Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тазалық – талғам емес, тәрбие

Тазалық – талғам емес, тәрбие

Тазалықты сыпырғыш пен күректің көлеңкесіне ғана сыйғызуға болмайды. Тазалық – адамның мәдениеті, қоршаған ортаға көзқарасы, еңбекке қатынасы, туған жеріне деген ықыласы. Ауладағы бір талды суару, көшедегі шашылған қоқысты көтеру, мектеп партасын ұқыпты ұстау – сырттай қарағанда қарапайым әрекеттер. Ал шын мәнінде мұның бәрі үлкен азаматтық мінездің бастауы. Сондықтан «Таза Қазақстан» бастамасын жыл сайын өтетін сенбілікпен ғана шектеуге болмайды. Бұл – тазалық арқылы санаға, еңбек арқылы мінезге, білім арқылы болашаққа әсер ететін ауқымды тәрбие мектебі деп қарастыруымыз қажет.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тазалық – ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігіне айналуы қажет» деген болатын. Бұл – жай ғана әдемі сөз емес. Өйткені елдің тазалығы адамның өзінен басталады. Ал адамды өзгерту үшін оның бойына бала күнінен жауапкершілік, ұқыптылық, еңбекқорлық сияқты қасиеттерді сіңіре білуіміз керек. Осы тұрғыдан алғанда, «Таза Қазақстан» мен білім беру саласының арасында табиғи байланыс бар. Мектеп – білім беретін ғимарат әрі азамат қалыптастыратын орта. Оқушы табиғатты оқулықтан ғана танып қоймай, оған қолымен қамқорлық жасағанда ғана экологиялық мәдениет өмірлік дағдыға айналады.
Бір көшет отырғызған бала ертең сол ағаштың көлеңкесін ойлайды. Бір гүлзарды өзі күтіп-баптаған оқушы оны таптауға қимайды. Мектеп ауласын тазалауға атсалысқан жас айналасына шашылған қоқысқа бейжай қарамайды. Себебі еңбекпен жасалған нәрсенің қадірі бөлек. Міне, тәрбиенің күші осында.
Бүгінде елімізде «Таза Қазақстан» бастамасы аудан тұрғындарын, кәсіпкерлер мен қызметкерлерді, білім алушыларды экологиялық мәдениетке баули түсуде. Апта сайын сенбіліктер ұйымдастырылып, Шиелінің ажары күн санап артып келеді. Тұрғындар да өз ауласын тазалап, айналасын гүлмен көмкеріп, қоқыс тастау мәдениетін қалыптастырып келеді. Оған қоса еліміздегі барлық мектептерде экологиялық клубтар мен үйірмелер жұмыс істеп, оқушылар ағаш отырғызу, аумақтарды абаттандыру, табиғатты қорғау іс-шараларына қатысуда. Мәселен, оқу жылында еліміздегі мектептерде төрт мыңнан астам «Жасыл клуб» құрылып, 125 мыңнан астам оқушы акцияға үн қосқан екен. Олай болса артымызда табиғатпен тіл табысуды үйреніп келе жатқан ұрпақ бар.
Алайда қазіргі баланы тек күрек ұстатып, аула тазалатумен шектеп қою да жеткіліксіз. Жас ұрпақтың бойындағы қызығушылықты ғылыммен ұштастыру қажет. Біз мектеп қабырғасында оқушыларға «Неге қоқыс көбейеді?», «Оны қалай азайтуға болады?», «Қалдықты қайта пайдаланудың жолы қандай?», «Суды қалай үнемдейміз?», «Мектеп ауласындағы ауаны қалай таза ұстаймыз?» деген сұрақтар қойып, өзі жауап іздегенін жөн көреміз. Сонда сенбілік зерттеуге айналады. Қоқысқа жай ғана қалдық ретінде қарамай, зерттеу нысанына айналдырады. Оқушылар мектепте қандай қалдық көп шығатынын есептей алады. Қағаз, ­пластик, шыны қалдықтарын бөлек жинаудың тиімділігін салыстырады. Суды үнемдеудің жолдарын ұсынады. Энергияны аз жұмсаудың амалдарын қарастырады. Мектеп ауласын көгалдандырудың жобасын жасайды. Осылайша тазалықты ғылыммен тоғыстыра түсеміз.
Бүгінгі оқушы ертең экологиялық мәселелерді шешетін маман болуы мүмкін. Бірі инженер болады, бірі биолог, бірі агроном, бірі эколог, енді бірі жаңа технология ойлап табатын зерттеуші атанады. Оның бала күнінде табиғатқа қойған бір сұрағы ертең үлкен ғылыми жобаға айналуы ықтимал. Сондықтан «Таза Қазақстан» аясындағы әрбір іс-шара баланың қолын ғана емес, ойын да іске қосуына себепкер боларына сенемін.

Майра Оспанқұлова,
№158 орта мектебі
22 қыркүйек 2026 ж. 23 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№72 (9439)

22 қыркүйек 2026 ж.

№71 (9438)

19 қыркүйек 2026 ж.

№70 (9437)

15 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930