Мәслихаттар сайлауы
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жер игерілсе, береке еселенеді

Жер игерілсе, береке еселенеді

Жер бар жерде мүмкіндік бар. Бірақ сол мүмкіндіктің баршаға бірдей бұйыра бермейтіні де жасырын емес. Кентте мыңдаған азамат баспана салатын он сотық жерді жылдар бойы күтіп жүрсе, ауыл шаруашылығына жарамды алқаптарды тиімді пайдалану мәселесі де күн тәртібінен түскен жоқ. Ендеше, ауданның жер ресурс­тары қаншалықты тиімді игеріліп жатыр? Жерге деген сұраныс пен оны үлестіру арасындағы алшақтықты жою үшін қандай қадамдар жасалуда?
Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Мұрат Әшірбеков ұсынған мәліметке сүйенсек, биылғы алғашқы жарты жылдықтағы жағдай бойынша жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер телімін алу кезегінде 12 586 азамат тіркелген. Оның 597-сі жыл басынан бері кезекке қосылған. Осыған қарап-ақ, жер күтушілер қатары азаймай, керісінше толығып отырғанын көреміз.
Әрине, кезекте тұрғандардың барлығына бір мезетте жер беру мүмкін емес. Жер телімін бөліп көрсету үшін оның елді мекеннің бас жоспарына сәйкестігі, инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі, электр, ауызсу және жол мәселесі шешілуі қажет. Әйтпесе, тұрғынға жер берілді дегенімен, игеруге мүмкіндік жоқ телімнің әлеуметтік пайдасы күмәнді болмақ. Осы мәселені шешудің бір жолы ретінде бөлім тарапынан кентке жақын орналасқан ауылдық округтерден жер телімдерін қарастыру ұсынылып отыр. Мұрат Әшірбековтің мәліметінше, азаматтардың келісімі болған жағдайда инфрақұрылымы бар ауыл-аумақтардан жер беру мүмкіндігі зерделенуде.

ЖЕР ҚАЙТТЫ. ЕНДІ ОНЫҢ ИГІЛІГІ КӨРІНУІ КЕРЕК
Соңғы жылдары пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару жұмысы күшейді. Бірақ гектар жерлер қайтты екен деп ауыл шаруашылығы өздгінен дамымайтыны бесенеден белгілі.
– Шиелі ауданында 2026 жылға мемлекет меншігіне қайтарылуы тиіс жер көлемі 3 мың гектар болып белгіленген. Мұрат Әшірбековтің айтуынша, жартыжылдық қорытындысымен бұл жоспар толық орындалып, 3 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды, – дейді бөлім басшысы.
Алайда жоғарыда айтқанымыздай жер мәселесін тек қайтарылған гектармен өлшеу жеткіліксіз. Ендігі жерде сол алқаптардың жағдайы, топырақ құнарлылығы, суармалы жерлердің үлесі, ауыл шаруашылығы айналымына қайта қосылу мүмкіндігі маңызды болмақ.
Өйткені кейбір алқаптар ұзақ уақыт пайдаланылмағандықтан тозуы мүмкін, енді біріне су жеткізу мәселесі кедергі келтіреді. Демек, қайтарылған жердің әр гектары бойынша нақты жоспар болуы қажет.
Республикалық деңгейде де осы мәселенің өзектілігі байқалады. Себебі жерді қайтару науқанымен қатар топырақтың тозуы мен құнарлылығын сақтау мәселесі жиі көтеріліп келеді. Бұлай болуы да орынды, жерді иесінен қайтарып алу оңай болғанымен, оның табиғи әлеуетін қалпына келтіруге ұзақ уақыт пен қаржы керек.
Жер қатынастары тек кезек пен қайтару мәселесінен тұрмайды. Оның экономикалық айналымдағы орны да бар.
– Ауданда жер учаскелерін сатудан бюджетке 23 млн 699 мың 524 теңге, аукцион арқылы өткізуден 9 млн 68 мың 530 теңге түсті. Жыл басынан бері қосымша жер табыстау және нысаналы мақсатын өзгерту жөнінде төрт өтініш қаралды. Сондай-ақ, eOtinish платформасы арқылы жыл басынан бүгінге дейін 445 өтініш тіркелді. Оның ішінде 120-сы арыз, 315-і сұрау салу, үшеуі шағым, екеуі ұсыныс болса, алтауы тиісті мекемелерге жолданды. Өтініштердің 300-і ауыл шаруашылығы саласына, 145-і жер қатынастарына қатысты – дейді М.Әшірбеков.
Мемлекеттік органның ашықтығы да осы тұстан басталады. Өтініш саны – жұмыстың көлемін көрсетсе, шешілген мәселе – оның сапасын танытады.
Жердің қадірі оны кімнің иеленгенінде емес, кімнің игілігіне қызмет еткенінен көрінеді. Біздегі жер саясатының да басты нәтижесі қайтарылған гектардың санынан бұрын, сол жерден табыс тапқан диқанмен, жайылымға қол жеткізген шаруамен және өз баспанасын салуға мүмкіндік алған отбасымен өлшенбек.

Гүлхан ЯХИЯ
24 қараша 2026 ж. 16 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№89 (9456)

24 қараша 2026 ж.

№88 (9455).

21 қараша 2026 ж.

№87 (9454)

17 қараша 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30