аттандырды. Сот интернационалдық талапты іске асыра отырып, ату жазасын берді. Ағайын жиылып, Ыбырайды араға салмақшы болды. Бірақ, мұндай қатерлі іске тумысында таза адамның бара қоюы екіталай еді. Сонда інісі ағасына кеп: «Алланың жазуын өзі көре жатар. Бізге өкпелемей кетсін, қолыңды қой» дегенде, үн-түнсіз «Ж» деп қолын қойып, жоғарғы кеңес өлім жазасын 15 жылға ауыстырды. Бұл да кішінің сөзін тыңдап тұрып адамды сыйлау, Шолоховтың «Адам тағдырындағыдай» кейінгілерге ұлағат, намыстан жаралған адам деген пенденің бет-бейнесі деп білеміз.
Өмірде Сыздықтың жақсы інілері болды. Олар жігіт шағында Сталин заманының қатаң талабымен жұмыс істеген адал адамды бағалап, аға тұтып өтті. Исатай Әбдікәрімов Шиеліге келсе, Ыбырайдан кейін Сыздыққа келіп сәлем беретін. Ғафур Мұхамеджанов та ардагерлер кеңесі бола қалса, қасынан кетпей, әңгімесін тыңдап, ақыл-кеңес бөлісетін. «Қызылтуға» ширек ғасыр төраға болған Рахмет Нұрекеев болса, әркез шаруашылықтың жай-күйін айтып, ұстаз ағаға деген ілтипатын жоғалтқан емес. Олардың кісі қызығарлықтай бір адамгершілік шекарасы болатын. Бір оқиға: Шиелі аудандық ауруханасының бас дәрігері Смайыл Кәрімбаев Сыздықтың өкіл баласы еді. Қашан да қалт жібермей қасынан табылатын. Шал 75 жасында соқыршек боп бүк түсіп үйінде жата берді. Өлуге айналған шағында қызы Разия Кәрімбаевқа барып айтып, өзі кеп алып кетіп, жарылған соқыршекке операция жасап аман алып қалды. Сонда айтқаны: «Смайыл, осы сен соқыршекті қалай көріп тұрасың?!» деп таңқалып. «Доғдыр ғып оқытқан өзіңіз ғой, көке!» дейді баласы. Мұндай суреттер өмірде аз емес.
Боқай баласы рахымы күшті жан еді. Кісіге жақсылық істеуге дайын тұратын. Оның жақсылығын көріп, өмірден өз жолын тапқандар аз емес. Қаталдығы мен қайырымы қатар жүретін қаһарлы адам Сталин дәуірінде қырқым науқанында жүн ұрлаған сорлыға екі талап қояды – «не сотталасың, не болмаса ел асып, көшесің» дейді. Елдің бетін көрмей тәжік асып кеткен сұғанақ кемелденген социализм кезеңінде ғана қайта оралып, жат-жұртта ұрпақ өрбіткен қамқорлығы үшін қаһарлы адамның аяғына жығылып, басын иеді. Сондағы айтқаны бір-ақ ауыз сөз – «Тұқымың ұры болмасын» депті. Ал, соғыстан өтірік мылқау боп келген ел адамына «Жаның басқадан артық па еді?!» десе де, өгіз арба айдатып, қара жұмысқа аямай салды. Жауды жеңгесін: «Түркістанға үш күн түнеп, сайрап кел, сені Құдай өзі жазалайды» деді жәймен ғана. Үш күн емес, бір күнде Тәңірінің құдіретіне таңқалып, аузы-аузына жұқпай сөйлеп келген ол менің мәңгілік кейіпкерім болды. Қазақстан емес, ағылшындар біздің ауылдың өлімді осылай жеңген адамымен беттесіп, кейіпкерге де, авторға да тәнті болғанын Стокгольмде өткен халықаралық әдеби байқауда проза номинациясы бойынша бәйге беріп тұрып, ағылшын жазушысы атап айтты.
Сыздық бұтағын кең жайған бәйтерек. Тұңғышы Рәзия ауылда өмір бойы дүкен ұстап, «Кәпірәтші апа» атанды. Одан қалған Ақсан мен Аманкелді де үбірлі-шүбірлі. Үлкен ұлы Уәлішер 17 жасында соғысқа қатысып, жаралы боп оралды. Сөйтіп, қазіргі заңгер-академик Сұлтан Сартаевпен бірге заң институтында оқыды, бірақ, аяқтай алмады, кеселдің кесірінен өмірден 37 жасында қыршын кетті. Соңынан ерген інісі Балтабекке: «Мен оқи алмадым, сені прокурор қылам» – дейді екен. Ол аға аманатын орындады. Балтабек «Боқаевтың баласы» деген аты болмаса, темірдей тәртіп, кірпияз талаппен өмір сүрді. Ауылда механизатор болды, КазГУ-дің заң факультетін бітірді. Төрт ауданның, Қызылорда қаласының прокуроры болды, облыстық мемлекеттік тергеу комитетін басқарды. Әділдік қанында бар адам өмірден әділ боп өтті.
Шығыс тілінің маманы немересі Ерқанат жапон қызына үйленіп, мұхиттың ар жағынан Алматыға құдалар келіп, мен төс түйістіріп тұрғанда былай дедім: «Басын ашып алайық, менің әкем тоғыз некелі болған, бірақ, бәрі де өмірден бақытты боп өтті» дегенде, самурай құданың түсі бұзылып кетіп, «Бақытты болса болды да» деп, ыржия күлімсіреді.
Шал айтса, тура айтатын, ештеңені бүгіп қала алмайтын. Тоқсан жастағы бір өкпесі көз алдымда. Тоқсанында көрген осы немересінің атын Тоқсанбай қойыңдар деп еді, бірақ, қалалықтар заманға сай емес қой деп, Ерқанат деп өзгертіп жіберді. Осыны естігенде: «Келесісін Жарқанат қойыңдар» деді көкшіл көзі шатынап. Бұл да бұра тарта алмайтын адамның бір мінезі.
Әкемнің тағдыры жеңіл тағдыр емес, әдеби теңеумен айтсақ – драма. Түзу шыққан түтіннің, гүрілдеп тартқан пештің аяқ астынан өшіп қала беруі де оңай емес. Бір емес, екі емес, тоғыз рет қайталануы да адам жанын тілгілемей қоймайды. Жер таныған диқан, ауыз әдебиеті – құйтырқы сөздің сарабдал саңлағы, Социалистік Еңбек Ері Байдүйсен Оразов тағы бір жеңгесі дүниеден қайтқанда таң атпай келіп: «Аға, сіз осы қатынды қалай өлтіресіз, соны білейін деп ерте кеп тұрмын» деуі, елге тарап кетсе де, бұл сөзде адамның қиын тағдыры, қасында тұрған азаматтың жан күйзелісі жатыр. Сталин заманындағы тар кезеңде басқа түскеннің бәрін жеңе отырып, еңбектен бір сәт қол үзбеген адамның қайсарлығы нағыз қайсарлық емес пе?! Әкемді әркез Шолоховтың солдат Соколовына, Ә.Нұрпейісовтың Жәдігеріне, Достоевскийдің князь Мышкиніне теңеп отырамын. Оны Хэмингуэйдің «Шал мен теңізіндегі» қайық есіп отырып балаға ақыл айтқан Шалға да ұқсатамын. «Адамды өлтіргенмен оны жеңе алмайсың» деген Шалдың сөзі де құлаққа күңгірлеп естіледі. Сыздық та бәрін мінезбен жеңген адам.
Маған ағам бірде: «Агроном болсайшы. Ыбырайдың дәнмен аты шықты, жерді баптағанға не жетсін», – деді сыр тартып. Мен болсам, бұра тартып, әдебиет әлеміне қарай ойысып кеттім.
Пайғамбар жасына жеттім, қалам ұстағалы Ыбырай мен Сыздықты жазып келемін. Ауылдағылар сұрамаса да Алматыдағылар, кейде республиканың түкпір-түкпіріне барғанда оқырмандар екі шалды айтып, сауал қояды. Демек, оларды ел біледі, әдебиет әлемінде кейіпкер боп аты қалды.
Кірпияз адам атақ-даңққа да кірпияз мінезбен қарады. Жұртқа орден тағып, өзі рахаттана қарап тұратын. «Еңбегінің жемісі ғой» деп күбір еткенін талай естідім. Сонда біреудің еңбектен ләззат тапқанын көріп жаны рахаттанатын. Баласы Балтабек: «Настольный сағатыңыз жүріп тұр ма?» деп әркез әзілдейтін. Ол өкіметтен алған жалғыз марапаты – үстел сағатының тық-тық еткен үнін естіп, тоқсан жасады. Шежіре адамға өмірде артық сияпаттың керегі де жоқ еді. Оның сияпаты – көзкөргендердің айтқан алғысы мен «Осындай біреу болып еді» деп, тамсана еске алуы.
Екі жыл бұрын Ыбырай Жақаевтың 125 жылдығы облыс көлемінде атап өтілді. Мен баяндама жасадым. Енді туғанына 125 жыл толған, Ыбырай ауылының шаңырағын көтерген Боқайдың Сыздығы туралы айтар перзенттік парыз сөз осы.
Осыдан 79 жыл бұрын шаңырақ көтерген «Қызылтудың» Ыбырай бастаған ардагерлері аз емес. Олар бүгінгі басты кейіпкеріміз Сыздық Боқайұлы, Ибрагим Шоқаев, Қойшыбай Оразымбетов, Нысан Шағырбаев, Ералы Түменбаев, Жантөре Түгелбаев, Әлиякбар Әбішев, Бегмаш Әшірханов, Өтеген Жұмабеков, Жұмабай мен Серікбай Бегалиев, т.б. 1961 жылы әні мен сөзін Серікбай Бегалиев жазған, бір кездері Сыр өңірінің гимніне айналған «Қызылту вальсі» әнін қайта тірілтіп, ауылда әдеби-сазды еске алу кешін ұйымдастырса ешкім де «Қой» демес еді, қайта қос қолын көтеріп құптар еді. Ауыл мен ауданның 90 жылдығы да осы шараның сыр-сипатына дәл келіп тұр, бәрінің төбесінен рухани жаңғыру деген үлкен бағдарлама қол бұлғайды. Ардагер азайып барады, біз олардың сөзін естіп қалуымыз керек. Халық Серікбайды сағынады, «Қызылту вальсін» ыңылдап айтып жүреді, оны оң көзбен көріп, оң құлақпен тыңдайтын жанашыр жүрек пен азаматтық керек.
Өмірден өтіп кеткен ардагер ұстаз Айдар Достияров деген кісінің аузынан естіген бір сөзім бар: «Сыздекең: «Өкімет жұмысы бітпейді, бітпей де қалмайды» – деуші еді. Иә, тірлік бітпейді. Бірақ, елдің іргесі енді қалана бастаған ауыр кезеңде шаңырақты бекітіп, оның уық шаншыр азаматтарын тәрбиелеп өсірген Сыздық Боқайұлындай кісілерді күнде еске алып тұрса да артық емес. Бүгінгі жиын соның бір көрінісі дер едім.
Шыңғыс Айтматовтың хиндилер өмірінен жазған «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» атты шығармасында ұрпақ алмасу сөз болады. Қос жеткіншегін қайыққа мінгізіп, өмір үйретуге шыққан Орган қарт: «Адам – ой-дүниесі ғой. Ал, адам көзі жұмыла кетсе, оның ойын келесі біреу жалғап әкетпек, одан тағы келер ұрпақ ұласар, содан солай кете бермек... Осы ащы ақиқатқа көзі жеткен қарттың жаны жай тапқандай болды» дейді. Иә, Боқай баласының да бүгін жаны жай тауып жатыр. Оның ойын, орындай алмаған арманын біздер жалғап отырмыз. Біздің ойымызды тағы біреу жалғар. Біздің мақсат – білдіру. Кейінгі ұрпақ «Білмедік, айтпадыңдар» деп, бізге наз айтпасын. Біздің көз алдымыздан Ыбырай, Сыздық, Байдүйсен, Байтілес, Қойшыбай, Әлиякбар Әбішев, Жәлел Қонаев пен Рахмет Нұрекеевтің бейнесі ешқашан кетпейді. Ұрпақ осылай жалғасады. Бұған Шиелінің топырағы куә, сіздер куәсіздер.

Қуандық ТҮМЕНБАЙ.
11 тамыз 2018 ж. 910 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№38 (9202)

14 мамыр 2024 ж.

№37 (9201)

10 мамыр 2024 ж.

№36 (9200)

06 мамыр 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031