Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ОРМАН – ЕЛ ДӘУЛЕТІ, ЖЕР СӘУЛЕТІ

ОРМАН – ЕЛ ДӘУЛЕТІ, ЖЕР СӘУЛЕТІ

Елімізде 2017 жылдан бері орман шаруашылығы қызметкерлерінің күні дәстүрлі түрде қазан айының үшінші жексенбісінде атап өтіледі. Бұл мереке орман шаруашылығымен айналысатын мамандар еңбегінің маңыздылығын және олардың елдің орман ресурстарын қорғауға және қалпына келтіруге қосқан үлесін атап өтуге арналған. Бұл күні біз Қазақстанның ормандарына күн сайын қамқорлық жасайтын, олардың қорғалуына және өсімін молайтуға ықпал ететін адамдардың еңбегін атап өтеміз. Орман шаруашылығы қызметкерлері біздің табиғи байлығымыз бен экологиялық тепе-теңдігімізді сақтауға бағытталған маңызды миссияны орындайды.
Орман шаруашылығы– экономиканың бір саласы. Халқымыз «Орман – жердің өкпесі», «Орман – ел дәулеті, жер сәулеті». «Жасыл желек – жер көркі» дейді. Осынау айтулы мереке қарсаңында Шиелі ауданындағы Орман және жануарлар дүниесін қорғау мемлекеттік мекемесіне атбасын бұрып, кәсіби мерекемен құттықтап, бөлімнің етжеңді еңбегіне зер салдық.
«Шиелі орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» КММ-нің мемлекеттік орман қоры жерлерінің жалпы көлемі 1079187 гектар болса, оның 871353 гектары орманды алқапты құрайды. Яғни 80%-ы орманды аймаққа тиесілі. Бүгінде тиісті бөлім аудандағы табиғи байлықты қорғауға, сақтауға ерен еңбек етіп келеді. Бөлімде штаттық кестеге сәйкес, өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарайтын 93 қызметкер орманды күзету, қорғау және өсімін молайту жұмыстарымен айналысуда.
М.Рүстемов басшылық ететін бөлім мекемесі Жөлек, Шиелі, Қызылқұм атты 3 орманшылыққа бөлінген. Олар ормандарды зерттеу, есепке алу, ағаштар мен бұталардың тұқымынан және көшеттерден орман өсіру, орманды күту, оны кесіп, реттеу, суландыру, орманды өрттен, зиянкестер мен түрлі аурулардан қорғау шараларымен шұғылданады.
Аталған мекеменің негізгі қызметтерінің қатарында орман өртінің алдын алу және болдырмау жұмыстары да бар. Қауіптің алдын-алу мақсатында ұжым қызметкерлері тиісті жұмыстарды уақытылы әрі жүйелі атқарып келеді.
– Орманның адам өмірінде алатын орны өте жоғары. «Орманға сен қалай қарайсың, орман да саған солай қарайды» демекші, мекеме қызметкерлері орман қоры жерлерін молайту үшін қажырлы еңбек етіп келеді. Биыл аудан көлемінде шаруашылық жерлері мен мемлекеттік орманды алқаптарда өрт болдырмаудың және өртке қарсы дайындық жұмыстарын жүргізу жайлы іс-жоспар жасалынып бекітілді.
Өртке қауіпті аумақтарда орман қоры жерінде жаңадан 54 шақырым жерге минералды белдеу және 216 шақырымға минералды белдеулерді күтіп-баптау жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ жергілікті тұрғындар арасында елді мекендерде өртке байланысты 300 дана үгіт насихат ретінде плакаттар, сонымен қатар ауылдық округтер мен шаруашылық төрағаларына 75 дана өрт болдырмау және өртті алдын алу мақсатында ескерту хаттар таратылды, – дейді мекеме басшысы М.Рүстемов.
Осындай жауапкершілік жүгі жоғары ауқымды жұмысты жүргізу үшін, қажетті техниканың болуы маңызды. Біз сөз етіп отырған мекеме жыл сайын техникалық базасын жаңартып, биыл мекеменің арнайы есеп шот арқылы 1 дана УАЗ потрулдік, лизинг арқылы 1-дана «JAK» кіші орман өрт сөндіру, 1-дана КАМАЗ өрт сөндіру көлігін және 1-дана Беларусь-920 тракторын алған. Бүгінде табиғат сақшылары қажетті техникалармен жабдықталып, орман қорғау бойынша нәтижелі жұмыстар атқаруда. Орман қоры жерлерін қырағылықпен бақылауда ұстайды.
Қазақстан Республикасы Президентінің орман қорын молықтыру және көгалдандыру бағытындағы тапсырмаларына сәйкес, «2 миллиард ағаш отырғызу» ұлттық жобасы аясында Қызылорда облысы аумағында орман өсіру және табиғи экожүйелерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізу бойынша да мекеме ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс істеген.
Мәселен, Арал теңізінің құрғаған табанында жыл сайын 100 мың гектар аумақта галофитті өсімдік түрлерінің тұқымдарын себу және көшеттерін отырғызу жұмыстарын жүзеге асыруға атсалысып, мекеме тарапынан 2021–2025 жылдар аралығында 41302кг сексеуіл тұқымы, 75595 келі қарабарақ тұқымы және 3 550 000 дана сексеуіл көшеті дайындалып, тиісті жұмыстар қамтамасыз етілген.
Сондай-ақ мекеме қызметкерлері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясына белсенді түрде қатысуда. Аудан аумағының санитарлық тазалығын қамтамасыз ету, қоршаған ортаны абаттандыру және көгалдандыру мақсатында тазалық жұмыстарын тұрақты түрде ұйымдастырып келеді.
Мекеменің жоспары жұмыр, мақсаты айқын, ісі тиянақты. Мұны біз атқарылып жатқан қарқынды жұмыс барысынан аңғардық.
– Мекеме қызметкерлері орман қоры жерлерін молайту үшін қажырлы еңбек етіп келеді. Биыл 27 га жерге механикалық күтіп-баптау жүргізу, 10 га жерге уақытша сексеуіл тұқымбағын ұйымдастыру, 500 га жерге сексеуіл тұқымын себу, 2033 кг сексеуіл тұқымын жинау, 43,4 га жерге орман потологиялық зерттеу, 1079187 га мемлекеттік орман қоры жерін қорғау және орман заң бұзушылықтарын болдырмау және алдын алу жұмыстарын жүргізудеміз, – дейді Мұхамммеджан Рүстемов.
«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» дейді дана халқымыз. Мұның астарында терең мағына жатыр. Осы айтылған аталы сөзді тек сөзбен емес, нақты әрекетпен дәлелдеп, орман санын молайтып, жануарлар дүниесін күн-түн демей қорғап келе жатқан мамандардың жұмысына толағай табыс тілейміз!

Мейіржан ИБРАГИМОВ
20 қазан 2026 ж. 46 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№80 (9447)

20 қазан 2026 ж.

№79 (9446).

17 қазан 2026 ж.

№78 (9445)

13 қазан 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031