Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тарихқа – құрмет, майдангерге –тағзым

Тарихқа – құрмет, майдангерге –тағзым

Соғыс деген – тарихтың суық сөзі ғана емес. Онда туған жерін қимай аттанған боздақтардың үміті, ананың көз жасы, әкенің үнсіз күрсінісі, қаралы хабар күткен ауылдың жүрек дүрсілі бар. 1941 жылдың қасіретті жазынан кейін қазақ даласының әр түкпірінен мыңдаған азамат қолына қару алып, Отан қорғауға аттанды. Солардың қатарында Керделі ауылында 1916 жылы дүниеге келген Төлеу Жүсіпұлы да болды.
Төлеу 1942 жылдың 10 қаңтарында Тәжікстан облысы, Құрғантөбе ауданының әскери комиссариаты арқылы әскер қатарына шақырылған. Ол кезде майдан даласында жағдай аса ауыр еді. Қыс қытымыр. Қарлы боран мен аяз қару ұстаған жауынгердің ғана емес, бүкіл елдің төзімін сынаған кезең болатын. Кеше ғана бейбіт заманда еңбектеніп жүрген азаматтар бір күнде шинель киіп, қолына қару алып, ел тағдырын арқалады. Төлеу де сол сапқа қосылды.
Майдангердің әскери билеті – НТ №0991224, шені – сержант болған. 1942 жылдың 30 қазанында 19-гвардиялық атқыштар полкінде ант қабылдайды. Ант – жауынгер үшін жай ғана сөз емес. Ол туған елдің алдындағы серт, қандай қиындық кездессе де саптан таймауға берген уәде еді. Сержант Төлеу сол жауапкершілікті арқалап, жауынгерлік жолын жалғастырды.
1942 жылдың қаңтарынан 1943 жылдың қаңтарына дейін бөлімше командирінің міндетін атқарды. Ал 1943 жылдың қаңтарынан 1945 жылдың мамырына дейін 8-гвардиялық атқыштар дивизиясында бөлімше командирі болып, жауынгерлермен бірге соғыстың ауыр белестерінен өтті. Бұл жылдар адам өміріне өлшеусіз салмақ салған уақыт еді. Майданда күн мен түннің айырмасы азайып, зеңбірек үні таңғы тыныштықты бұзды. Окоптағы бір үзім нанның қадірі артып, алыстағы туған ауылдың елесі жауынгерге медет болды.
Төлеудің майдандағы қызметі оның тек қару ұстаған жауынгер емес, өзгелерге жауап беретін командир болғанын аңғартады. Бөлімше командирі болу – өзің үшін ғана емес, қасыңдағы сарбаздардың өмірі үшін де жауапкершілік арқалау. Соғыс жағдайында мұндай міндеттің салмағын сөзбен өлшеу қиын. Жауынгерлерін соңынан ертіп, бұйрықты орындау, қауіп-қатерге қарамау, сын сағатта сабыр сақтау – майдангердің азаматтық болмысын айқындай түсті.
Ұлы Жеңіс жақындаған 1945 жылдың көктемінде майдандағы мылтық үні біртіндеп бәсеңдей бастады. Бірақ соғыс салған жараның жазылуы әлі талай жылға созылары сөзсіз еді. 1945 жылдың 20 мамырында Төлеу әскери қызметтен босатылды. Ол елге жеңіспен оралған жауынгерлердің қатарында туған топырағына табан тіреді. Майданнан оралған азамат үшін бейбіт өмірдің әр таңы қандай қымбат болғанын сол дәуірдің адамдары ғана толық сезіне алды.
Арада жылдар өтті. Соғыс тарихқа айналды. Бірақ уақыт өткен сайын майдангерлердің ерлігі көмескіленуге емес, қайта тереңірек таныла түсуге тиіс. Сол бір сұрапыл жылдар артта қалғанымен, ендігі кезең еңбек майданына ұласты. Әбден қалжырап, қажыған елді қайта аяққа тұрғызу да үлкен жұмыс еді. Майдангер бұл жолды да еңсерді. Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығына сәйкес ол 2004 жылы «Жеңіс» медалімен марапатталды. Сондай-ақ 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 60 жылдығына арналған мерекелік медальды кеудесіне тақты. Бұл марапаттар – соғыстың жүрекке салған жарасын жаза алмайды. Бірақ нағыз құрметке лайық!
Бүгін біз аспанымыз ашық, еліміз тыныш заманда өмір сүріп отырмыз. Балалар мектепке алаңсыз барады, шаңырақта бейбіт тіршілік жалғасуда. Осы тыныштықтың бағасын білу үшін кейде тарихтың қаралы беттеріне көз салудың өзі жеткілікті. Бірі майданға аттанды, бірі тылда еңбек етті, бірі қаралы қағаз күтті. Ал Төлеу секілді ел қорғаған ерлердің есімі – сол ауыр жылдардың тірі шежіресі.
Майдангердің есімін есте сақтау – бүгінгі ұрпақтың азаматтық парызын сезіну. Сондықтан Шиелі ауданында Төлеу Азаматтың есімін бір көшеге беру – орынды әрі тағылымды құрмет болар еді. Көшенің маңдайшасындағы есім күн сайын елге қызмет еткен ердің рухын еске салып тұрса, сол көшеде ойнап өскен бала «Бұл кім?» деп сұрар еді. Сонда үлкендер оған: «Бұл – ел басына күн туған кезде қолына қару алып, майданға аттанған біздің жерлесіміз, сержант Төлеу» деп оның өмір жолын айтып берсе, ерліктің ескерілгені емес пе?
Есім – ескерткіштің ең қарапайым, бірақ ең өміршең түрі. Тас мүжіледі, бояу өшеді, жылдар жылжиды. Ал елді мекендегі көше атауы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, тарихты күнделікті өмірмен сабақтастырып тұрады. Олай болса бір көшеге майдангер Төлеудің есімін беру – оның алдында ғана емес, соғыс ауыртпалығын көтерген барша ардагердің алдында жасалған тағзым болар еді.
Өйткені бүгінгі бейбіт күн бізге өздігінен келген жоқ. Оның әрбір тыныш таңының артында окопта тоңған жауынгердің табаны, майданда қалған боздақтың тағдыры, ауылда күткен ананың көз жасы бар. Сол тарихты ұмытпау – біздің парызымыз.

Г.Әбдіханиқызы,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
21 қыркүйек 2026 ж. 20 0

Қоғам

Лайкқа    лайық өмір іздеп...
21 қыркүйек 2026 ж. 55

PDF нұсқалар мұрағаты

№71 (9438)

19 қыркүйек 2026 ж.

№70 (9437)

15 қыркүйек 2026 ж.

№69 (9436).

12 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930