Ел жүрегі –Астана!

Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитетінің ұйымдастыруымен қазақ ұлтының ұлы тұғыры - Алаш жұртының асқақ айбары - Астананың 20 жылдығына орай 6-8 шілде күндері облыс ұстаздары үшін Астана қаласына саяхат ұйымдастырылды. Облыстан 100-ден аса, ауданнан 18 білім саласының қызметкерлері, арамызда аудандық, облыстық іс-шаралардың жеңімпаздары, кәсіподақ белсенділері барып, мерекелік шаралардың куәсі болып қайттық. Астана бізді жаймашуақ пейілімен, мерекелік сән салтанатымен қарсы алды. Қаланың барлық аймағында концерт, сахналық қойылым, байқау, спорттық жарыстар өтіп жатты.
Бағдарламаға сәйкес «Астана-Бәйтерек», «AILAND» ойын орталығы, Президент мұражайы, ЭКСПО көрмесіндегі «Нұр әлем» павильоны, Есіл бойындағы серуен секілді, көрікті жерлерін аралап, қазақ Елордасының 20 жыл ішінде көркейген келбетіне таңқалысып қайттық.
Елбасы мұражайына барып, еліміз үшін, Қазақстанның тұңғыш Президенті үшін мақтанып, әрқайсымызды патриоттық сезім биледі. Ел Президентінің бала кезінен бүгінгі күнге дейінгі өмір жолы, қызметі, тұтынған заттары мен басқа елдер тарапынан тарту етілген сыйлықтары, марапаттаулары, Алтын зал, Күміс зал, Күмбезді зал – бәрі де еліміздің мәртебесін биіктетіп, айбынын асқақтатып тұр. Мұражайдан көтерілген көңіл күйде шықтық, таңданыстан көрі толқу, мақтаныш, қуаныш басым. Саяхатымыз ерке өзен – Есілдің сол жағалауындағы жаңа Астана бағытына ұласты. Қала шын мәнінде ертегідей әсемденіп құлпыра түскен. Бұдан кейін Астана қаласы орталығындағы рухани орталық мешітке барып, мұсылмандық жолмен ата-бабамызға құран бағыштадық.
Елорданың 20 жылдығына арнап әр облыс жаңа нысан тарту еткен. Қызылорда облысы да ерекше сый – Ғарыш айлағын сыйға тартқан. Саяхатымыз осы сыйды тамашалаумен жалғасты. Мұнда зымырандық-ғарыштық техниканың ашық аспандағы музейін тамашаладық «Союз», «Протон», «Зенит» зымыран тасығыштары орнатылған және барлық мәліметтер көрсетілген арнайы ақпараттық стендтер қойылған. Өз облысымыздың тартуын көргенде бізді ерекше сезім баурап, шабыттанып, патриоттық сезіммен барлығымыз хормен «Қызылорда вальсі», «Сыл сұлуы» әндерін шырқап жібердік. Сол ғарыш айлағын тамашалап жүрген АҚШ-тың Калифорния штатынан келген қонақтар риза болып, қол шапалақтады. Соңында естелік ретінде суретке түстік. Ертесіне Астана қаласының символы – «Бәйтерек» кешеніне барып биікке өрледік. Биіктен қала алақандағыдай көрінеді. Мұнан соң «Думан» орталығында болып, мұхит аралын тамашаладық. ЕХРО қалашығындағы «Нұр Әлем» павильонына барып, қазақтың қиял-ғажайып ертегі әлеміне еніп кеткендей болдық, заман талабына сай технологияларға куә болдық. Ең бастысы – кешеннің кескін-келбетіне көз тоймайды.
Расында да, «Ел жүрегі – Астана», Астана – жаңа ғасыр қаласы, бейбітшілік мекені ретінде танылып келеді. Ендеше, бүгінде қазақ елінің елордасы болуымен қатар халықаралық алқалы жиындардың да ордасына айналған Астанамыздың мерейі тасып, беделі асқақтай берсін деп тілейік.
Бұл саяхаттан өлшеуге келмейтін әсер, рухани байлық, шексіз білім алып демалдық. Осы саяхатты ұйымдастырған Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитетінің төрайымы Р.Байназароваға және осы саяхатқа баруымызға мұрындық болған аудандық білім қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Р.Құдайбергеновке алғысымыз шексіз!
Гүлбану Тәжбенова,
№46 А.С.Пушкин атындағы мектеп-лицейінің
бастауыш кәсіподақ комитетінің төрайымы.