Суицид – тығырықтан шығар жол емес
Суицид – адамның өзіне-өзі қиянат жасап, өмірін қиюы. Бұл терминді 1947 жылы итальян психологы Г.Дэзен енгізген екен. Осы саланы зерттеп жүрген ғалымдардың пайымдауынша, дүниежүзінде әрбір 40 секунд сайын бір адам өзіне-өзі қол жұмсайтын көрінеді. Таңқаларлығы жылына 1 миллион адам өзін ажалға қиып, шамамен 20 миллион тұрғын өмірмен мәңгілікке қоштасуға әрекет жасайды. Бір өкініштісі олардың ішінде 8 мыңы қазақстандықтарға тиесілі екен. Демек, республика бойынша сағат сайын бір адам өз еркімен өмірімен қоштасадыдеген сөз.
Бұл жайтты соңғы жылдары ауданымыздан да жиі құлағымыз шалып жатқаны жасырын емес. Бұл науқастық па? Әлде рухани әлсіздік пе? Қасиетті дініміз бұл жағымсыз әрекетке қалай қарайды? Бұны білу үшін, сондай-ақ, сұқбатымыз арқылы осы іс-әрекеттің алдын алу мақсатында Ы.Жақаев мешітінің имамы Ораз қажы Мысырхановпен әңгімелескен едік.
– Аға, соңғы жылдары біреу өзіне өзі қол жұмсапты дегенді жиі еститін болдық. Бір өкініштісі, олардың басым көпшілігі – өрімдей жастар. Өмірінің ащысы мен тұщысын көрмей, олардың бұл әрекетке баруы көптеген ата-аналарды орны толмас қайғыға салуда. Осы тұста, өзіне өзі қол жұмсау туралы асыл дінімізде не айтылған?
– Өмір – Алланың бізге тапсырған аманаты. Ал, шариғатымыздағы үкіміне келсек, Ислам дінінде жазықсыз адамды өлтіру немесе өзін-өзі өлімге қию – Алланың ашуы мен аса ауыр азабына себеп болатын ауыр күнә. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадистерініңбірінде: «Кімде-кім өзін-өзі қандай да бір темірмен өлтірсе, жаһаннамда қолына теміралып, мәңгі бақи өзін-өзі түйреумен болады. Ал, кім өзін таудан тастап өлтірсе, жаһаннамда өзін мәңгі отқа лақтырып тұрады», – деп ескерткен.
– Бүгінгі жастардың бұндай қадамға баруына не себеп? Бұны науқастық деп қабылдаймыз ба? Әлде Ислам дінінен хабарсыздығы деп білеміз бе?
– Иә, еліміздің болашағы саналатын жап-жас өрендеріміздің осындай бір дертке шалдыққаны бүгінгі қоғамның ең басты проблемасы десек, артық айтқандық емес. Суицид туралы жайсыз хабарлар еліміздің бүкіл облыстарында көрініс табуда. Сондықтан, осындай дертпен ел болып, жұрт болып жұмыла күресудің өзектілігі артып отыр.
Бұның себебін әркім әртүрлі топшылайды. Біреу әлеуметтік мәселелерге тіресе, бірі науқас деп жатады. Бірақ, әлеуметтік мәселеге келсек, бүгінгі таңда ешкімнің де аштан өлетін заманы емес. Аллаға сансыз шүкір, еліміз бейбіт, заманымыз тыныш. Ешкім де 1932-33 жылдардағы ашаршылықты басынан өткізіп жатқан жоқ. Бұл әрекетке баруларының бір себебі – діннен хабарларының аз болуы мен рухани әлсіздік. Он сегіз мың ғаламды жаратқан Алла тағала пендеге көтере алатын сынақ берсе де, соған төзбеуі. Және адамдар арасындағы мейірімнің азаюы. Олай айтуымыздың себебі, өзі ішпей, жемей болашағынан зор үміт күтіп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіріп отырған баласы өзін өлімге қиса, ата-анасын кұрметтемегені. Биік армандарына балта шапқаны. Сенімдерін ақтамағаны.
– Осы тұста, аға, бүгінгі жастарға сабақ болуы үшін ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өмір жолынан, хадистерінен мысал келтіре өтсеңіз.
– Хайбар соғысы кезінде үлкен қаһармандық көрсеткен Кузман атты кісінің тозаққа түсетінін пайғамбарымыз (с.ғ.с.) білдірген болатын. Хузайи Әксүм деген сахаба Кузманның соғыстан кейінгі ауыр жарақатына төзе алмай, өз қылышына құлап өлгенін көреді. Кузманның өлімі жайлы Алла елшісіне (с.ғ.с.) жеткізілгенде, ол былай дейді: «Адамдардың арасында сырттай қарағанда жәннат иелеріне тән қайырлы істерді жасап жүргендей көрінетіндер бар. Алайда олар тозақтық...» (Бұхари, Тағдыр, 5).
Алланың соңғы елшісі, сүйікті пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бұдан өзге бірқатар хадистерінде өзін-өзі өлтірген адамның ақыреттегі азабы жайлы хабар берілген.
– Бүгінгі жастарға қандай кеңесіңізді бересіз?
– Мүмін адамға қол қусырып отыру емес, қажыр-қайрат жұмсап әрекет ету, қашып кету емес, күресу жарасады. Мұсылманның иманы мен көркем мінез-құлқы өмір майданынан қашуға жол бермеуі тиіс.
Иә, өзін өлтіру қиындықтан құтылудың жолы емес, керісінше өзін-өзі тілмен жеткізіп болмас ауыр азаптарға лақтыру деген сөз. Адам баласы бұл әрекетке бармас бұрын бірінші кезекте ақыреттегі азапты, одан соң отбасын, ата-анасын, туған-туысын ойлағаны абзал. Бір адам өмірден өтті деп бүкіл әлем тіршілігін тоқтатпайды. Туған туыстары да ары кетсе 6 айдан соң ұмыта бастайды. Бұл әрекеттен текбір бейіттің саны ғана артады. Сондықтан, бұл қадамға бармас бұрын барлығын ой елегінен өткізгеніміз абзал. Бүгінгі сұқбатта айтып отырғанымыз, яғни, хадистер, өзін өзі өлтіруге байланысты айтып отырған оқиғалар жай бергі шеті ғана. Осы сұқбаттан соң оқырмандар ары қарай ізденіп, бұл әрекеттен арылады деген ойдамыз.
– Сұқбатыңызға рақмет. Алла тағала сауаптан жазсын.
Сұқбаттасқан Ерұлан ДАТКЕНОВ.