Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қабырға артындағы қасіретке қашан тоқтам болады?

Қабырға артындағы қасіретке қашан тоқтам болады?

Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы үнемі айтылады. Заң күшейтілді, жауапкершілік артты, құқық қорғау органдары ескертіп, мамандар түсіндіруде, дағдарыс орталықтары көмек көрсетңп жатыр. Сонда да қабырға артында қанша тағдырдың күйреуі азаяр емес.
Бұл сұраққа жауап іздегенде мәселенің тек заңда емес екенін түсінеміз. Өйткені зорлық-зомбылықтың алдын алу – жазаны күшейтумен ғана шектелмейді. Оның тамыры әлдеқайда тереңде.

Зорлық жұдырықтан бұрын ­басталады
Көп жағдайда зорлық дегенде көз алдымызға ұрып-соғу, денеге жарақат салу елестейді. Алайда зорлықтың алғашқы белгілері бұдан әлдеқайда ертерек пайда болуы мүмкін. Телефонды қайта-қайта тексеру, кіммен сөйлескенін бақылау, достарымен, туған-туыстарымен араласуына тыйым салу, киіміне, жүріс-тұрысына, жұмысын, ақшасын толық бақылауға алу, әр сөзін кемсітіп, «Сенен түк шықпайды», «Саған кім қарайды?», «Бәріне өзің кінәлісің» деген кемсітулердің соңы өкінішті жағдаймен аяқталып жатады.
Осылардың бәрін кейде «мінезі сондай», «қызғанғаны ғой», «отбасын ойлағаны» деп ақтап алуға тырысамыз. Оған қоса қоғамда «ел не дейді?» деген түсінік әлі де бар. Кейбір әйелдер өзіне жасалған қысым мен зорлықты туған-туысына айтуға ұялады. Балалары үшін шыдап, «ажырасып кетсем, жұрт не ойлайды?» деп қорқатындар да бар. Ал кейде жәбір көрген адамды айналасындағылардың өзі кінәлайды. «Күйеуің ғой, шыда», «Еркек болған соң ашуланады да», «Отбасыңды сақта», «Балалар үшін сабыр ет» деп ақыл айтатындар аз емес. Психолог Гүлзина Берікқызы:
– Отбасы – сырт көзге жақсы көріну үшін сақталатын шаңырақ емес. Оның ең басты құндылығы – сол шаңырақтағы адамдардың қауіпсіздігі мен өзара сыйластығы. Бала да ата-анасының арасындағы қарым-қатынасты көріп өседі. Үнемі айқай-шуды, қорқынышты, кемсітуді көрген бала мұндай қарым-қатынасты қалыпты нәрсе деп қабылдауы мүмкін, – дейді.

Заңды тиімді қолдану маңызды
Соңғы жылдары елімізде әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заңнамалық өзгерістер қабылданып, зорлық-зомбылыққа байланысты жауапкершілік күшейтілді. Мемлекет басшысы да әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі ретінде айқындап, зорлық-зомбылықтың кез келген түріне мүлдем төзбеушілік таныту қажеттігін атап өтті.
Бірақ заңның қабылдануы жеткіліксіз. Заңды білу, оған жүгіну тетігін түсіну, қауіп төнген адамға дер кезінде көмек көрсету, құқық қорғау және әлеуметтік органдардың өзара байланысын күшейту де маңызды. Әсіресе қауіп деңгейі жоғары жағдайларда полиция, прокуратура, сот, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау органдары мен дағдарыс орталықтарының жұмысы өзара үйлесімді болғаны жөн. Бір мекеме «біз өз міндетімізді орындадық» деп шектелмеуі керек. Өйткені адамның өмірі мен қауіпсіздігі ведомстволық шекараға бөлінбейді.

«Ұят» деген ұғым қауіпсіздіктен жоғары тұрмауы керек
Қазақ қоғамында отбасы, шаңырақ, үлкенді сыйлау, ағайынның абыройын сақтау сияқты құндылықтар әрдайым маңызды болған. Бірақ осы құндылықтардың өзін дұрыс түсіну керек. Отбасының абыройын сақтаймын деп қорлыққа шыдап жүре беруге, балам үшін деп оның қатігездік көрген ортада өсуіне жол бермеу керек. Керісінше, нағыз отбасы құндылығы – бір-біріне құрметпен қарау, әлсізге қолдау көрсету, мәселені күшпен емес, ақылмен шешу.
– Біз кейде көршіміздің үйінен шыққан айқайға құлақ аспай, «Өздері біледі» дейміз. Танысымыздың отбасыдағы қиындықтарын естісек, «араласқан дұрыс емес» деп ойлаймыз. Әрине, кез келген жанжалға жөн-жосықсыз араласу дұрыс емес. Бірақ адамның өміріне немесе денсаулығына қауіп төніп тұрған жағдайда бейжай қалу да қауіпті. Мұнда ең бастысы – жағдайды ушықтырмай, тиісті қызметтерге хабарлау және жәбірленушінің қауіпсіздігін бірінші орынға қою. Зорлық-зомбылықпен күрес тек полицияның жұмысы емес. Бұл – отбасының да, мектептің де, медициналық ұйымның да, әлеуметтік қызметтің де, көршінің де, жалпы қоғамның да ортақ жауапкершілігі, – дейді психолог.

Материалдық дүниеден бұрын – адам
Бүгінгі қоғамда материалдық жетістікке ұмтылыс күшейді. Үй, көлік, жақсы киім, жоғары табыс – адамның тұрмысын жақсартатын құндылықтар. Бірақ сол дүниелердің бәрі адамның жан тыныштығы мен қауіпсіздігін алмастыра алмайды.
Бір шаңырақтың астында тұрып, бір-бірін тыңдамау, бір-бірінің пікірін құрметтемеу, бір-біріне сенбеу – отбасының сыртқы бүтіндігін ғана сақтауы мүмкін. Ал ішкі байланыс үзілсе, шаңырақтың берекесі де кетеді.
Өмірдің тұйығы – батпақтың ұйығы. Бір батқан соң шығу қиын. Сондықтан зорлықтың алғашқы белгілерін елемей, «өзі басылар» деп жүре беру – қауіпті. Бүгінгі бақылау ертең қорқытуға, ертеңгі қорқыту күш көрсетуге ұласуы мүмкін. Ал оның соңы орны толмас өкінішке айналуы ықтимал.
Меркідегі 19 жастағы келіншектің қазасы – қоғамға тағы бір ауыр ой салды. Біз мұндай жағдайдан кейін ғана дүрлігіп, біраз уақыт өткен соң қайтадан ұмытып кетпеуіміз керек. Өйткені әрбір қайғылы жағдайдың артында қаншама адам мен қоғамның тағдыры тұр.
Қабырға артындағы қасірет қашан тоқтайды? Бұл сұраққа тек мемлекеттік органдар емес, әрқайсымыз жауап іздеуіміз керек.

Г.СӘБИТҚЫЗЫ
22 қыркүйек 2026 ж. 22 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№72 (9439)

22 қыркүйек 2026 ж.

№71 (9438)

19 қыркүйек 2026 ж.

№70 (9437)

15 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930