Құрылтай
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәрбие – ұлттың тұғыры

Тәрбие – ұлттың тұғыры

«Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген даналық сөз бүгінгі қоғам үшін бұрынғыдан да маңызды. Өйткені ұлттың ертеңі – тәрбиелі ұрпақтың қолында. Ал тәрбиенің бастауы – отбасы, алтын қазығы – ұлттық салт-дәстүр.
Қазақ халқы ешқашан бала тәрбиесін тек ата-ананың ғана міндеті деп қарамаған. «Бір баланы бір ауыл тәрбиелейді» деген ұғымның астарында үлкен жауапкершілік жатыр. Себебі әрбір бүлдіршін – тұтас ұлттың болашағы. Сондықтан қазақ қоғамында бала дүниеге келген сәттен бастап оның өмірінің әр кезеңі ұлттық тәрбиемен сабақтасып отырған.
Сәбиді бесікке бөлеудің өзі тәрбие мектебі. Ана бесік жырын айтып отырып, баланың бойына мейірім мен ізгіліктің алғашқы дәнін себеді. Әлдиге құлақ түріп өскен бала туған тілдің әуезін, ананың мейірімін жүрегіне сіңіреді. Сондықтан қазақ «Бесігіңді түзе, ұрпағыңды түзейсің» деп бекер айтпаған.
Тұсаукесер рәсімі де баланың болашағына бағытталған тағылымды дәстүр. Баланың қадамы нық, жолы ашық, өмірі ақ болсын деген ізгі тілекпен жасалатын бұл салт – тәрбиенің символы. Ал сүндет той, атқа мінгізу, ашамайға отырғызу секілді дәстүрлер арқылы ұл балаға жауапкершілік жүктелсе, қыз балаға ибалық пен инабаттылық, ұқыптылық пен ізеттілік үйретілген.
Қазақтың ұлттық тәрбиесінде үлкенді сыйлау ерекше орын алады. Үйге үлкен кісі кірсе орнынан тұру, сәлем беру, төр ұсыну, батасын алу – мұның бәрі баланың бойына кішкентайынан сіңірілген қасиеттер. Осындай қарапайым көрінетін әдеттер арқылы ұрпақ құрмет пен кішіпейілділікті үйренді. Бүгінде осы құндылықтардың әлсіреп бара жатқаны көпшілікті алаңдатады.
Технологияның дамуы, әлеуметтік желінің ықпалы, ақпараттың шексіз ағыны балалардың дүниетанымына да әсер етіп отыр. Қазіргі бала бұрынғыдай кешкісін әженің ертегісін тыңдаудың орнына телефонның экранына үңіліп өсіп келеді. Әке мен ананың жұмысбастылығы салдарынан кейбір отбасыларда баламен сырласуға, бірге кітап оқуға, ұлттық ойындар ойнауға уақыт жетпейді. Соның салдарынан ұлттық құндылықтардың орнына виртуалды әлемнің тәрбиесі еніп барады.
Бала тәрбиесінде ең алдымен ата-ананың өз өнегесі маңызды. Өйткені бала айтқан сөзді емес, көрген әрекетті қайталайды. Әкесі үлкенді құрметтесе, анасы ізеттілік танытса, бала да соны бойына сіңіреді. Ал үлкендердің өзара сыйластығын көрмеген балаға қанша ақыл айтқанмен, оның әсері аз болады.
Халқымыз «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп бекер айтпаған. Бұл сөздің өміршеңдігі бүгін де дәлелін жоғалтқан жоқ. Ұлттық тәрбиенің тағы бір маңызды бағыты – еңбекке баулу. Қазақ баласын жастайынан еңбекке араластырған. Ұл балаға мал бағуды, жер өңдеуді, қолөнерді үйретсе, қыз балаға үй шаруасын, қонақ күтуді, кесте тігуді, ас әзірлеуді меңгерткен. Мұны жауапкершілікке, төзімділікке, адал еңбекке тәрбиелеудің жолы деп білді.
Өкінішке қарай, қазіргі таңда кейбір ата-аналар баласының барлық жұмысын өзі атқарып, оны дайындыққа үйретіп келеді. Соның салдарынан қарапайым тұрмыстық іске икемсіз, жауапкершілігі төмен жастар көбейіп бара жатқаны жасырын емес. Ал еңбекпен өскен бала өмірдің қиындықтарына төзімді келеді.
Абай Құнанбайұлы адам тәрбиесінің негізін ақыл, еңбек және адамгершілік қасиеттермен байланыстырса, Ахмет Байтұрсынұлы «Елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастау керек» деген болатын. Ал Мағжан Жұмабаев «Ұлт тәрбиесі – баяғыдан сыналып келе жатқан жол» деп ұлттық тәрбиенің өміршеңдігін ерекше атап өтті. Бұл ойлардың барлығы бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан жоқ.
Қазіргі қоғамда мектеп пен отбасының байланысын нығайту –маңызды міндет. Мұғалім баланы біліммен қаруландырса, ата-ана оның мінезін қалыптастырады. Осы екі тәрбие ошағы бір бағытта жұмыс істегенде ғана саналы, білімді, отаншыл ұрпақ қалыптасады.
Баланың бойына отансүйгіштік сезімді ұялату да ұлттық тәрбиеден басталады. Өз елінің тарихын білетін, туған жерін құрметтейтін, мемлекеттік рәміздерді қадірлейтін ұрпақ қана елдің болашағына жауапкершілікпен қарайды. Сондықтан патриоттық тәрбие күнделікті іс-әрекетпен, отбасы мен мектептегі өнегемен берілуі тиіс.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу – ұлттың жаңа сапасын қалыптастырудың басты негіздерінің бірі» деп атап өткен болатын. Бұл сөздің мәні – тәрбиеден басталатын рухани жаңғырудың маңызын айқындай түседі.
Ендеше, ұлттық тәрбиені ұлықтау арқылы болашақты қалыптастыруымыз керек. Себебі бүгінгі бесіктегі сәби – ертеңгі елдің тірегі. Оның бойына ұлттық рухты, адамгершілікті, еңбекқорлықты, білімге құштарлықты сіңіре алсақ, мемлекетіміздің де келешегі кемел болмақ.

Г.ЯХИЯ
27 шілде 2026 ж. 25 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№55 (9422).

25 шілде 2026 ж.

№54 (9421)

21 шілде 2026 ж.

№53 (9420).

18 шілде 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031