ӨРЛІККЕ ТОЛЫ ҒҰМЫР: Бұқарбай Тәжібаевтың тағылымды жолы
Ұлы Отан соғысы – адамзат тарихындағы ең қасіретті кезеңдердің бірі. Бұл сұрапыл соғыс миллиондаған адамның тағдырын өзгертіп, талай отбасының шаңырағын шайқалтты. Жеңіс жолында жанын қиған боздақтардың ерлігі тарих бетінде алтын әріппен жазылса, елге аман оралған майдангерлердің өмір жолы да ұлт жадында мәңгі сақталуға лайық. Солардың бірі – Шиелі өңірінің тумасы, бірнеше рет ауыр жараланып, бірақ жауынгерлік рухынан танбаған майдангер Бұқарбай Тәжібаев.Бұқарбай Тәжібаев 1921 жылы Ортақшыл ауылында дүниеге келген. Оның балалық шағы ел басына түскен ауыр кезеңмен тұспа-тұс келді. Әкесінен ерте айырылған бала анасының қамқорлығында болды. 1930 жылдардағы алапат ашаршылық Тәжібаевтар әулетін де айналып өтпеді. Күнкөріс қамымен Ташкент өңіріне ауа көшкен отбасы 1932 жылдың күзінде туған жерге қайта оралғанымен, ел ішіндегі жоқшылық пен аштық әлі де еңсені басып тұрған еді. Немерелес ағайыны Әуестің шаңырағын паналаған отбасы күн сайын тіршілік үшін күресті. Шашыратқы шөбінен қайнатылған шай, кепкен қауынның қабығы мен бір үзім талғажау – сол кезеңнің ащы шындығы болатын. Осындай жоқшылық пен қиындық Бұқарбай Тәжібаевтың жігерін мұқалтқан жоқ. Қайта оны төзімділікке, еңбекқорлыққа және өмірдің қандай ауыр сынағына болса да мойымай қарсы тұруға тәрбиеледі.
1941 жылдың көктемінде ол Шиелідегі мал бордақылау кешеніне жұмысқа орналасты. Алайда бейбіт еңбек ұзаққа созылмады. Маусым айында соғыс өрті тұтанып, елдің барлық күші майдан қажетіне жұмылдырылды. Бұқарбай бордақыланған малды Орынбор арқылы Ор қаласындағы ет комбинатына айдап апару жұмысына қатысып жүрген кезде әскер қатарына шақырылады. 1942 жылы Петропавл қаласында қысқа мерзімді әскери дайындықтан өткен жас сарбаз Калинин майданына жөнелтіледі. Ол 302-атқыштар полкінің құрамында «Максим» пулеметінің есептобында жауынгерлік міндетін атқарды. Алғашқы күннен-ақ жауынгерлерді аяусыз шайқастар күтіп тұрды. Калинин, Ржев және Великие Луки бағытындағы ұрыстарда Бұқарбай атаның жауынгерлік шыңдаудан өтіп қана қоймай, ерлігімен де көзге түсті.
Дурес қаласы маңындағы шайқаста оң иығынан ауыр жараланып, екі ай госпитальда емделді. Денсаулығы қалпына келе салысымен қайтадан сапқа қосылып, қаруластарымен бірге жауға қарсы соғысты жалғастырды. Кенингсберг түбіндегі кескілескен шайқас оның тағдырындағы ең ауыр кезеңдердің бірі болды. Жақын маңда жарылған минаның жарықшағы оң аяғын ауыр жаралайды. Ес-түссіз жатқан жауынгерді Хамытбек есімді қазақ сарбазы қауіп-қатерге қарамастан арқалап, екі шақырым жердегі санитарлық бөлімге жеткізеді. Дәрігерлер аяқты кесуге мәжбүр боламыз деген қорытынды жасағанымен, ұзақ емнің нәтижесінде аяқ аман сақталып қалады. Бұл – жауынгердің өмірге деген құштарлығы мен дәрігерлердің табандылығының жеңісі еді. Жарақатынан кейін де Бұқарбай ата майданнан қол үзбеді. Литва мен Латвияны азат ету операцияларына қатысып, Метаба қаласы үшін шайқаста тағы да жараланды. Төрт ай бойы госпитальда ем қабылдаған соң 44-Ленинград танкіге қарсы атқыштар бригадасының құрамында соғысын жалғастырды. Алайда соғыс оған тағы бір ауыр соққы дайындап тұрған еді. Күшті бомбалау кезінде топырақ астында қалып қойған жауынгерді қаруластары аман алып шығады. Денесінің бәрі жаншылып, сол иығына жарықшақ қадалады. Екі аптадан астам уақыт ес-түссіз жатқан майдангердің қос құлағы мүлде естімей қалады. Соған қарамастан ол қайтадан сапқа тұрып, жауынгерлік борышын өтеуді жалғастырды. Бұл – адам төзгісіз қиындыққа қарамастан мойымаған қазақ жауынгерінің қайсарлығы еді.
Соғыстың соңғы кезеңінде Бұқарбай ата Шығыс Пруссиядағы шешуші ұрыстарға қатысып, Кенигсберг қаласын азат ету жолындағы шайқастардың бел ортасында болды. Жеңістен кейін де оның әскери жолы аяқталған жоқ. Кеңес әскері Қиыр Шығысқа бет бұрғанда ол әскери құрамамен бірге Жапонияға қарсы соғысқа аттанды. Манчжуриядағы Харбин қаласын азат ету операциясына қатысып, самурайларға қарсы шайқастарда ерлік көрсетті. Соғыс аяқталғаннан кейін әскери бөлім Свободный қаласында орналастырылып, тек 1946 жылдың жазында ғана туған жеріне оралу бақыты бұйырды. Елге жеңіспен оралған майдангер бейбіт еңбекке белсене араласты. Туған ауылында қой шаруашылығын дамытуға үлес қосып, елдің тұрмысын жақсартуға күш салды. Бірақ соғыста алған жарақаттарының салдары оны өмір бойы мазалады. Жылдар өте келе қос құлағы мүлде естімей қалды. Дәрігерлердің емі де бұл дертке шипа бола алмады. Соған қарамастан Бұқарбай ата тағдырға мойымай, адал еңбек етіп, ұрпағына өнегелі өмірдің үлгісін көрсетті. Өмірінің ең үлкен бақыты – бейбіт күннің қадірін сезіну еді. Ұлы Өркен мен алты қызынан тараған ұрпақтың қызығын көріп, немере-шөберелерінің ортасында ғұмыр кешті. Ұрпағына айтатын ең басты өсиеті де біреу болды: елдің тыныштығынан асқан байлық жоқ.
«Бұл Жеңіс оңай келген жоқ. Майдан даласында қаншама боздақтың сүйегі жат жерде қалды. Біз әділдік жеңетініне сеніп соғыстық. Соғыстың жарасы адам тәнінен ғана емес, жүректен де кетпейді. Құлағымның естімей қалуы – сол күндердің ізі. Бірақ тәуелсіз еліміздің көк байрағы желбіреп, қазақ елінің әлемге танылғанын көру – біз үшін ең үлкен бақыт. Кейінгі ұрпақ соғыс деген қасіретті ешқашан көрмесін», – деген майдангердің осы бір сөзі оның бүкіл өмірінің мәнін айқындап тұрғандай.
Бұқарбай ата өмірлік жары Тәжіхан екеуі 6 бала өсіріп, ұл мен қыздан 25 немере өрбіді.
Бұқарбай Тәжібаевтың өмір жолы – ерліктің ғана емес, адам рухының мықтылығының айқын дәлелі. Ол майдан даласында Отанын қорғады, бейбіт өмірде елдің еңсесін көтеруге еңбек етті. Оның тағдыры – жеңісті жақындатқан тұтас бір буынның тағдыры. Ол ұрыс даласында да, еңбек майданында да алдыңғы шепте болған. Ұлы Отан соғысындағы ерлігі мен қайсарлығы үшін 2-ші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, Жеңіс күніне арналған мерекелік медальдармен, «Жуков» және «Еңбек ардагері» медалімен, сонымен қатар «Социалистік жарыс жеңімпазы» төсбелгісімен марапатталған. Осы ретте Бұқарбай атаның өнегелі өмір жолын ұрпақ жадында қалдыру мақсатында майдангер есімімен аудан орталығындағы бір көшені атауды ұсынамын. Осындай азаматтардың жанқиярлығының арқасында бүгінгі ұрпақ бейбіт аспан астында өмір сүріп келеді. Сондықтан майдангерлердің есімі мен ерлігі ұлт жадында мәңгі сақталып, кейінгі буынға отансүйгіштік пен елдік рухтың өлмес өнегесі болып қала бермек.
Қасымхан ҚЫДЫРБАЕВ






