ЕЛІНІҢ СЫЙЛЫ АҒАСЫ, ЕККЕНІ ЖЕМІС АҒАШЫ
Ертеде бір патша уәзір-нөкерлерімен аңға бара жатып, бір белі бүкірейген қарт кісінің ағаш егіп жатқанын көреді. Патша әлгі ақсақалға бұрылып келеді де сәлем беріп тұрып мынадай сұрақ қояды:– Қария, неге сонша қиналып жатырсыз? Бұл ағаш бірнеше жылдан кейін жемісін береді. Сіздің ғұмырыңыз оған дейін жетпейді ғой, – дейді. Сонда ақсақал:
– Тақсыр, мен өмірімнің жетпейтінін білемін. Бірақ мен аталарымның еккен ағаштарының жемісін жеп жүрмін. Ертеңгі ұрпақ та менің еккен ағаштарымның жемісін жесін, – деп жауап беріпті. Патша қарияның айтқан жауабына аса риза болып, бір қалта алтын береді. Сонда ақсақал:
– Міне, көрдіңіз бе, менің еккен ағашым казірдің өзінде жемісін бере бастады, – депті. Патша бұл сөзге де риза болып, тағы да алтын береді.
– Басқа ағаштар жылына бір рет жеміс берсе, менің еккен ағашым жылына екі рет жеміс береді, – деген екен сонда ақсақал.
Аңызды еске алғанда қазақтың «Қолдан келсе көп ағаш өсіріп, жүрген жерін жасыл желекке айналдыру, көріктендіру әрбір пенденің игілікті ісі» деген ұстанымы ойға оралады.
«Дүниеде туған еліңнен артық ел де, жер де жоқ» деген екен көрнекті қаламгер Ғабит Мүсірепов. Туған жерден артық жер жоқ. Өйткені туған жерің – тірегің, атажұртың – алтын бесігің. Туған жерін аялап, құрметтеп, ерте көктемнен қар түскенге дейін бір тынбай, қолынан күрегі, иығынан кетпені түспей бау-бақша өсіруді жанына серік еткен азаматтың бірі – Сүлеймен Қаншегеров.
Ол 1967 жылы, маусымның алтыншы жұлдызында дүниеге келген. Ақмая ауылының тұрғыны бала күнінен айналасын көркейтуге әуестеніп, жеміс ағашын егуге жаны құмар болып өскен. Өзінің айтуынша, асқар тау әкесі Сейткәрім әкейде түрлі ағаш отырғызып, жүрген жерін құлпыртып жүретін жан болған екен. Көптің аузында «қолы жеңіл азамат, еккен ағашы бәйтеректей жайқалып, өсе шығады» деген сөз жүрген соң, қолға қаламымды алып, бағытымды Сүлеймен Қаншегеров тұратын үйге қарай бұрдым.
Күн ұясына батар шаққа таяған кешкі уақыт. Көше бойынан ірі денелі, сұңғақ бойлы бір кісі келе жатыр. Жақындай бергенім сол еді, мен арнайы іздеп келе жатқан Сөке аға қарсы алдымнан шыға келді. Ауылдастары бұл кісіні солай атайды. Бірден қасына барып, келген жайымды айттым. Көп сөзге жоқ, нағыз істің адамы менің көңілімді қимай, ұсынысымды қабыл алып, есік алдындағы баққа алып барды. Бұрындары бұл бақты естігеніммен, көзбен көрген емеспін. Міне, сәті түсіп, өзім де қуанып қалдым. Түрлі жеміс ағашы қаз-қатар тізіліп, жайқалып тұр. Кейіпкердің айтуынша, есік алдындағы жерде 150 түптен аса жеміс ағашы бар. Алма, шие, алмұрт, өріктің де сан түрлісін осында кездестіруге болады. Тіпті, біздің жергілікті жұрт көп өсіре бермейтін анарды да Сүлеймен Сейткәрімұлы қалауын тауып, баптап отыр.
– Ағаш өсіруге бала кезімнен әуес болдым. Оған әкем себепкер болды. Білуімше, арғы ата-бабаларымыз да егінге ете жақын болған. Қаратаудың бойы, Ақсүмбеде Қаншегер бұлағы бар. Қаншегер атамыз бұлақ басына ағаш отырғызыпты. Еккен ағашы бәйтеректей жайқалған. Қолыңды созсаң құлашың жетпейді. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» демекші, әлі күнге дейін сол жерде тіршілігін жасап жүрген бауырларымыз талдың көлеңкесіне тынығып, малын жаяды. Міне, көзімізді ашқалы сондай игі істің куәсі болып өстік. Өзіміз де ағаш отырғызуға қызықтық. Туған елге қызмет етудің озық үлгісі – айналаңды көркейту, қалаңды, далаңды қадірлеу, оған қамқорлық жасау деп білемін, – дейді кейіпкеріміз.
Ауылдас ағайындардың айтуынша, Сүлеймен Сейткәрімұлына көшет ағаштарын отырғызып беруін сұраушылар көп. Себебі оның еккен ағашы тез алып кетеді. Осының сырын сұраған бізге ол:
– Иә, ондай өтінішпен келетіндер бар. Бірақ, дегенмен де оны өздері еккені дұрыс деймін. Ең бастысы дұрыс ниет етіп, отырғызылған көшетке уақытылы күтім жасау керек. Уақытылы суғарып, арамшөптерден ажыратып, арық-атыздарын тазартып, түбін мезгіл-мезгіл қопсытып, жас баланы мәпелегендей аялап өсіру қажет. Бұл жерде басқа сыр жоқ. Солай әрекет етсең ғана, көздің жауын алатын сары-қызыл алмалардың жұпар иісіне елтіп, қызыға қарап, тіл үйірер тәттілігіне, ерекше дәмділігіне тәнті боласыз. Табиғатты қалай аяласаң, ол саған солай жауап береді, – деп кеңесімен бөлісті.
«Бақ отырғызу – болашаққа баға жетпес мұра қалдырумен пара-пар» деген дана сөзді өмірлік мұрат еткен Сүлеймен Сейткәрімұлы жемістерін сатуды емес, ауылдастыры мен ағайындары дәмін татуды көздейді. Жұмыстан қолы қалт ете қалса, бақшасындағы ағаштарын көгертіп-көркейтуге еңбек етіп келеді. Ендігі мақсаты, бақшадағы біраз ағаштарын жаңартып, қайта жергілікті жерді жерсінетін, жемісті мол беретін ағаштарды егуді жоспарлап отыр.
Қазақта «Бір жылдығын ойлаған халық бидай егеді, Жүз жылдығын ойлаған халық ағаш егеді» деген даналық сөз бар. Көшет отырғызу, ағаш егу – ең жақсы әрі сауапты амал екені мәлім. Ендеше, табиғатты аялап, оны таза ұстау, жер бетін көркейтуге үле қосып келе жатқан еңбек адамы Сүлеймен Сейткәрімұлының жұмысына табыс, ісіне береке тілейміз.
Мейіржан ИБРАГИМ






