Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ИГЕРІЛМЕГЕН ЖЕРЛЕР ЕЛ ИГІЛІГІНЕ АЙНАЛСА ИГІ

ИГЕРІЛМЕГЕН ЖЕРЛЕР ЕЛ ИГІЛІГІНЕ АЙНАЛСА ИГІ

Ауданда жер кезегінде 9542 адам тіркеуде тұр. Сала мамандары 2012-2014 жылдар аралығында «Шұғыла» мөлтек ауданынан берілген жер учаскелеріне аудандық құрылыс бөлімі және жер бөлімімен бірлесе отырып, мониторингтік жұмыстарды жүргізуге, бос жатқан жер учаскелерін кезекте тұрған азаматтарға қайта табыстап, жүйелі жұмыс істеуге шақырады.
Айта кету керек, еліміздің әр азаматы қазақстанның кез келген аймағынан тұрғын үй салу мақсатында мемлекет тарапынан бір рет тегін жер телімін алуға құқылы. Бірақ Жер кодексінің 50-бабында көрсетілген заңдағы бұл норма өз дәрежесінде орындалмай жатыр. Оны жасыруға келмес. Тізім 2000 жылдардан басталады. Содан бері бұл кезек өте баяу жылжып келеді. 16 жыл ішінде бұл мәселе сан рет манипуляцияға ұшырады. Соның бірі – инженерлік инфрақұрылымдарды (электр, су, газ) жүргізіп алмай жер телімдерін беруге салынған тыйым болса, тағы бірі – сегментация жасаудың күрделігі. Мұндағы қай өзгеріс те халыққа жер беруден гөрі, бермеу үшін жасалып жатқан сыңайлы.
«Үйі жоқтың – күйі жоқ» дейді. Көпшілік тұрғындар үшін баспана – басты мәселе. Дегенмен елімізде бүгінде баспаналы болуға мүмкіндіктер қарастырылған. Соның бірі көптен келе жатқан, кез келген ҚР азаматына тегін берілетін 10 соттық жер телімі. Жер кезектілігі тиісті аумаққа инфрақұрылым тартылып, адам баласының өмір сүруіне һәм сол жерде тұрақтауына жағдай жасалған соң ғана тізім бойынша беріледі.
«Аспаннан киіз жауса да, құлға ұлтарақ бұйырмайды» дегендей, арамызда заңды жеріне қол жеткізе алмай жүрген жандар бар ма? Жер кезегіне тұрып жатқандардың қатары қалыңдады ма? Осы және өзге де сауалдарға жауап іздеп көрдік біз.
Өткенге шегініс жасасақ. Есіңізде болса, осыдан 6 жыл бұрын облыста тұрғын үй салу үшін инфрақұрылымы тартылған 980 гектар аумақ ашылып, 5 мыңнан астам адамға жер телімі берілген еді. Баспана салу үшін өтініш білдіргендер саны жылдам көбейіп келе жатқан облыс орталығы үшін бұл айтарлықтай оқиға болды. Ал ауданға келер болсақ, 2017 жылы «Береке» мөлтек ауданынан жеке тұрғын үй құрылысы үшін қажетті инженерлік коммуникациялармен қамтылған 292 жер учаскесі дайындалған еді. Нәтижесінде осы аталған мөлтек ауданнан 2018-2020 жылдары 2007 жылдан бері кезекте тұрған 292 азаматқа уақытша өтеулі жер пайдалану құқығы мен жер учаскелері табысталды. Бүгінгі таңда осы табыс етілген жер учаскелерінің 189-на тұрғын үйлер соғылып, жеке меншік құқығына ие болған. Сонымен қатар осы мөлтек ауданнан игерілмеген және жалдау мерзімі аяқталған 5 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылған.
– Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 44-1 бабына сәйкес жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелері сұратылған кезде азаматтардың өтініштері арнайы есепке алынады. Содан соң бөліп берілетін алаңдардың дайын болуына қарай не жеке тұрғын үй құрылысы үшін пайдаланылатын бос аумақтар бар болған кезде қанағаттандырылады. Мәселен, 2021 жылы «Шұғыла» мөлтек ауданынан кент әкімінің шешімімен 2007 жылы кезекке тұрған 177 азаматқа уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен жер табысталды. Қазіргі күні 2022 жылдың 8 айы бойынша 125 азаматқа аталған мөлтек ауданнан уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен жер табыс етілді, – дейді аудандық жер қатынастары бөлімінің мамандары.

«Өскен өңір» ақпарат агенттігі


17 қараша 2022 ж. 116 0