АҚШ-КХДР саммиті: Пхеньянның көршілері бұл туралы не дейді?
АҚШ президенті Дональд Трамп пен Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынның Сингапурде өткен кездесуі әлем жұртшылығы назарында. Саммиттің қорытындысы жайлы бірнеше мемлекеттің саясаткерлері өз ойларын ортаға салды. Оңтүстік Корея президенті Мун Чжэ Ин екі ел қол жеткізген келіссөзді «ұлы жеңіс» деп бағалап, қарым-қатынасты нығайту мақсатында өз тарапынан қандай көмек керек болса да аянбай атсалысатыны туралы мәлімдеді. Осы тарихи сәтке байланысты брифинг ұйымдастырылып, президент өкілі сөз сөйледі. Ким Иу Киом, Оңтүстік Корея президентінің өкілі: - Мен Солтүстік Корея мен АҚШ президенттерінің арасындағы тарихи саммиттің сәтті өткені үшін қуаныштымын. Екі елдің мәмілеге келіп, келіссөз жүргізуімен құттықтаймын. Ким Чен Ын мен Дональд Трамп батыл қадам жасады деп есептеймін. Ал Қытайдың сыртқы істер министрі бұл сәтті «жаһан ахуалына әсер ететін маңызды прогресс» деп бағалады. «Корей түбегіндегі ядролық қарусыздану мәселесі бойынша Қытайдың рөлі ерекше және бұл мәселе аспанасты елінің жіті назарында болатынына ешкім күмән келтірмейді» деді Ван И. Ван И, ҚХР Сыртқы істер министрі: - Америка Құрама Штаттары мен Солтүстік Кореяның бір-бірімен тіл табыса алмай, тіпті жауласып келе жатқанына жарты ғасырға жуық уақыт өтті. Ал бәріміз куә болған саммит жаңа тарих беттерінде жазылады. Қытай мемлекеті бұл келіссөзді толығымен қолдайды. Сонымен қатар ядролық қарусыздандыруды жүзеге асыру үшін бұл құжаттан бөлек жаңа механизм қалыптастыру керек деп есептеймін. Жапония тарапы да бұл келіссөздің маңыздылығына тоқталды. Абэ бұл жобаның Корей түбегіндегі мәселелерді түбегейлі шешуге ықпал етерін айтты. Синдзо Абэ, Жапония премьер-министрі: - Бұл тарихи саммитте қабылданған құжаттан күтеріміз көп. Екі ел басшыларының мұндай қадамы жарқын болашаққа жол ашады деп үміттенемн. Солтүстік Кореяның жақсы өмір сүруге қауқары жеткілікті. Тек дұрыс жол таңдауы керек. Еуропалық Одақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Федерика Могерини дипломатиялық жолмен кез келген соғыстың алдын алуға болатынын және Корей түбегіндегі ынтымақтасты орнатуда саяси келіссөздің өткені жақсылықтың нышаны екенін дөп басып айтты. Қарапайым халықтың қуанышында да шек жоқ.
24.kz
24.kz