Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Базар бағамы: Қалтаның қауқары қай деңгейде?

Базар бағамы: Қалтаның қауқары қай деңгейде?

Базарға немесе дүкенге кірген адам үшін инфляция – экономикалық термин емес. Ол – касса алдында есептеген ақша, үйге көтеріп қайтқан дорба және ай соңына дейін жеткізуі тиіс жалақы. Бір қарағанда бір-екі тауардың бірнеше теңгеге қымбаттауы елеусіз көрінуі мүмкін. Бірақ күн сайын алынатын нан, сүт, ет, жұмыртқа, май, ұн, күріш пен көкөністің бағасы біртіндеп өскен сайын оның салмағы отбасы бюджетіне анық сезіледі.
Қазақстанда азық-түлік бағасының мәселесі әлі де күн тәртібінен түскен жоқ. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2026 жылғы қыркүйекте елдегі жылдық инфляция 9,3 пайыз болса, азық-түлік тауарларының бағасы бір жылда 8,5 пайызға өскен. Оның ішінде ет пен құс өнімдері 10,2 пайызға, нан және нан өнімдері 9,9 пайызға, ішетін сүт 8,4 пайызға қымбаттаған. Бұл – республика бойынша орташа көрсеткіш. Ал Қызылорда облысына көз салсақ, жағдайдың өзіндік сипаты бар. Ұлттық статистика бюро­сының өңірлік деректерінде 2026 жылғы тамызда азық-түлік тауарларының бағасы 2025 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 5,4 пайызға жоғарылағаны көрсетілген. Яғни жылдың алғашқы сегіз айында облыс тұрғындарының азық-түлікке жұмсайтын шығыны төмендемеген, керісінше баға деңгейі өскен.
Шиелі де бұл үрдістен тыс емес. Аудан әкімдігінің мәліметінше, әлеуметтік маңызы бар 31 түрлі азық-түлік өніміне күнделікті мониторинг жүргізіледі. 2026 жылдың 1 қаңтары мен 1 шілдесі аралығындағы салыстырмалы бағаларда 11 өнімнің арзандағаны көрсетілген. Рожки 30 теңгеге, күріш 25 теңгеге, қырыққабат 75 теңгеге, айран 200 теңгеге, ірімшік пен сары май 500 теңгеге, жұмыртқа 17 теңгеге төмендеген. Бір қарағанда, бұл – тұтынушы үшін жақсы жаңалық. Бірақ мәселенің екінші жағы бар. Бір өнімнің арзандауы жалпы азық-түлік себетінің арзандағанын білдірмейді. ­Отбасы күн сайын тек күріш немесе қырыққабат сатып алмайды. Дастарханға ет, сүт, нан, май, жұмыртқа да, көкөніс те керек. Бір тауардың бағасы төмендеген кезде екіншісінің бағасы өссе, отбасы бюджетінің жалпы салмағы бәрібір жеңілдемейді.
Сондықтан «баға арзандады» деген ақпаратты оқығанда ең маңызды сұрақ – қандай тауар арзандады және отбасы ай сайын қанша үнемдеді? Бұл сұраққа жауап беру үшін қарапайым отбасының азық-түлік себетіне назар аударсақ жеткілікті. Мәселен, төрт адамнан тұратын отбасы ай ішінде ұн, нан, күріш, макарон, ет, тауық еті, сүт, айран, май, жұмыртқа, қант, шай, картоп, пияз, сәбіз және басқа да күнделікті өнімдерді тұрақты сатып алады. Әр өнімнің бағасындағы аз ғана өзгеріс ай соңында бірнеше мың теңгеге айналуы мүмкін. Ал төрт емес, бес-алты адам тұратын отбасы үшін бұл айырмашылық одан да айқын сезіледі. Әсіресе мектеп жасындағы балалары бар отбасыларда азық-түлік шығыны тұрақты әрі жоғары болады. Мұндай кезде дүкендегі әрбір баға өзгерісі отбасының басқа қажеттілігіне бөлінетін қаржыға әсер етеді.
Мәселенің тағы бір қыры – бағаның қай жерде қалыптасатыны. Өнімнің өндірушіден тұтынушыға жеткенше бірнеше кезеңнен өтетіні белгілі. Өндіріс шығыны, тасымал, сақтау, жалға алу, электр энергиясы, еңбек ақы және сауда шығындары түпкі бағаға әсер етеді. Сондықтан «баға неге өсті?» деген сұраққа тек сатушыдан жауап іздеу жеткіліксіз.
Дегенмен мемлекет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын бақылаусыз қалдырған жоқ. Шиелі ауданында арнайы мониторинг жүргізіліп, кәсіпкерлерге әлеуметтік маңызы бар өнімдер бойынша белгіленген сауда үстемесін сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Аудан бойынша мұндай бақылау тұрақты жүргізіліп тұрады.
Бағаны тұрақтандырудың тағы бір жолы – жергілікті өнім көлемін арттыру. Бұл тұрғыдан Шиелінің өз мүмкіндігі бар. Аудан әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, тұрғындардың өзін-өзі азық-түлікпен қамтамасыз етуі үшін 2026 жылы қосымша 1520 гектар жер дайындалып, 1390 отбасыға үлестірілген болатын. Оның 520 гектарына тамшылатып суару арқылы көкөніс-бақша дақылдарын егу жұмыстары жүргізілген. Бұл бастаманың мәні тереңде жатыр. Өйткені азық-түлік бағасын тек дүкен сөресінде бақылау жеткіліксіз. Егер ауылда картоп, пияз, сәбіз, қызанақ секілді өнім көбірек өндірілсе, сырттан келетін тауарға тәуелділік азаяды. Өнім көбейсе, бәсекелестік артады. Ал бәсекелестік бар жерде бағаның негізсіз шарықтауына мүмкіндік те азаяды.
Ауданда ауыл шаруашылығының дамуы да азық-түлік қауіпсіздігімен тікелей байланысты. Егін шаруашылығында күрішпен бірге көкөніс, бақша өнімдерін өндіру көлемі де артып келеді. Бұл – бір жағынан жергілікті шаруаның табысы болса, екінші жағынан аудан халқының дастарханына түсетін өнімнің көзі. Сондықтан азық-түлік бағасын тұрақтандыру туралы сөз болғанда, мәселені тек бір өнімнің бағасын уақытша арзандатумен шектеуге болмайды. Өндіріс пен ауыл шаруашылығын қолдау, сақтау қоймаларын көбейту, тасымал шығынын азайту, делдалдық тізбекті қысқарту, отандық өнім көлемін арттыру секілді ұзақ мерзімді шараларды күн тәртібінен түсірмеуіміз қажет.
Түйін: Бағаның шын бағасы – дүкен сөресінен емес, отбасы әмиянынан көрінеді. Ал дастарханның қаншалықты жұтаңдағанын немесе молайғанын ең дәл көрсететін статистика – әр үйдің ай соңындағы есебі емес пе?

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
06 қазан 2026 ж. 117 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№76 (9443)

06 қазан 2026 ж.

№75 (9442)

03 қазан 2026 ж.

№74 (9441).

29 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031