Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЗАҢ ТАЛАБЫ – ОРТАҚ, ЖАУАП ТА НАҚТЫ БОЛУЫ КЕРЕК

ЗАҢ ТАЛАБЫ – ОРТАҚ, ЖАУАП ТА НАҚТЫ БОЛУЫ КЕРЕК

Шиелі аудандық «Өскен өңір» газетінің 29 тамыз күнгі №65 санында жарық көрген әскери ардагер Сапар Таңатаровтың «Ардагерге алты ай күту керек пе?» атты мақаласы жарық көрген болатын. Онда көтерілген мәселені назарға ала отырып, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы, майор Береке Усайнұлының жауабын ұсынамыз.
Ең алдымен айтарымыз, әскери ардагерлердің еңбегі мен ел алдындағы қызметі әрдайым құрметке лайық. Мемлекет үшін әскери борышын атқарып, сол кездегі кеңес одағының тапсырмасымен шетелде қызмет еткен азаматтардың өмір жолы – тарихтың бір бөлігі. Сондықтан ардагердің өзіне қатысты заңдық құқықтарын білгісі келуі – заңды талап. Алайда әлеуметтік жеңілдіктерді тағайындау мәселесінде эмоцияға емес, нақты құқықтық нормаларға сүйену қажет.
Қазақстан Республикасының «Ардагерлер туралы» заңында ардагерлердің санаттары және оларға берілетін мемлекеттік қолдау шаралары нақты белгіленген. Атап айтқанда, Заңның 6-бабында жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлердің санаттары көрсетілген. Олардың қатарында Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі әскери қызметке байланысты белгілі бір санаттағы азаматтар, Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы шет мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысушылар, Чернобыль атом-электр станциясындағы апат салдарын жоюға қатысқан және ядролық сынақтарға тікелей қатысқан азаматтар, сондай-ақ әскери қызметті атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ұрыс қимылдары жүргізілген мемлекеттерде қызмет атқаруына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектігі белгіленген әскери қызметшілер және заңда нақты көрсетілген басқа да санаттар бар. Бірақ осы бапта 1968 жылғы Чехословакия оқиғасына қатысқан әскери қызметшілер жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген жеке санат ретінде көрсетілмеген.
Бұл мәселені Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы №192 бұйрығымен бекітілген арнаулы мемлекеттік жәрдемақы тағайындау және төлеу қағидаларындағы тізбелер де нақтылай түседі. Аталған бұйрықтың қосымшаларында басқа мемлекеттер аумағында жүргізілген ұрыс қимылдары кезеңдерінің және ұрыс қимылдары болған мемлекеттер мен аумақтардың тізбесі белгіленген. Мәселен, тізімде Алжир, Мысыр, Йемен Араб Рес­публикасы, Вьетнам, Сирия, Ангола, Мозамбик, Эфиопия, Ауғанстан, Камбоджа, Бангладеш, Лаос, Сирия мен Ливан сияқты мемлекеттердегі ұрыс қимылдары жүргізілген кезеңдер нақты көрсетілген. Сонымен қатар ұрыс қимылдары болған мемлекеттер мен аумақтардың тізімінде Азаматтық соғыс, кеңес-поляк соғысы, Испаниядағы ұрыс қимылдары, Финляндиямен соғыс, Ұлы Отан соғысы, Жапониямен соғыс, Қытайдағы ұрыс қимылдары, Венгриядағы 1956 жылғы ұрыс қимылдары, Даман аралындағы 1969 жылғы, Жалаңашкөл ауданындағы 1969 жылғы ұрыс қимылдары секілді тарихи оқиғалар қамтылған. Алайда 1968 жылғы Чехословакиядағы оқиғалар бұл тізімде ұрыс қимылдары жүргізілген мемлекет немесе аумақ ретінде көрсетілмеген.
Осы екі құқықтық норманы – «Ардагерлер туралы» заңның 6-бабын және 2023 жылғы №192 бұйрықпен бекітілген тиісті тізбелерді бірге қарастырғанда құқықтық қорытынды айқындалады. 1968 жылғы Чехословакия оқиғасына әскери қызметші ретінде қатысудың өзі Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы бойынша арнаулы мемлекеттік жәрдемақы немесе осы санаттағы ардагерлерге арналған жеңілдіктерді алуға дербес негіз болып табылмайды. Яғни, ардагердің «Чехословакия оқиғасына қатысқан әскери ардагерлерге қазіргі заңнама бойынша жеңілдік қарастырылған ба?» деген сауалына нақты жауап жоқ, дәл осы қатысу фактісіне байланысты жеке жеңілдік қарастырылмаған.
Осыған байланысты аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің архивке сұрау жіберуі – құжаттық деректерді нақтылау қажеттілігінен туындаған рәсім. Алайда архивтен жауап күту мерзімі оның 1968 жылғы Чехословакия оқиғасына қатысуына байланысты заңда жеңілдік бар немесе жоқ екенін анықтайтын мерзім емес. Бұл екі мәселені шатастырмаған жөн.

15 қыркүйек 2026 ж. 42 0

Қоғам

ЖЕР-АНАНЫҢ ЖАҢА СЫЙЫ

15 қыркүйек 2026 ж.

PDF нұсқалар мұрағаты

№70 (9437)

15 қыркүйек 2026 ж.

№69 (9436).

12 қыркүйек 2026 ж.

№68 (9435)

08 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930