Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Неліктен күнге қарсы лосьондар көп адамға көмектеспейді?

Неліктен күнге қарсы лосьондар көп адамға көмектеспейді?


Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, күнге күюден қорғайтын лосьондар мен кремдердің адамдарға әсері аз, тіпті, олар күннен дұрыс қорғамайды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі BBC басылымына сілтеме жасап.
Дегенмен, King's College ғалымдарының айтуынша, бұған лосьондардың тиімсіздігі емес, халықтың қолдану тәсілдері әсер еткен.
Теориялық тұрғыда күннен қорғайтын құралды, мысалы, (SPF) 15 қолдану күннің кері әсерінен қорғау үшін жеткілікті. Дегенмен, зерттеу авторларының айтуынша, қауіпсіздік мақсатында SPF 30 немесе 50-ді қолданған жөн.
Зерттеу авторлары арнайы зертханаларда еріктілермен эксперименттер жүргізген. Жауапты ғалым, профессор Энтони Янгтің айтуынша, 50 коэффициенті бар лосьондар қажетті қорғаныстың 40%-ын бере алады. Оның командасы зерттеу барысында әртүрлі SPF көрсеткіші бар түрлі лосьондарды қолданған адамдарды бақылады.
Лосьондарды қалай дұрыс пайдалану керек?
Күннен қорғайтын кремдерді негізінен қалың қылып жағу керек. Бірақ, көпшілігі олай істемейтін болып шықты.
SPF көрсеткіші 2 миллиграм крем дене терісінің 1 шаршы сантиметріне лайықталған. Яғни, орта жастағы ересек адам күннен қорғану үшін денесіне 36 грамм, яғни, шамамен алты толық шай қасық лосьон жағуы керек. Оның ішінде әр қолға, бет пен мойынға, құлақтарға жарты шай қасық кремнен кетеді. Ал аяқ пен ішке, арқаға бір шай қасық кремнен жаққан жөн. Сонымен қатар күннен қорғайтын кремді уақыт өткен соң қайта жағуды да ұмытпау маңызды.
Ұлыбританияның дерматологтар ассоциациясының айтуынша, кремді жаққан соң күн астына шықпай 15-30 минут күтіп, оны теріге әбден сіңіру керек. Сондай-ақ әр екі сағат сайын және суға түсіп шыққан соң да крем мен лосьондарды қайта жағу қажет.
Кейбір лосьондардың сыртында олардың суға төзімді екені, судан шыққан соң да теріні күннен қорғау қасиетін жоғалтпайтыны жазылған. Дегенмен, судан шыққан соң және денені құрғатқан соң денеге жағылған өнімнің 85%-ы жойылып кетеді.
Дермотологтардың айтуынша, күнге тез күюге ашық түсті, меңі мен секпілі көп, шашының түсі ашық адамдар бейім келеді.
Ұлыбританияның дерматологтар ассоциациясының өкілі Нина Гоадтың айтуынша, бұл зерттеу көбіне SPF30 және одан да жоғары коэффициентті таңдаудың дұрыс екенін көрсетті. «Сондай-ақ біз тек күннен қорғайтын кремдерге сеніп қалмау керекпіз. Киім мен көлеңке де осындайда көмекке келе алады», дейді ол.
Ал Англияның денсаулық сақтау ұйымы күн ыстықта көлеңкеге барып, сабыр сақтау керектігін ескертіп жатыр. «Сағат 11:00 мен 15:00 аралығында күннен қорғанып, барынша көлеңкеде жүруге тырысу керек. Сыртқа шығу қажеттілігі туындап жатса, күннен қорғайтын крем жағып, бас киім киіп алған жөн. Сондай-ақ өзіңізбен үнемі су алып жүріңіз», дейді олар.
Baq.kz

26 шілде 2018 ж. 723 0