Жұмыспен қамту қарқыны жоғары
Аймақта халықты тұрақты жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстар оң нәтижесін беруде. Жыл басынан бері өңірде «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында 14 486 жаңа жұмыс орны құрылып, жоспардың 55 пайызы орындалды. Осы көрсеткіш бойынша Сыр өңірі республикада екінші орынға көтерілді. Нәтижесінде облыста жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайызға дейін төмендеп, республикалық орташа көрсеткішпен теңесті.Бұл бағыттағы жұмыстар Шиелі ауданында да жүйелі жалғасуда. Мемлекет басшысының экономикалық өсімді қалпына келтіру және қазақстандықтардың нақты табысын арттыру мақсатында әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын құру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, ауданда бүгінгі күнге 492 жаңа жұмыс орны ашылды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 1021 жаңа жұмыс орнына жеткізу жоспарланып отыр.
Мемлекеттік бағдарламалар аясында өңір тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамту, субсидияланған жұмыс орындарын ашу және кәсіпкерлік бастамаларды қолдау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соның нәтижесінде облыстағы жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайыздан 4,5 пайызға дейін төмендеп, республикалық орташа көрсеткішпен теңесті. ұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жанар Дәулетбаева мәлімдеді.
Жыл басынан бері облыста 50 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып, жұмыс іздеушілерге 4 761 вакансия ұсынылды. Соның нәтижесінде мыңнан астам азамат тұрақты және уақытша жұмысқа жолдама алды.
Кәсіпкерлікті дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 3 852 тұрғын кәсіпкерлік негіздерін оқып, өз ісін бастауға мүмкіндік алса, 17 мыңнан астам азамат электронды еңбек биржасы арқылы онлайн білімін жетілдірген.
Өңірде халықты тұрақты жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы жұмыстар жыл соңына дейін жалғасып, белгіленген межелерді орындауға басымдық берілмек.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ








