Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Суицид – тығырықтан шығар жол емес

Суицид – тығырықтан шығар жол емес



Жасөспірімдер арасында өзіне-өзі қол жұмсау (суицид) бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі болып отыр. Еліміздің болашағы саналатын жастардың мұндай оқыс әрекеттерге баруы расында алаңдатарлық жағдай. Статистикалық мәліметтерге үңілсеңіз адам жаны түршігеді. Әлемде жылына 1 миллион адам өзіне-өзі қол жұмсайды екен. Осындай суициді көп 80 елдің ішінде Қазақстанның 5-ші орынға тіркелуі бізді қатты қынжылтып отыр. Аталған дерттің елімізде дендеп кетуіне не себеп? Аты жаман аурудан қоғамды қалай құтқарамыз? Бұдан шығудың жолы қайсы, қандай да бір белгілері бар ма?  Міне, осы сауалдар төңірегінде психолог мамандары мен мешіт имамдарының пікірін білген едік.
Кеше ғана  күн күлімдеп, бау-бақшада құстар сайрап, өмір маған қызықты да әсем ертегідей еді... Кенеттен көңіліме бұлт торлап, қандайда бір көңіл толмаушылық, реніш, себепсіз ашу кернеп, көңіл-күйім түсіңкі, өзімнің ешкімге керек еместігімді сезіндім... Міне, осылай адам бойындағы депрессия кенеттен пайда болып, кейде өте ұзақ жалғасуы мүмкін. Ол, бірден тез өтіп кетеді, не болмаса терең де созылмалы түрде болады. Қандай жағдайда да депрессия – түрлі эмоциялар, елестетулер, еске алулардың жиынтығы. Әдетте, депрессияны бойынан өткеретін адам оның не себептен екендігін анықтай алмай әлек болады. Қоғамдағы өзекті мәселе жайлы сейсенбі күні аудандық емхана психологы Индира Шалбаева брифинг барысында қозғаған болатын. «Қазіргі таңда аудан көлемінде әлеуметтік қоғамда саяси ахуалдың қалыпты жағдайда болуы және мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуын насихаттау мақсатын салааралық бағытта ақпараттық топ кент, шалғай жатқан елді мекендерде халыққа кең ауқымды түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Жасөспірімдерде қазіргі таңда, телефонға тәуелділік басым. Осы орайда, ата-ана тарапынан бақылау жасалынса екен дейміз», – дейді психолог. Сонымен қатар, суицид жүйке ауруларына жатпайтынын, әлемде 15-19 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында жиі орын алып отырғанын айтты. Сонымен бірге, бұл ата-аналары ажырасқан, қамқоршысыз қалған, қылмыстық жолға түскен, өзіне жақын адамын жоғалтып, қайғы шеккен, отбасында ұрыс-керіс жиілеген, бір нәрседен қатты көңілі қалған жасөспірімдер арасында көбірек байқалатынын жеткізді.
Аудандық емхана да осы орайда, өз-өзіне қол салу әрекеттерін алдын алу бағытта жеке психолог кабинеттері жұмыс атқарып жатыр. Жеке кабинетте ерте жүктілік, жасөспірімдер, ересектерді қабылдау жүргізіледі. Психокоррекциялық жұмыстар атқара оты­р­ып,нұсқаулықтарды  қолданып, адамның  ішкі жан дүниесін сұхбаттасу арқылы  толық ашылуына ықпал етеді. Сондай-ақ, емханада күндіз (8 775 471 32 71) сенім телефоны  анонимді түрде жұмыс істесе, ал, тәулік бойы (8 800 080 22 26) телефоны қызмет көрсетуде. Яғни, облыстық жастар денсаулық орталықтары жұмыс жасайды. Сонымен қатар, жастар денсаулық орталығында  психолог, психиатр, гинеколог, тері-венерологиялық мамандар тегін кеңестер береді.
Қазіргі таңда, саларалық бағытта бірлесіп оқиға орын алған тұрғын үйлермен жекелеген және топтық жұмыстар жүргізілуде. Тұлғалық деңгейіне байланысты  жеңіл, орта және ауыр болып суицидке тәуелділік анықталған балаларға медициналық, психологиялық көмек көрсету, түзету-сұқбаттасу жұмыстары жос­пар­лы түрде, әрбір баланың денсаулығын қадағалайды. Қадағалау жұмыстарына аймақтық дәрігер мен аяжан, медицина саласындағы әлеуметтік қызметкер, психологтар, профилактика және әлеуметтік психологиялық көмек көрсетеді екен.
Шетелдік ғалымдардың пікірінше, суицидтің үш түрі бар көрінеді. Оның біріншісі – шынайы суицид. Мұндай жағдайда адам өмірден түңіледі, үнемі көңілсіз жүреді. Өмір сүрудің мән-маңызын жоғалтады. Ақыры өзіне-өзі қол жұмсауға бел байлайды. Екіншісі – жариялы суицид. Әдетте, мұндай жолды таңдағандар өлместен бұрын өлгісі келетіндігіне өзгелердің назарын барынша аударуға бейім тұрады. Мәселен, біреумен ренжіссе болғаны қолына суық қару немесе арқан-жіп ала жүгіріп, «өлем» деп өзгелерді үрейлендіргісі келетіндер осы топқа жатады. Ал, үшінші бір түрі – жасырып, яғни құпия суицид. Бұған барғандар өзіне-өзі қол жұмсаудың жақсы еместігін, абырой әпермейтінін жақсы түсінеді. Алайда, оларға тірлікте кездескен қиындықтан шығатын жол жоқ болып көрінеді. Бұған көпшілігінде нашақорлар мен ішімдікке салынып кеткендер дайын тұрады.
Осы тақырып төңірегінде, «Шәймерден» мешітінің найб имамы Еркін Әлкебаевпен сөйлескен болатынбыз. Дін өкілі жүрегінде иманы бар адамның мұндай әрекетке бармайтынын айтып, шет елдерде болған осындай жағдайларды баяндап берді. Имам айтқан мәліметтерге сүйенсек, жақсы дамыған Жапонияның өзінде күніне 90 адам өз-өзіне қол жұмсайды екен. Сол себепті де, мұндай ұсқынсыз әрекеттің көптеп орын алуы бірінші кезекте адамның материалдық тұрғыдағы бай немесе кедейлігіне қарамайды. «Мәселенің мәні адамның рухани жұтаң, жігерсіз, қарсы келген қиындыққа тез беріле салуында болып отыр. Жүрегі иманға толы, рухани бай адам мұндай келеңсіздікке жолбермейді. Өйткені, ол өзіне берілген барлық нығметтің Алладан екендігін, кеудесіндегі жанның Алланың аманаты деп біледі. Жүйкесі әлсіз адамдар өз өздеріне жиі қол жұмсап жатады. Мұны ғылым “психологиялық ауытқу” деп атайды. Дін ұстанатын азаматтардың тілімен айтқанда, адамға жын-жыбыр жабысқан боп шығады. Баланың жанарының нұры жоғалып, ештеңеге қызықпайтын болса, алдын алып, білімді имамдарға көрсеткен абзал. Өзін өзі өлтіру – ауыр күнә. Сондықтан, рухани тұрғыдан жұтап жүрген адамдарды жеке қалдыруға болмайды», – дейді найб имам. Сөзінің соңында исламда бұған тыйым салғанын ескерте кетті. Міне, осы жағдайлардың  барлығында психолог пен отбасының көмегі қажет. Өкінішке орай, көпшілік психолог қызметініңне екендігін  және оның не үшін  қажеттігіне мән бере бермейді. Психологты көп жағдайда психиатрмен шатастырады,   сондықтан да, оның алдына баруға  ұялады. Ал, бұл екеуінің арасындағы айырмашылық бар. Қарапайым сөзбен  айтқанда, психиатр ауруларды емдейді, ал психолог – психикалық тұрғыдан сау адамдарды емдейді. Дегенмен, депрессиялық жағдайда адамға көбінесе отбасы мүшелерінің шынайы қамқорлығы, жақындығы, түсіністігі мен демеуі қажет.
Шығыста «Бір күндігіңді ойласаң күріш ек, он жылдығыңды ойласаң ағаш ек, жүз жылдығыңды ойласаң ұрпағыңа жақсы тәлім -тәрбие бер», деген қағида бар. Айтпағымыз, егер әрбір балаға жас­тайынан жақсы тәрбие беріп, стереотипке бой алдырмай, өмірді бағалай білуге үйретіп өсірсек, мұндай қайғылы жағдайларға тап болмасымыз анық. Бұл ретте, баланың бойында патриоттық сезімді оятып, өмірге деген құлшынысын арттыру үшін нәтижелі әрі түзу бағыт-бағдар беруіміз абзал. «Адам өмірге ессіз болып келеді, есалаң өмір сүреді», деп адам өміріне қысқа ғана «мінездеме» берген Асқар Тоқпановтың бұл сөзінен талайды аңғаруға болады. Өзіңізге жақын адамдарға көңіл бөліңіз, оларды сүйе біліңіз, сонда ғана сіз күннің күлімдеп жарқырағанын, құстардың қуана сайрағанын сезінесіз...
 Ғазиза БАУЫРЖАНҚЫЗЫ.
28 шілде 2018 ж. 2 447 0