БАЛАЛЫҚТЫҢ БАҚЫТ МЕКЕНІ
Елдің ертеңі – білімді, тәрбиелі, дені сау ұрпақтың қолында. Ал сол ұрпақтың қалыптасу жолында баланың әрбір кезеңі, әрбір алған тәлім-тәрбиесі маңызды. Бүгінгі бала – ертеңгі қоғамның тірегі. Сондықтан олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, денсаулығын нығайту, бойындағы қабілетін дамыту – қай кезеңде де өзектілігін жоғалтпайтын міндеттердің бірі.Жазғы демалыс – баланың тек тынығатын уақыты ғана емес, оның жаңа орта қалыптастырып, өмірлік дағдыларын жетілдіретін, өз мүмкіндігін танытатын ерекше сәті. Осы бір шуақты мезгілде балалардың алаңсыз күліп, достық қарым-қатынас орнатып, пайдалы істермен айналысуына мүмкіндік беретін орындардың бірі – Шиелі ауданындағы «Сыр ұланы» балаларды сауықтыру лагері.
Сырдың самалы есіп, жасыл желек көмкерген табиғат аясында орналасқан лагерьге аяқ басқан жанды ең алдымен балалардың шат күлкісі қарсы алады. Бір жерде спорт алаңында доп қуған бүлдіршіндер мәз болса, енді бір бұрышта ән әуелеп, өнерлі өрендер өз өнерлерін паш етуде. Ал кешкілік алау басындағы әсем ән мен көңілді кештер жаздың сәнін келтіріп, балғындардың жүрегіне ұмытылмас естелік сыйлайды. Мұнда әр күн – жаңа әсер, әр сәт – жаңа қуаныш.
Қызылорда облысының білім басқармасының Шиелі ауданы бойынша білім бөлімінің «Сыр ұланы» лагері» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны 2026 жылғы жазғы сауықтыру маусымын 1 маусымнан бастады. Биыл лагерьдің жұмысына 17 миллион 320 мың теңге бөлініп, жазғы маусымда 7 ауысым бойынша 700 баланы сауықтыру жоспарланған. Қазіргі уақытта алтыншы ауысым демалуда. Әр ауысымның ұзақтығы – 10 күн. Балалар лагерьге мектеп жолдамасы арқылы келеді.
Лагерьде балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығына айрықша мән берілген. Медициналық пункт тәулік бойы жұмыс істеп, тұрақты медбике қызмет көрсетеді. Сонымен қатар аудандық емханадан келген дәрігерлер әр ауысым сайын профилактикалық тексерулер жүргізеді. Ал қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында аудандық полиция бөлімінің қызметкері бекітілген.
Демалушылардың әр күні мазмұнды әрі қызықты өтуі үшін лагерьде мәдени кештер, танымдық кездесулер, спорттық жарыстар, сайыстар мен топтық серуендер тұрақты ұйымдастырылады. Табиғат аясындағы ойындар, суға шомылу, дене шынықтыру жаттығулары балалардың денсаулығын нығайтып, сергек өмір салтын қалыптастыруға ықпал етеді. Сондай-ақ лагерьде балаларға күніне алты мезгіл сапалы тамақ беріледі.
«Арман» мәдениет үйімен және аудандық мәдениет, білім мекемелерімен жасалған ынтымақтастық аясында балалар кино көрсетілімдерін тамашалап, мәдени іс-шараларға қатысады. Атап айтсақ, аудандық кітапханаға, «Өлкетану», «Ыбырай Жақаев» және «Нартай Бекежанов» мұражайларына танымдық экскурсиялар ұйымдастырылып келеді. Мұндай шаралар жас ұрпақтың туған жер тарихын танып-білуіне, ұлттық құндылықтарды құрметтеуіне жол ашады.
Жазғы маусымда лагерьде 9 тәрбиеші балалардың тәрбиесі мен демалысын мазмұнды ұйымдастыруда. Олар әр баланың қабілетін шыңдап, ұйымшылдыққа, достыққа және жауапкершілікке тәрбиелеуді басты назарда ұстайды.
Лагерь директоры Бауыржан Әлтайұлы балалардың қауіпсіз әрі мазмұнды демалысын ұйымдастыру – ұжымның басты міндеті екенін атап өтті.
– Біздің мақсатымыз – балалардың жазғы демалысын қызықты да қауіпсіз өткізуіне барлық жағдай жасау. Әр бала лагерьден жақсы көңіл күймен, жаңа достар тауып, жарқын естеліктермен қайтса, еңбегіміздің ақталғаны. Сондықтан әр күннің мазмұнды әрі тәрбиелік мәні жоғары болуына ерекше көңіл бөлеміз, – дейді лагерь басшысы.
Тәрбиеші Бауыржан Сүлейменов те лагерьдің бала тәрбиесіндегі орны ерекше екенін айтады.
– Лагерь – балалардың тек демалатын орны ғана емес. Бұл – олардың жаңа ортаға бейімделіп, достықтың қадірін түсінетін, өз қабілетін ашатын үлкен тәрбие мектебі. Балалардың қуанышы – біздің ең үлкен марапатымыз, – дейді ол.
Ал тәрбиеші Ғалия Әлтаева әр баланың жүрегінде жақсы естелік қалдыруға күш салатындарын жеткізді.
– Біз әр күнді ерекше ұйымдастыруға тырысамыз. Балалардың бір-бірімен еркін араласып, өнерін көрсетіп, спортпен шұғылдануына жағдай жасаймыз. Демалыс соңында олардың лагерьді қимай қоштасуы – біздің еңбегіміздің жеміс, – дейді тәрбиеші.
Лагерь тынысымен танысқан демалушылар да өз әсерлерімен бөлісті. Солардың бірі – №159 «Еңбекші» орта мектебінің 7-сынып оқушысы Бағжан Нұрлыбекұлы.
Бағжан үшін «Сыр ұланы» лагеріндегі демалыс ерекше әсер қалдырған. Ол мұнда көптеген жаңа достар тауып, түрлі ойындар мен жарыстарға қатысып, қызықты уақыт өткізіп жүргенін жеткізді. Тәрбиешілердің балаларға әрдайым қолдау көрсетіп, мазмұнды іс-шаралар ұйымдастыратынын да атап өтті.
Ал анасы Алтынай Нұрабаева лагерьдегі жағдайға оң бағасын берді. Ата-ана үшін ең бастысы – баласының қауіпсіздігі мен жақсы демалысы. «Сыр ұланы» лагерінде балаларға барлық жағдай жасалғанын көріп отырғанын, баласының жақсы көңіл күймен оралуы өздері үшін үлкен қуаныш екенін жеткізді.
Осылайша, жазғы демалыс кезеңінде балалардың уақытын тиімді өткізіп, олардың жан-жақты дамуына мүмкіндік жасап отырған бұл мекен талай бүлдіршіннің жүрегінен орын алуда. Мұнда өткен әрбір күн – достықтың нығайып, жаңа қабілеттердің ашылып, жарқын естеліктердің қалыптасатын сәттері.
Балалық шақтың әрбір қуанышты күні – болашаққа бастар үлкен қадам. Бүгінгі шат күлкі мен көңілді сәттер ертең сағынышпен еске алынатын қымбат естеліктерге айналады. Осындай игі жұмыстар жалғасын тапқан жерде жас ұрпақтың бойында жақсы қасиеттер қалыптасып, олардың арманға деген сенімі арта түседі. Бала көңіліне қуаныш сыйлаған, жүрегіне жылу ұялатқан осынау шуақты мекен талай жаздың куәсі болып, жас ұрпаққа жарқын әсер сыйлай бермек.
Айнұр ИБРАШЕВА








