Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Уранқуаттағы үздіктер сайысы

Уранқуаттағы үздіктер сайысы

Бұрнағы күні аудандағы «Уранқуат» ЖШС бас директоры Д.Тансыққожиннің бастамасымен «Шиелі энергокешені» жөндеу-өндірістік базасында аталған мекемеге қарасты еншілес мекемелер арасында «Үздік электромонтерлар бригадасы» атты сайыс өткізілді.
Сайыстың басты мақсаты – меке­ме қызметкерлерінің кәсіптік шеберлігін арттырып, техника қауіпсіздігі ережеле­рі­нен біліктілігін ұштау және өз мамандығына үлкен жауапкер­шілікпен қарауға баулу болды.
Жарыс тестілеу, зардап шеккен адамға алғашқы көмек көрсету және қондырғыларда практикалық жұмыстар жүргізу кезеңдерінен тұрды. Сонымен, бригадалар білімі мен өнерлерін ортаға салар бәсті бәсеке басталып кетті. Иықтарына өзіндік салмағы бар жүк арқалаған жігіттер өз білгендері мен тәжірибелерін ортаға салды. Бірінші кезеңде қатысушы командаларға 50 сұрақтан тұратын электр қондырғыларын техникалық пайдалану қағидалары, электр қондырғыларын пайдалану кезіндегі қауіпсіздік техникасы қағидаларынан тұратын сұрақтар қойылса, екінші кезеңде қатысушы командаларға  «Максим» тренажерында өкпені жасанды желдету және жүрекке жанама массаж жасау сынды жаттығулар өткізілді. Тоқ көзімен жұмыс жасап жүрген  кәсіби мамандардың әрбір қимылы мен әбжіл әрекеті төрешілердің назарынан тыс қалмады.
Шараның соңында төреші-қазылардың шешімімен «Таукент-Энергосервис» ЖШС жалпы командалық есепте 1-ші орын, «Уранқуат» ЖШС 2-ші орын, «Шиелі-Энергосервис» 3-ші орынды иеленіп,  жеңімпаздарды бас директор Д.Тансыққожин грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапаттады. Сондай-ақ, сайыста үздік біліктілігімен және зеректігімен көзге түскен бригада мамандары түрлі аталымдарға ие болды. Мұнымен қоса, Шиелі филиалы «Атом өнеркәсібі қызметкерлерінің кәсіподағы» төрағасы Т.Есенбеков сайысқа қатысушыларға алғыс айтып, сый-сияпат жасады.

Дина ӘБІЛАСАН
16 маусым 2018 ж. 893 0