Құрылтай
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мектеп табалдырығы: алты ма, әлде жеті ме?

Мектеп табалдырығы: алты ма, әлде жеті ме?

Жаз мезгілі аяқталып, жаңа оқу жылы жақындағанда мыңдаған отбасында бірдей уайым мен қызу талқылау басталады. Жыл сайын жаз мезгілінде жүздеген отбасының көкейін кернейтін басты сауал: «Баланы мектепке қай жаста берген дұрыс?».
Бір қарағанда, бұл әр отбасының ішкі шаруасы болып көрінгенімен, мәселенің тереңінде білім беру жүйесінің заңнамалық негіздері, бала дамуының нейропсихологиялық ерекшеліктері жатыр. Заң бойынша күнтізбелік жыл соңына дейін 6 жасқа толатын балалар мектепке қабылдануы тиіс. Дегенмен, әсіресе күзде немесе қыста туған бүлдіршіндердің ата-аналары екіұдай күйде. Бірі «өзгелерден қалмасын, оқуды алып кетер» деп тәуекелге бел буса, жаздың ыстық күндерінде баланы ақылы дамыту орталықтарына тасып, мектепке даярлығын жылдам пысықтауға кіріседі. Екіншілері құжаттарын тапсырғанымен, түпкі шешімге келе алмай әлек. Ал баланы 7 жасқа толтырып немесе жетіге жақындатып бергісі келетіндер «бір жыл бойы баланың уақытын қалай ұйымдастырамыз, көңілін қалай аулаймыз?» деген мәселеге тап болады. Себебі жылдың соңғы айларында туған балалар 1 қыркүйекте 6-ға толмаса да, қолданыстағы ережеге сәйкес балабақшадан шығарылады.
Сонымен, баланы неше жастан мектепке берген жөн? Баланың мектепке дайындығын қалай анықтау керек және жүйедегі қандай олқылықтар ата-аналарды тығырыққа тіреп отыр?
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңнамасына сәйкес, бірінші сыныпқа күнтізбелік жылдың соңына дейін (31 желтоқсанға дейін) 6 жасқа толатын балалар қабылданады. Заң жүзінде ата-анаға баланы 6 немесе 7 жаста беру таңдауы берілгенімен, оны жүзеге асырудың нақты тетіктері қарастырылмаған. Мәселенің басты өзегі – мектепке дейінгі ұйымдардан балаларды шығару тәртібінде. Балабақшалар жыл соңына дейін 6 жасқа толатын бүлдіршіндерді, тіпті олардың 1 қыркүйектегі нақты жасы 5 жас 8-9 ай болса да, топтан шығаруға мәжбүр. Нәтижесінде ата-ананың алдында екі-ақ жол қалады. Баланы психологиялық және физиологиялық дайындығына қарамастан, ерте жастан мектепке беру. Баланы үйде қалдырып, ақылы дамыту орталықтарына, жекеменшік балабақшаларға немесе репетиторларға тасымалдау. Осы тұста көпбалалы ана Назерке Жұмағалиеваның ата-ана ретіндегі пікірін тыңдасақ:
– Елімізде заң бойынша жыл соңына дейін 6 жасқа толатын балаларды балабақшадан толығымен шығарады. Ары қарай олар мектеп табалдырығын аттауы тиіс. Сондықтан ата-аналар қатарынан қалмасын деп дайыны бар, дайын емесі бар мектепке жіберуге мәжбүр. Әрине, үйде тағы бір жыл қарайтын адамы немесе ақылы түрде жекеменшік балабақшаларға, дамыту орталықтарына апаруға мүмкіндігі бар ата-аналардың кейбірі 7 жасқа толтырып, мектепке береді. Яғни, заң баланы 6 жаста немесе 7 жаста жіберу құқығын ата-аналарға беріп отыр. Бірақ сол мүмкіндікті жүзеге асыру тетігін қарастырмағаны қынжылтады. Меніңше, 1 қыркүйекке дейін 6 жасқа толмайтын баланы ата-анасы мектепке баруға ерте деп есептесе, олардың тағы бір жыл балабақшада қалуына жағдай жасалғаны жөн. Әйтпесе, мәжбүрлі түрде мектепке ерте жіберу балалардың дамуына да, денсаулығына да кері әсерін тигізеді. Сондай-ақ бүгінде бүлдіршіндердің тілі де кеш шығуда. Ойын жинақтап жеткізе алмайтын бала ертең мектеп жүктемесінде қиналады.
Көптеген ата-ананың жіберетін басты қателігі – баланың зияткерлік (академиялық) білімі мен оның эмоционалдық-еріктік жетілуін шатастыруында. Баланың сандарды білуі, әріп танып, оқи алуы немесе қарапайым есептерді шығаруы оның мектеп режиміне, ұзақ уақыт зейін қоюға және психологиялық жүктемеге дайын екенін білдірмейді. Психолог маман Ләззат Төлешованың айтуынша, баланы жас мөлшеріне қарай шектемей, оның жеке тұлғалық даму ерекшелігіне терең мән беру керек:
– 6 немесе 7 жаста бала мектепке барған дұрыс деп кесіп айтуға келмейді. Әр балаға жеке тұлға ретінде қарап, оның даму, жетілу ерекшелігіне мән беруіміз керек. Оны балабақшада да түрлі тест, әңгімелесу арқылы анықтауға болады. Ал психолог мамандар сурет, сюжеттік ойындар көмегімен де баланың қиялын, зейінін біле алады. Сұрақтар баланың жасына, қиялына қарай қойылуы тиіс. Бүгінде балалардың көбінде ойлау қабілеті бар, бірақ тілі жетілмеген. Былайша айтқанда, қабылдаушы ретінде мықты болғанымен, жеткізуге келгенде қиналады. Оған смартфондардың әсері көп болуда. Сондықтан баланың әрдайым монологпен қалып қоймай, диалог құруға маңыз беру керек. Ойын айта алатындай деңгей болуы қажет.
Психолог сонымен қатар ата-аналарға мектепке дейінгі аз ғана уақытты тиімді пайдалануға кеңес береді.
– 6 жастан беруден қорқып жүрген ата-аналар болса, алда әлі уақыт бар. Осы уақытта баласымен әңгімелесуді күшейтіп, дамыту орталықтарына апарып, күш салуларына болады. Сол кезде баланың ақпаратты қаншалықты қабылдай алатыны аңғарылады. Егер өте қиын болса, әлбетте, 7 жасқа толтырып берген жөн болады. Себебі ол мектепке барса, түсінбегеннен агрессия оянып, жылап, мазасы кетеді. Кейбір бала зерек келеді, оларға сәл ғана түрткі жасап, демеп жіберсе, ілгерілей алады. Оларды 6 жастан оқуға беруге болады. Көп ата-ана баланың зияткерлік дайындығына көңіл бөліп кетеді. Баласы санап, есеп шығарып, әріп таныса болды, дайын деп ойлайды. Бұл – қателік. Ең маңыздысы – баланың психологиялық, эмоционалдық дайындығы.
Бастауыш білім беру саласында 10 жылдық тәжірибесі бар мұғалім Жанна Асанованың бақылауынша, мектеп табалдырығын аттаған балалардың арасында 6,8-7 жастағы бүлдіршіндер сабақ үлгерімі жағынан да, ортаға бейімделу жағынан да айтарлықтай артықшылыққа ие. Бастауыш сынып мұғалімі бұл мәселені ғылыми зерттеулермен және халықаралық тәжірибемен байланыстырады:
– Бір байқағаным 6,8-7 жаста бала оң-солын біліп келеді. Бүгінде «бала неше жаста мектеп табалдырығын аттау керек?» деген сұрақ педагогтарды да, ата-аналарды да толғандырып жүрген өзекті мәселелердің бірі. Менің ойымша, баланың жасынан бұрын оның мектепке психологиялық, танымдық тұрғыдан әзірлігіне қарау керек. Дегенмен, әлемдік ғылыми зерттеулер көрсеткендей, 7 жас – баланың жүйелі білім алуды бастауына ең қолайлы кезең. Осы жаста баланың зейіні тұрақталып, есте сақтау қабілеті мен логикалық ойлауы дамиды. Мұғалімді тыңдап, сабақ тәртібіне бейімделіп, өз әрекетін реттей алады. Сонымен қатар сыныптастарымен қарым-қатынас түзіп, ұжымдық жұмысқа анағұрлым дайын болады.
Мұғалімнің айтуынша, Финляндия сияқты білім беру сапасы жоғары елдерде мектепке 7 жастан қабылдау тәжірибесі дәл осы нейрофизиологиялық даму заңдылықтарына негізделген:
– Әлемнің бірқатар елінде, соның ішінде білім сапасы жоғары бағаланатын Финляндияда балалардың мектепке 7 жастан баруы – осы ғылыми зерттеулерге негізделген тәжірибе. Ал мектепке дейінгі білім ұйымдарында бала ойын арқылы дамып, шығармашылық, тілдік, әлеуметтік дағдыларын қалыптастырады. Мектепке келгенде бейімделуі, білім алуы жеңіл, нәтижелі болады. Мұғалім ретінде әр баланың дамуы әртүрлі екенін жақсы түсінемін. Сондықтан мектепке қабылдау кезінде тек күнтізбелік жасына ғана емес, оның жеке дайындығына назар аудару маңызды. Десе де, 7 жас баланың дене, психологиялық, зияткерлік дамуы мектеп жүктемесін жақсы қабылдауға сәйкес келетін кезең деп санаймын. Баланы мектепке мүмкіндігінше ерте емес, оқуға шын мәнінде дайын кезде әкелген жөн. Өйткені, мектепке алғашқы қадам баланың білімге деген қызығушылығын қалыптастырып қана қоймай, оның болашақтағы оқу жетістіктеріне әсер етеді.
Ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынұлы: «Баланы ұлша тәрбиелесең – ұл болады, құлша тәрбиелесең – құл болады» деген еді. Бұл сөздің астарында баланың табиғатына құрметпен қарау идеясы жатыр. Әр баланың өз уақыты, өз қарқыны, өз мүмкіндігі болады. Сол мүмкіндікті күшпен жеделдету – оның табиғи дамуына араласу. Балалық шақтың басты міндеті – мүмкіндігінше тез есейту емес, толыққанды қалыптастыру. Сондықтан алғашқы қоңырау баланың қорқынышын емес, қуанышын оятуы тиіс. Мектеп есігін ашқан бүлдіршін өзін жарыстың қатысушысы емес, жаңа әлемнің зерттеушісі ретінде сезінуі керек. Сонда ғана білім өмір бойы жалғасатын қызықты сапарға айналады. Өйткені мектепке барудың ең дұрыс уақыты – күнтізбе көрсеткен күн емес, баланың жүрегі мен санасы «Мен дайынмын» дейтін сәт.

С.БАХТИЯРҚЫЗЫ
03 тамыз 2026 ж. 21 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№57 (9424).

01 тамыз 2026 ж.

№56 (9423)

28 шілде 2026 ж.

№55 (9422).

25 шілде 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31