Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АТАДАН МАЛ ҚАЛҒАНША, ТАЛ ҚАЛСЫН

АТАДАН МАЛ ҚАЛҒАНША, ТАЛ ҚАЛСЫН

Кезінде аудандағы әр елді мекен аумағында жайқалған жемісі мен бапталған бағы болатын. Әсіресе, жемісті бақтың тіл үйіретін алмасының бал татыған дәмін татып көргендер әлі ұмыта қойған жоқ.
Бүгінде аудан кәсіпкерлері сол мәуелі бақты қайта гүлдетпек ниетте. Олар жеміс ағаштарын егіп, жазық даланы көгалдандыруды қолға алды. «Алма бақ егуге Шиелінің табиғи климаты қолайлы, топырағы құнарлы» дейді кәсіпкерлер. Демек жеміс-жидектің көгеріп-көктеуіне мүмкіндік мол. Осыны ескерген «Жер Жомарт Д» ЖШС игі бастаманы жылдам қолға алып, 25 гектар алқапқа 16 500 түп алма ағашын егуді бастады. Сонымен қатар 5 гектар жерге 2 мың түп жүзім мен мың дана шабдалы көшетін де отырғызған.
Жалпы соңғы жылдары аудан әкімдігі өңірде алма бағын дамытуды мықтап қолға алған. Жергілікті биліктің қолдауын тиімді пайдаланған Тартоғай, Досбол би, Гигант ауылдарының диқандары алма ағашын өсіруді алғашқылардың бірі болып бас­тады. Одан соң өткен жылы Талаптан мен Сұлутөбеге 15 гектарға жеміс көшеті отырғыз­ы­л­­ып, аудандағы алма бақтың көлемі 50 гектар алқапқа жеткен болатын.
Биылғы көрсеткіш тіптен жоғары. Өзбекстан Республика­сының «Organic solutions» компаниясымен аудандағы 3 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері бірлесіп келісім жүргізді. Нәтижесінде «Төңкеріс и К», «Жер Жомарт Д» және «Бала би – 2004» шаруа қожалықтары ерте көктемде 60 гектар жерге алма бақ пен жүзім және түрлі жеміс ағаштарын отырғызды. Оған қоса Сұлутөбе мен қарғалылық кәсіпкерлер де 5 гектарға жеміс көшеттерін егіп үлгерген.
Жоғарыда атаған «Жер Жомарт Д» – аудандағы егін шаруашылығында жоғары­ көрсет­кішке ие шаруашылық­тардың бірі. 2014 жылы Алғабас ауылында құрылған шаруа­шылыққа қарасты 1500 га жер бар. Биыл онда 400 га Сыр салысы егілген. Бидай – 80, мақсары – 30, жоңышқа – 170 га алқапқа орналастырылса, өзге де бақша өнімдері – 100 гектар аумақты алып жатыр. Жаңашылдыққа жаны құмар, тың дүниені байқап көруден тынбайтын шаруашылық төрағасы Асхат­ Ермаханов биыл алма бақ өсіруді мықтап қолға алды. «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» күре жолының бойында орналасқан жеміс бағында қазір тіршілік қызып жатыр. Ондағы 3 егінші күндіз-түні ағаштарды күтіп-баптаумен айналысуда. Бір қызығы, Асхат­ Өтепбергенұлының жары Гүлмайра Жексенбаева да шаруашылық жұмысына етене араласады. Бақша өнімдерінің күтіп-бапталуы, өнімнің бітік шығуы оның жіті назарында. Өзі де диқандармен бірдей ағаш отырғызып, егін жұмыстарына атсалысады. «Ерінбеген адам­ның егіні бітік шығады» дейді дана жұртымыз. Жер-Ана адал кәсіптің тұтқасын ұстап, ерінбей еңбек еткеннің жігерін құм қылмайтынын тағы бір байыптадық.
Шаруашылық мұнымен тоқтап қалмақ емес. Алдағы уақытта жеміс бағынан мол өнім алып, жергілікті халықты ғана қамтамасыз етіп қоймай, экспорттауды да ойластырып отыр. А.Ермаханов бұйырса, алма ағаштарының санын арттырсам деген ниетімен де бөлісті. Себебі, ол «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген аталы сөзді басты ұстанымына айналдырған.
Осы тұста мына бір аңыз-әңгіме ойға оралып отыр. Ертеде бір патша уәзір-нөкерлерімен аңға бара жатып, бір белі бүкірейген қарт кісінің ағаш егіп жатқанын көреді. Патша әлгі ақсақалға бұрылып келеді де, сәлем беріп тұрып мынадай сұрақ қояды:
– Қария, неге сонша қиналып жатырсыз? Бұл ағаш бірнеше жылдан кейін жемісін береді. Сіздің ғұмырыңыз оған дейін жетпейді ғой, – дейді. Сонда ақсақал:
– Тақсыр, мен өмірімнің жетпейтінін білемін. Бірақ мен аталарымның еккен ағаштарының жемісін жеп жүрмін емес пе? Ертеңгі ұрпақ та менің еккен ағаштарымның жемісін жесін, – деп жауап­ беріпті. Патша қарияның айтқан жауабына аса риза болып, бір қалта алтын береді. Сонда ақсақал:
– Міне, көрдіңіз бе, менің еккен ағашым казірдің өзінде жемісін бере бастады, – депті. Патша бұл сөзге де риза болып, тағы да алтын береді.
– Басқа ағаштар жылына бір рет жеміс берсе, менің еккен ағашым жылына екі рет жеміс береді, – деген екен сонда ақсақал.
Осы әпсана-аңыз әңгімені еске ала отырып, қазақтың «Қолдан келсе көп ағаш өсіріп, жүрген жерін жасыл желекке айналдыру, көріктендіру – әрбір пенденің игілікті ісі» деген сөзінің бекер айтылмағанын ұғасың.
Қарқынды бастаманың нәтижесінде қаншама жыл бойы қаңырап бос жатқан жерлер гүлденбек. Көненің жаңғырып жатқанына аудан халқы да дән риза. Алма ағашының гүлдеуі үшін әрине, күтім мен бап қажет. Осы екеуі болса, бұрындары жайқалған бақтардың қайта жеміс берер уақыты алыс емес.

Гүлхан ЯХИЯ

26 мамыр 2020 ж. 715 0