Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қоңыр күмбір

Қоңыр күмбір


Нағыз қазақ қазақ емес,
Нағыз қазақ – домбыра.
Қадыр Мырза Әли.

Көпшілік жиналған отырыстың ішінен біреу «жігіттер, жан тербетер жайлы әуез деп нені айтуға болады?» – деп ортаға сұрақ тастапты. Отырғандардың бірі «алтынның сыңғыры болар», екіншісі «ат тұяғының дүбірі болар», келесісі «баланың күлкісі шығар» – деп өз ойларын айтыпты. Арасында «ананың бесік жыры», «бұлақтың сылдыры», «сүйген қызыңның сыбыры», «жаңбырдың тырсылы», «бұлбұлдың тамылжыта сайрағаны» дегендері де болыпты.
– Білмедіңдер. Ендеше, мына күйді тыңдап көріңдерші, – депті де, сұрақ беруші жігіт қоңыр домбыраны қолына алып шерте бастапты. Домбыра шанағынан төгілген әуен толқындай тулап, буырқана бусанып, алып күш қара тасты қақ жарғандай, көбігін көкке атып дөңбекшіген теңізді жуа­сытып, қарақшыны қара ниетінен қайырып, ғашықтарды ынтықтыра түсердей толқытсын-ай келіп, тебірентсін-ай келіп! Бейне бір қос ішекті домбыра емес, қазақтың өзі сөйлеп тұрған секілді. Айнала жым-жырт, уақыт бір сәтке тоқтап, күй әсерінен мүлгіп, маужырап қалғандай.
Дүниенің бар-жоғын ұмыттырған күй аяқталысымен күйші:
– Міне, жігіттер, домбыраның жан тебірентер күмбірінен асқан ғажап әуез жоқ. Өйткені, қоңыр домбыраның қоңыр үнінде жаңағы сендер айтқан дыбыстардың барлығы бар, – деген екен тебіреніп.
Бала күнімде әжем қолыма домбыраны ұстатып тұрып:
– Балам, дүниеде домбыраның үніне жететін әуен жоқ. Күйді жан дүниеңмен ұғынып, тыңдап үйрен. Ол көпті көрген көсем, көп білетін шешен ғой, – дейтін жарықтық.
Сол тұста әжемнің сөзінің парқын түсінген жоқпын. Ер жете келе әліпті таяқ деп білмейтін үлкен кісінің айтқан пәлсапасында қалтқысыз шындық барына көзім жетті. Шынында да домбыра шанағынан ақтарылған үнде күннің күркірі, тұлпар тұяғының дүбірі, асау теңіз гүрілі, ботасын іздеген бозінгеннің азалы үні, ұлынан айрылған кейуананың зары, ғашықтардың сыбыры, бәрі-бәрі бар екен.
Шетелдік қонақ домбыраны қолына ұстап көріп:
– Домбыра неге екі-ақ ішекті? – депті менсінбеген түр танытып. Сонда қазақ:
– Тіршілікте ізгілік пен зұлымдық, қуаныш пен қайғы, адалдық пен арамдық, шындық пен өтірік, мейірім мен қатыгездік, ақыл мен жетесіздік қатар өріледі емес пе? Осы бір қарама-қарсылықтың ешқашан да ымыраға келмейтін мәңгілік күресін сипаттау үшін ата-бабамыз домбыраны әдейі қос ішекті еткен, – депті.
– О-о, түсінікті... – депті әлгі менменсіген шетелдік бірден ойлы кейіпке түсіп.
Бірде орта жастағы кісі қасындағы серігінен домбыра тартуын өтінгенде «кешіріңіз, маған ондай өнер қонбаған» деген жауап естиді.
– О-о, сабаз... Өзің барсың ба әйтеуір? Қағынан жеріген құландар болмаса, домбыраның құлағын келтіре алмайтын, сүйгеніне өлең арнай алмайтын қазақ болушы ма еді, тәйірі, – депті, домбыра ұстаған кісі ренжіп.
Тағы бірде жақын досымның үйіне барғанымда төрде шаң басып ілулі тұрған домбыраны көріп, «ішегі тербелмеген домбыра – ешқашан толғатпаған келіншек, аяғына жем түскен тұлпар, тірсегінен қиылған арлан, темір тордағы арыстан, туламаған жүрек екен-ау» деген ойға келгенмін.
Досханның естелігінен. Осыдан бір жыл бұрын сұмдық жағдайға тап болдым. Жол шетіндегі қоқыс салатын жәшікке белгісіз біреу бір беті бүтін домбыраны тастап кетіпті. «Қазақтан бәрін күтсем де бұны күтпеген едім» деп жаным түршікті. Домбыраны қолыма алсам еш жері сынбаған! Қоқысқа тасталған тәбәрік бұйымды сол маңнан өтіп бара жатқан адамдар көргенімен, мән бермегені жаныма батты. «Апыр-ау, бұл таяқ емес, темір емес, домбыра ғой! Сынып, жарамсыз болып қалғанның өзінде көзің қиып, киесінен қорықпай, қоқысқа қалай тастайсың, айтшы! Міне, біздің жеткен жеріміз! Домбыра ұятың, ар-ожданың емес пе!» деп іштей жаным күйзелді...
Бірде түркиялық дос Кенан Коч екеуміз Құрманғазы оркестрінің концертіне бардық. Сансыз қос ішектен ағылған жанға жайлы қоңыр әуен бірде баяу мұңға батырып, көзіңе жас алғызса, енді бірде жігеріңді қайрап, қиялыңа қанат бітіреді. Бойыңды алапат сезімге бөлеп, жан әлеміңді баурап барады. Ғажайып концерт аяқталғанда түркиялық досқа көз салсам ағыл-тегіл жылап отыр.
– Ой, Кенан, мұның не? Көз жасыңды көлдеткенің қалай?
– Неткен ғажап бұл, Бегман аға! Ат төбеліндей аз қазақ ұшы-қиыры жоқ осыншама ұланғайыр жерге қалайша иелік еткен деп ойлаушы едім. Сол сауалға бүгін жауап алғандай болдым. Аттан деп жорыққа шақырып тұратын, намысты жанып, рухты заңғар биікке көтеретін, ерлік пен батырлықты паш ететін қос ішекті домбыра тұрғанда алаш азаматы, түркі жұрты көк бөрілі байрағын төмендетуі мүмкін бе? Мүмкін емес! Қос ішектен ағылған лағыл лебіз жан дүниемді астан-кестен етіп, мендегі бар қасиетті сүзгіден өткізіп, тазасын қалдырып, қажетсізін лақтырып тастағандай әсер етті. Бойым жеңілдеп, ойым жаңарғандай болды. Ғажап! – деді түркиялық Кенан дос.
Домбыра шанағынан буырқана төгілген күйден түркиялық дос түркілік рухты жан жүрегімен сезінсе керек. Қан тартады деген осы да! Болмаса ағылшынның не болмаса немістің домбыраның қоңыр үніне сүйсінуі мүмкін, алайда, Кенандай ағыл-тегіл болуы екіталай жағдай.
Шіркін домбыра, сен толғанған кезде тамыр-тамырды қуалай аққан қаның тасып, тұла бойыңды ерен қуат пен қайрат кернеп, әруақтанып, арқаланып шыға келетінім бар. Рухты күй шалқыған кезде тегеурінге тегеурін, жігерге жігер қосылып жатады. Ол – намыстың, рухтың төлқұжаты, жемісті ойдың, тындырымды істің бастауы. Жастарды ақылды, жаужүрек етіп, қарттарға жалынды жастығын сағындырады.
Немерем Ердияр сабақтан келе салып:
– Әке, домбыра үйірмесіне қатысқым келеді, домбыра сатып әперіңіз, –деді.
Әкесі:
– Балам-ау, одан да өнімді істің бірімен айналыссаң болмай ма? Мәселен, футбол, шахмат дегендей. Егер нәтиже көрсетсең, еліңді дүние жүзіне танытатын боласың әрі табысы да жақсы. Ал, Қаршыға секілді домбырашы болдың дейік, сені қазақтан басқа кім таниды? Ешкім танымайды! – дегені.
Міне, бүгінгі әкенің түсінігі! «Бүгінгі қазақ бұрынғы қазақ емес, мүлдем өзгерген қазақ» (Г.Бельгер). Кезінде әжем маған:
– Балам, бұл жалғанда домбыраның әсем сазына жететін әуен жоқ. Оны тыңдап үйрен. Ол көпті көрген, көп білетін көсем ғой, – деген еді-ау со-о-нау баяғыда, жас кезімде. Әріп танымайтын әжем қазақтың жүрегіндегі халқына, туған жері мен Отанына, тіліне, діні мен діліне деген махаббатын мәңгі сөндірмей сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші алтын көпір осы қоңыр домбыра екенін білгендіктен ескерткен екен-ау. Үзілген жіп түйінделіп барып жалғанатынындай, үзілген салт-дәстүрдің де қайта жалғасуы екіталай екенін сезгендіктен айтқан екен-ау әз әжем. Екі институт бітірсек те осынау қарапайым түсініктің парқына жетпейміз-ау, жетпейміз.
Немерем сабағынан басқа домбыра және шахмат өнерінің шылбырын ұстады. Ол тартқан күйлерді тыңдап отырып Жаратқанға мың мәрте шүкіршілік айтамын. Дәстүрдің жалғасқанына. Қоңыр үннің, ата-бабам дүниеге әкелген жанға жайлы қоңыр күйінің әлем «оркестріне» қосылып үндескеніне.
Жазып алған:
Бегман ЫСҚАҚ,
халықаралық гуманитарлық-техникалық университетінің профессоры.
25 шілде 2018 ж. 1 283 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№38 (9202)

14 мамыр 2024 ж.

№37 (9201)

10 мамыр 2024 ж.

№36 (9200)

06 мамыр 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031