Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жұмыс іздегендер алданбаса екен деймін

Жұмыс іздегендер алданбаса екен деймін

Бүгінде жұмыс ұсынатындар да аз емес. Әсіресе желілік маркетингтен көз сүрінеді. «Жедел жұмыс», «Жұмыс тәжірибесі мен жасы маңызды емес», «Оператор, вахтер, лектор-педагог», «Зың-зың жұмыс», «Оян, қазақ, жұмыссыз болма мазақ!» деген, айлық жалақысы 100 мыңнан 300 мың теңгеге дейін жетіп жығылатынын жарнамалаған хабарландырулар көп. Аялдамадан, көпқабатты үйлердің кіре берісінен, қоғамдық орындар мен көліктерден, кейбір мекемелердің қақпасынан осындай жазуы бар бір тілім қағаз көресің.
Жұмыс іздегендер «тұрақты табыс», «қосымша жұмыс» дегенді оқығанда телефонынан әлгі жазбаның соңындағы байланыс нөмірін қалай тергенін байқамай қалары анық. Мен де дәл осылай жасадым. Енді өзімнің «сетевой маркетинг» әлеміне қалай еніп кете жаздағаныма тоқталсам деймін.
Жарнама арқылы тапқан осындай бір жұмыс орнына түйіндемемді алып барғанымда мені күтіп алған адам өзін ірі компанияның өкілі әрі бір бөлімнің меңгерушісі ретінде таныстырып, үміткер­лермен сөйлесу жүргізетін біреуге ертіп кірді. Ал шырттай киінген жас жігіт компанияны таныстырып болған соң: «Сізбен кешке байланысамыз», – деп шығарып салды.
Олар кешкі 9-дан асқанда барып телефон шалды. «Сіз «собеседованиеден» өттіңіз. Құттықтаймыз! Ертеңнен бастап екі күндік оқуға қатысасыз. Сонан соң қызметке кірісесіз», – деді.
Ертеңіне әлгі жерге қайта барсам, жұмыс іздегендер қаптап жүр. Жасы да, жасамысы да бар. Қызық болғанда, қырыққа жуық адамды бір сәтте «лекция» бөлмесіне кіргізіп жіберді. Түк түсінбей, бір-бірімізге жалтақтасып қараймыз. Арамызда отырған бір апа: «Әй, қарақтарым-ау, осы отырғандардың барлығы бір орынға үміткерсіңдер ме?» – деп таңқала сұрады. Басқалар да бір-біріне осындай сұрақ қойып, таңданысып жатты.
Бір кезде өзін компанияның дистрибьютерімін деп атаған жігіт келді. Жиналған көпшілікке осы деңгейге қалай жеткенін, қанша көлемде айлық алатынын айтып, қызықтырды. Одан соң сауда-саттық, өнімдердің сапасы, соңыңнан адам шақыру жайында мағлұматтар бере бастады. Осылай үш сағат бойы құлағымызға сары майдай жағатын «ақша», «көлік», «үй» туралы баяндама оқыды. Баяндама бітті ме десек, түс қайта, ертеңгі күні кешке дейін осы тұрғыда тағы да оқу өтеді деді.
Келесі күндері компанияның «қола», «күміс», «алтын» қызметкерлері өз жетістіктерімен таныстырды. Айтып отырса өмірлері бейне бір ертегі секілді. Сонда оларға бұл қандай компания, немен айналысады, қандай сауда-саттық жасайды, бұған өзі сенуге бола ма деген сияқты сұрақтарды жаудырдым. Ұққаным, мұнда өсу үшін жұлдызға ие болу керек екен. Ол үшін 67 мың 200 теңгеге компанияның өнімін сатып аласың, сосын оны сатасың. Мұны бір рет сатып алу арқылы «Д4» жұлдызға қол жеткізесің. Онан кейінгі жұлдыздардың ақысы бұдан екі, үш есе көлемінде көбейе береді. Ал өзі жұмыссыз, қаржыдан қысылған адамда мұндай ақша қайдан болсын?
Кейінгі міндетімізге әлеуметтік желілердің барлығына тіркеліп, жұмыссыз сандалғандарға өтімді жарнамалар жариялау кірді. Енді осы жерде арамыздағы жалғыз апаның шыдамы сарқылды білем: «Әй, шырақтарым, мына айтқандарың маған ұнамады. Менің жұмыс істегім келеді. Тегін берсеңдер, өнімдеріңді сатайын. Тіпті соңымнан адам шақырайын. Бірақ интернетіңді игере алмасым анық. Мен тіркелген кезде 2000 теңге бергенмін. Соны қайтарыңдар. Қайтамын», – деді. Осыны күткендей оншақты адам бірден орындарынан тұрып, есіктен шығып кетті.
Содан төртінші күні барсам, мұндағылар шулап жүр. Бізден кейін тіркелген 19 жастағы бойжеткен ата-анасын 1,5 миллион теңге несиеге батырып, тоғыз жұлдыздың барлығын сатып алыпты. Компанияның қыз-жігіттерінің айтуларына қарағанда, бұл бойжеткен енді 400 мың теңге айлық жалақы алып, шет елдерде жылына екі рет саяхаттай алатын көрінеді.
«Мейлі ғой, солай-ақ болсын. Сонша қаржы құйған соң тиісті жұмыс атқармаса отбасы бекерге несие әперген болып шықпай ма? Ата-анасы сорламаса жарар еді» деп ойлаған күйі кеңседен шығып жүре бердім. Өйткені бұл қыз секілді тиісті жұлдыздарды жабатын ақшам да, оны әперетін адамым да жоқ еді.
Содан «сетевой маркетинг» сандалтқанының басы да, соңы да осы болсын дедім. Осы көріп-білгенімнің арқасында кез-келген жұмысқа шақырту жөніндегі жарнамаларды қай компания беріп жатқанын білетін болдым. Жалпы, жұмыс іздеу едәуір көзімді ашты дей аламын. Сондықтан алған тәжірибеммен бөлісіп отырмын.
Әрине, әркім өзі біледі ғой. Дегенмен жұмыс іздегенде әлдебіреулердің арбауына түсіп, уақытты босқа жоғалтып алмаңыздар демекпін.
Г.НҰРЕКЕЕВА
27 маусым 2018 ж. 985 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№35 (9199)

04 мамыр 2024 ж.

№34 (9198)

30 сәуір 2024 ж.

№33 (9197)

27 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031