Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » КІШІЛІГІНІҢ ТӨРКІНІНДЕ ҮЛКЕН КІСІЛІК ПЕН ТЕКТІЛІК БАР ЕДІ

КІШІЛІГІНІҢ ТӨРКІНІНДЕ ҮЛКЕН КІСІЛІК ПЕН ТЕКТІЛІК БАР ЕДІ

«Тау алыстаған сайын биіктейді» деген бабалардан қалған нақыл сөз бар. Дәл осы тәмсіл адамгершілігі мығым, бауырмалдығы басым, жаны жайсаң әріптес, жарға өмірлік серік, балаға әке бола білген Мұсабаев Ниязбек Жамалдинұлына арналғандай. Елге танымал, нар тұлғалы азамат Ниязбек Жамалдинұлы 1950 жылы Қырғызстан Республикасында дүниеге келген. 1968 жылы Нартай Бекежанов атындағы №156 орта мектебін бітірген соң Қызылорда қаласындағы гидромелиоративтік техникумын, Қапланбектегі зооветеринарлық техникумын, Алматы қаласындағы ауыл шаруашылығы институтын бітірген. 1973 жылы еңбек жолын Коммунизм колхозының комсомол ұйымының хатшысы болып бастаған. Еңбекақы төлеу экономисі, кәсіподақ ұйымының төрағасы, Керделі ауылдық округінің әкімі, Шиелі ауданы әкімінің кеңесшісі, 2005 жылдан бастап өмірден қайтқан шағына дейін (2010 жыл) Жиделіарық ауылдық округінің әкімі қызметтерін абыроймен атқарды. Адамгершілік асыл қасиеттен айнымау – ер жігітке қашанда сын десек, адамшылық қалыбын көкпарға салмай, кісілік келбетінен адаспай, жайдары мінезінен жаңылмаған бір азамат болса, соның бірі де бірегейі – Н.Мұсабаев болатын. Әлихан Бөкейханов «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген сөзі ағамыздың өмір жолын дәл сипаттайды. Басшымын деп көкірек кермейтін кішілігінің төркінінде үлкен кісілік пен тектілік бар еді. Ал тектілік бар жерде, парасат та бар. Ол кісі ауылдасқа қамқор, жора-жолдасқа адал, ағайынға тілеулес, отбасына жайлы болды. Адал жары Ыспанқызы Қымбат екеуі ұл-қыздар өсіріп, немерелер қызығын көріп үлгерді.
Өркен Әзімханұлы Шиелі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– Ниязбек менен бірер жас кішілігі бар, екеуміз аға-іні ретінде сыйласып жүрдік. Қызмет барысында әріптес те болдық. Қай жұмыста да бірінші орынға өзінің жеке басының емес, қоғамның, халықтың мүддесін жоғары қойды. Қай кызмет болсын, бар ынты-шынтысымен істеді. Әлі есімде 2010 жылы Жеңістің 65 жылдығы мерекесін атап өту жөніндегі ұйымдастыру комиссиясының мүшесі ретінде көп еңбек етті. Іс-шаралар халық көңілінен шығып, барлығы тарқағаннан кейін, аздап көз іліп алайын деген Ниязбек інім сол бойы оянбай, мәңгілік сапарға аттанып кете барды. Міне содан бері де он бес жыл уақыт өтіп кетіпті.
Ғалымжан Шайыхұлы Керделі ауылының әкімі:
– Ниязбек ағамыз бізге мемлекеттік қызметте қалай жұмыс жасау керектігін үйретіп кетті. Бұл тұрғыда оның өмір жолы, қызмет жолы бізге эталондық үлгі деуге болады. Мемлекеттік қызмет этикасы, халықпен сыртқы мекемелермен байланысы, кейбір даулы мәселелері шешудегі медиациялық тәсілдері, өн бойына біткен дипломаттық қасиеттері елді біріктірді. Әрине, қазір ол кісінің ақыл-кеңестері бізге жетіспей де жататын кездері болады. Сол кезде өзімізге «осындай жағдайда ағамыз қандай шешім қабылдар еді?» деген сұрақ қойып отырамыз. Н.Мұсабаевтың өмір жолын өскелең ұрпаққа үлгі ретінде насихаттау жұмыстары бойынша аудан көлемінде спорттық және мәдени шаралар өткізіліп, баспасөз беттерінде мақалалар жарияланып тұрады.

Айдар БАҚЫТЖАНҰЛЫ
09 мамыр 2025 ж. 42 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№33 (9300)

06 мамыр 2025 ж.

№32 (9299)

30 сәуір 2025 ж.

№31 (9298)

29 сәуір 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031