Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ағаш ексең, күнәң жеңілдейді

Ағаш ексең, күнәң жеңілдейді

Көрші елдің жаңа жылын улап-шулап өткіздік. Біртүрлі. Бұрын бір қызық сияқты көрінетін еді. Біздің жаңа жылымыз Ұлу жайбырақат жылы жыл наурыз айында жетіп те қалар. Тәңірім «ескі жылда есіркеп, жаңа жылда жарылқа» деді емес пе?

Қоян жылы облыс үшін де, аудан үшін де берекелі, табысты жыл болды. Оны жыл қорытынды жиналысында аудан әкімі Нұржан Ахатов баяндап берді. Құдай қаласа, көріпкел, жорамалдардың айтуы бойынша да Ұлу қазақ елі үшін Ұлы жыл болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың оң өзгерістер жасайтын, халықтың жағдайын жақсартатын, жақсы жаңалықтарға толы жыл болып, Қазақстан қарыштап даму жолына түседі деген жағымды сыбыс, жылы сөздер айтылуда. Ауыздарына май. Баршамызда соны көргіміз келеді. Самарқанның тасын ерітетін, табиғаттың тіршілік әлеміне жан бітіріп келтіретін, ол – қазақтың жаңа жылы сазды, назды Наурыз деп білеміз. Көктемнің көл көсір табыстары мен жетістіктері осы жыл басынан бастау алады.

Қазіргі аудан тұрғындарына айтарымыз, көшеге, есік алдына, аулаңызға «ағаш ек, гүл ек, туған жерді түлет». Бұны жұрт жақсы біледі. Бірақ... Жазушы Санжар Керімбайдың «Экософия немесе киелі табиғат» атты кітабын оқып отырсам, ағашқа байланысты қызық тақырып көзіме түсті. Ағаш ексең, күнәң жеңілдейді депті. Өмірде күнәсіз пенде жоқ демекші, күнәсі қалай жеңілдейді екен деп, оқи жөнелдім. Ертеде бір қарақшы тәубе еткісі келеді. Ол Шайқы-Бұрқы әулиеге келіп: Мен қырық жыл қан төктім. Енді тәубеме келдім. Қайтсем Құдай күнәмді кешіреді? – деп сұрайды. Сонда әулие Шайқы-Бұрқы: Жол шетіне ағаш ек! Өткен-кеткен жолаушы саясына демалсын. Жеміс жеп, шөлін қандырсын, – дейді.

Сөйтіп қарақшы жол жиегіне көп ағаш егіп, баптайды. Арада бірнеше жыл өткенде еккен ағашы жайқалып, бақшаға айналыпты. Жолаушы демалып, керуен ат шалдырайтын шұрайлы жерге айналады. Бір күні Шайқы-Бұйқы жолаушылап келе жатып, сол бақшаны көреді.
– Бұл кімнің бағы? – деп сұрайды.
– Бақтың иесі жоқ. Жергілікті жұрт «Қарақшының бағы» деп айтады. Қарақшының өзі көп жыл бұрын дүниеден озыпты, – дейді. Әулие бақтың жемісін жеп, сол жерде түнейді. Түсінде баяғы қарақшыны көреді. Ол жұмақтың бақшасында отыр екен. Төбесінен нұр тамшылап тұрады. Жойқы:
– Уа, Тәңірім, бұл не хикмет? – деп сұрайды.
– Жеміс бағының саясына сан адам демалады. Жемісін жейді. Соның сауабы қарақшының ақыретте өшпес азығына айналды, – дейді.
Шайқы-Бұрқы ұйқыдан көңілді ояныпты. Содан бастап ел арасында «ағаш ексең, күнәң жеңілдейді» деген сөз қалыпты.
Осыған орай тағы бір оқиғаны еске салады. Ертеректе азамат болып қалған жігіт түс көреді. Түсінде әкесі шөл далада көлеңке іздеп жүріпті. Күннің ыстығынан табаны күйіп, жанұшыра айқайлайды. Жігіт шошып оянып, ауыл қариясына түсін жорытады. Ол:
– Балам, әкеңнің қабіріне ағаш ек! Әкең қабірде ауырлық тартып жатыр. Ағаш күнәсін жеңілдетеді, – деп жориды. Бала ертесіне әкесінің моласына барып ағаш егеді. Оны күтіп, баптап өсіріпті. Бір күні тағы да түс көреді. Түсінде әкесі үлкен бір ағаштың көлеңкесінде жатыр екен. Ағаш туралы Пайғамбар хадисіндегі «Құрманың көшетін еккелі жатқанда қияметқайым бола қалса, ағаш егуді тоқтатпа. Бұл – Құдай сүйетін ең қайырлы іс. Еккен ағашың қияметте болыспай тұрмайды» деген жолдарды оқығанда тұла бойың шымырлайды. Көбіміз осы уақытқа дейін ағаш екпей, үйіміздің айналасын көгертпей осы неге жүре бергенбіз, әкімдер, басшылар түгілі Пайғамбарымыздың өзі «ағаш егіңдер» деп кеткен екен үмбеттеріне.

Жалпы әлемде табиғаттың күрт өзгеруі байқалады. Ұлу жылында көктем ерте шығып, күн нұрын жылдағыдан жылдамырақ төгері сөзсіз. Сондықтан ақпан айының соңынан бастап-ақ аудан тұрғындары, мекеме басшылары ағаш егудің қамына кірісе бергендері жөн. Ауданның бас бағбаны атанып жүрген, ағаш, гүл отырғызудың шебері, ардагер Әлияр Сейітовтың жорамалы да осылай болып шықты.
– Не болғанда да Шиелінің көркін келтіретін ағаш, – дейді ол. Аямай еге беруіміз керек. Кенттің орталық көшелерінде ағаш сирек. Мысалы, А.Байтұрсынов көшесін алайық. Екі жағы да жалаңаш. Анау үйлер, мекемелер асфальтты ойып, көшет егуіне болады. С.Сейфуллин көшесіндегі тіс дәрігері бауырымыз дүкенінің алдына асфальтті қазып, туя егіп қойды. Түгел алып тұр. Былтыр еккен еді. Қандай жарасымды үлгі көрсетіп отыр емес пе? Жерсінген жеміс ағаштарын да егуге болады. Айтсақ, шие, өрік, алма, жиде тағы басқа. Гүлдегенде ауданды мас қылар жұпар иісі аңқыған, дәнегі мың бір дертке дауа, шипалы жиде ше? Су талғамайды. Жидені базардан сатып алғанша, үй іргесінен, көшеден ұрпағымыз теріп жеп жатса неміз кетеді. Жиде ағашының көлеңкесі де зор болатыны белгілі. Бағбанға басу айтып, оны мен мақала етіп жазайын, сүйікті газетіміз «Өскен Өңірді» оқыса, кент, ауыл тұрғындары да, мекеме басшылары да ойланар, аптап ыстықта ағаштың көлеңке екендігін естеріне алып, көктемде жаппай іске кірісіп кетер, сабыр, Әлияр дедім. Ол көзілдірігін түзеп, иә деп басын шұлғыды.

Өркен Исмаил,
ҚР Журналистер одағының мүшесі,
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы

10 қаңтар 2024 ж. 142 0