Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТОҚСАН АЛТЫДАҒЫ ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРІ

ТОҚСАН АЛТЫДАҒЫ ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРІ



Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Халқымыздың ұлттық салт-дәстүрлері мен тіліміз, музыкамыз бен жоралғыларымыз бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы тиіс» - деген болатын. Демек,мақалада айтылғандай, еліміздің кез-келген азаматы өзінің тарихына, төл мәдениеті мен қолөнеріне, жалпы, салт-дәстүріне терең бойлау білуі керек деп ойлаймыз.
Елбасының бағдарламалық мақаласы киелі өнерді, қасиетті орындарды қадір тұтып, тілі мен ділін, қолөнері мен салт-дәстүрін қастерлеуге, қалтарыста қалған қазыналарды қайта жарқыратуға ден қойғызды. Мұндай асыл сүйекті қарттар біздің ауданымызда да бар.
Жалағаш ауданы Мәдениет ауылының тұрғыны, 96 жастағы батыр ана Өтеш Тасжүрекқызы күні бүгінге дейін бау тоқып, түс киіз басады. Ұлттық құндылықтарды дәріптеген кейуана бұл өнерге балалары мен немерелерін баулып жүр.
«Нұр Отан» партиясы Жалағаш аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Тарлан тарих тағылымы» атты партиялық жоба аясында ұмыт қалған салт-дәстүрлеріміз жаңғырып, ұлттық құндылықтар дәріптелді. Осы орайда, партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қаншагүл Мұстафаева бастаған меймандар мен БАҚ өкілдері тіректі ауылдағы Махановтар отбасында болып, қарт ананың өнерін көзбен көріп қайтты.
Өтеш ана өмірге 11 перзент алып келді. Олардан немере, шөбере-сүйген баққытты әже. Қазір Махановтар отбасы – үлгілі әулет, шуақ пен шаттыққа толы шаңырақтың бірі. Мұны айтқан мәдениеттіктер кейуананың көркем мінезін, елдегі жаңалықтарға елең етіп отыратындығын айтады.
Бұл отбасына барғанымызда қарт ана Елорданың 20 жылдығына арнап бау тоқып жатыр екен. Астанаға өзі жете алмаса да айтулы мерекеден қалыс қалғысы жоқ. Мемлекеттің әр жетістігіне қуанып, бүгінгі бейбіт өтірге шүкіршілік ететін ана ұлттық құндылықты жастарға дәріптеуді мақсат етеді.
Асыл әжеміздің көзі ашық, көкірегі ояу, сөзі ширақ, ойы жинақы. Ұлттық болмысымызды, қазақилығымызды айқындайтын күбі шайқау, келі түю, диірмен тарту, ши тоқу, құрт жаю секілді бірқатар игіліктерді көрсетіп қана қоймай, қолмен жасап көрсетті. Есік алдына тігілген алты қанатты киіз үй жабдықтарын да өз қолымен жасапты.
Өмірдің ащысын мен тұщысын көрген әже еліміздің бүгінгі күні гүлденіп, өркендеп дамып, бейбітшілік пен татулықта болуының бағасы аса құнды, әрі аса мәнді екенін өзгелерден артық біледі.
Бұл әулетте «Еңбексіз ырыс жоқ» деген басты ұстаным бар. Асыл анадан өрбіген ұл-қыздардың барлығы ел дамуы жолында қажырлы еңбек етіп келеді. Отбасының ұйытқысы Өтеш анамыздың шаңырағындағы бау-бақшасы да жайқалып тұр. Онда жеміс талының түр-түрі бар. Тіпті жаңғаққа дейін өседі.
– Бұл жеміс ағаштарын әжеміз қолдап отырғызды. Көктем шыға жеміс талдардың түбіне көң салып, күтіп-баптайды. Соның жемісі болса керек, жылда мол түйнектеп, өнімді мол беретіні, – дейді немерелері.
Екі ғасырдың куәсі Өтеш қария шөбересінің тұсауын кесіп, айтулы азамат болсын деген тілек білдірді. Асыл ананың ақындық өнері де бар екен. Ұл-қыздары мен келіндеріне арнап шығарған жыр-шумақтарды оқып, берекелі отбасындағы бірлікті өлеңдетіп жеткізді.
Жақсылық пен жамандықты, бейнет пен зейнетті, қиындық пен қуанышты қатар көрген анаға қарап, қарттықтың ешқашан жаспен өлшенбейтініне, көңілдің қартаймайтынына көзіміз жетті.

Н.ҚАЗБЕКОВ,
Жалағаш ауданы
16 шілде 2018 ж. 1 353 0