Қаламгердің қадірлі жолы
«Өлшеулі өмір» деп жатамыз. Қазақ оны кезінде қамшының сабына теңеген. Енді біреулер «есіктен төрге озғанша» дейді. Қалай десек те, аз жаса, көп жаса – бәрібір өмірдің мәні оның ұзақтығында емес, мазмұнында ма деймін. Артыңда қалатын ұлағатты істеріңде, соңыңнан қимастықпен еске алатын жандардың адал көңіл, ақ пейілінде ме деймін. Алтай ағаның аяулы бейнесі еш уақытта асып-сасуды білмейтін маңғаз болмысымен, сырбаз серілігі басым сабырлы жүз, текті тұлғасымен есімде қалыпты. Мен оның өн бойынан үлкен мәдениет пен азаматтықтың биік өлшемін көруші едім.Алтай Айып 1956 жылдың 9 шілдесінде Керделі ауылдық округінде туылған. Шиелі кентіндегі №45 қазақ орта мектебін 1974 жылы бітірген. Сонан соң Қарағанды облысы, Майқұдық қаласындағы №11 кәсіптік-техникалық училищесін тәмамдап, «Қазақстан магниткасы» аталған Теміртау қаласындағы «Қазмеханомонтаж» тресіне қарасты металлургия зауытында слесарь-монтажник, дәнекерлеуші болып еңбек жолын бастаған. 1975-1977 жылдар аралығында Украинада әскери борышын зымыраншы ретінде өтеп, тәуелсіздік жылдарында соғыс ардагерлеріне теңестірілген, «Ерекше тәуекелді солдаттар» деп аталатын үкіметтік емес ұйымның мүшесі болды.
Әскер қатарынан оралған соң, 1977 жылдан бастап Шиелі стансасында поезд құрастырушысының көмекшісі, поезд құрастырушы, жүк қабылдап тапсырушы, 1 класты станса кезекшісі, коммерциялық бақылау пунктінің бригадирі, Ақтөбе стансасында кезекші қызметтерін атқарды. Теміржол тораптық комсомол комитетін, партия ұйымының хатшысы, кәсіподақ комитетін басқарды. Алтай аға өнерге, спортқа, шығармашылыққа жақын болды.
«Коммунистік еңбек екпіндісі», бірнеше рет «Социалистік жарыс жеңімпазы» төсбелгісімен, «Өз мамандығының үздігі» төсбелгісімен марапатталды, шығармашылыққа жаны құмар жан «Гудок», «Болат жол», «Теміржол» газеттеріне мақалалар жазып, қоғамдық тілші атанды.
Кейіннен аудандық «Өскен өңір» газетінде алғаш рет радио торабының меңгерушісі, коммерциялық бөлім меңгерушісі, транспорт және коммуникация бөлімі меңгерушісі, ауыл шаруашылығы бөлімі, руханият бөлімінің меңгерушісі сынды сатылардан өтіп, газеттің жауапты хатшысы, редактордың орынбасары, редактор, редактор-директор, бас директор, бас редактор қызметтерін абыроймен атқарды.
Елбасының, Министрліктердің «Құрмет» грамотасы, облыс әкімі, облыстық мәслихат, республикалық Журналистер одағы, аудан әкімінің «Құрмет грамотасы», алғыс хат, мадақтамаларымен марапатталды.
Алтай Айыптың шығармашылығынан бөлек, саясаткерлік қыры да өз алдына бір төбе. Ол І шақырылған облыстық мәслихаттың, ІІ шақырылған аудандық мәслихаттың депутаты болып сайланған. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елдік мәселелерді көтерген «Азат» қозғалысының аудандағы төрағасы, облыстық «Азат» қозғалысы төрағасының орынбасары болды. Сонымен қатар Қазақстан журналистер, Халықаралық жазушылар одағының мүшесі.
Газет беттеріндегі шығармалары Әбу Алтай әл Керделі, А.Халықұлы, А.Азатұлы, А.Көпжасаров, Мұртты қара бала, А.Тайлақбаев, А.Алтаев, А.Тасболат секілді тағы да басқа көптеген бүркеншік атпен жарық көріп келді.
Қаншама шәкірт тәрбиелеп, әрбір шәкірттің қасиетін, қабілетін жете танып, қиядағыны қалт жібермейтін. Жұмыс бөлмесінде шұқшиып жазу жазып отыратын Алтай ағаның ерекше бір қасиеті оның қарапайымдылығы. Алдына келген әрбір адаммен сыпайы, жұмсақ сөйлесетін. Басшымын деп қызметкерлерге бір дауыс көтермеді. Көбінесе тың тақырыптарды қозғап, сын тұрғысынан барып, оны проблемалық деңгейге көтеретін. Ағаның жазу машығында өткір тіл, өзіндік пікір, сыни көзқарас мен-мұндалап тұратын. Алтай аға прозада да, публицистикада да айтарын жеткізіп жазып кетті. Қай тақырып та болмасын төселгені, әсіресе, ауылдың тіршілік-тынысын боямасыз суреттегені, тілінің шұрайы мен-мұндалайтын. Оқиғаны өрбітуі, ой айтуы, шытырман сәттерді шынайы көрсетуі оқырман ойын дөп басты. Көкейкесті проблема көтеріп, журналистер мұңын ашық айтуы, ұрпақ тәрбиесіне қатысты жанайқайы оның бұл саладағы еңбеккештігін танытты.
Алтай аға баспасөзде тек мақаламен ғана шектелмейтін. Оның ақындық қабілеті де зор болды. 2-3 кітабы жарыққа шығып, оқырмандардың ықыласына бөленді. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, өз мамандығының үздігі Алтай ағамыз осындай атпал азамат болатын.
Биыл Алтай аға мерейлі 70 жасқа толар еді. Ажалға амал бар ма? Оның адамдық болмысын жиі еске алып жүретіндер жетерлік.
Адамның жүрген жолында белгі қалмаса, өткеннің бәрі жалған. Алтай ағаның соңында сөз, игі ісі қалды. Қаламгердің жүрек кілтін ашатын жылы сөздері, үлкенге құрметі, кішіге қамқорлығы туралы әлі талай айтылады, жазылады деп ойлаймын. Уақыт өте келе оның мұраларына қайта үңіліп, жазу-сызу өнерінің үлгісіне айналдыратынымызға бек сенімдімін.
Айнұр НАЗАРОВА






