Құрылтай
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БАҚЫТ ҚҰШАҒЫНДА

БАҚЫТ ҚҰШАҒЫНДА

«Жыртық киім ішінде, жаны жайсаң адам бар. Бүтін киім ішінде, неше түрлі надан бар» деп ақын жырлағандай, жақсы адамдарды еске алу – қандай ауыр. Өзіңе аға болған, кезінде пана болған, ақындығын асырмаған, Шиеліге жақындығын жасырмаған Базарбай Исаев ағамыз тірі болғанда биыл 85 жасқа толып, асқар таудай болып ортамызда отырар еді.
«Сыртын емес сондықтан, ішін ашып қараңдар. Жақсы жандар көп емес, еске алатын адамдар» дейді, жоғарыдағы өлең жолдарының авторы шумақты ғажап түйіндеп.
Менің көз алдыма ойы да, бойы да биік, сылыңғыр, қою қара мұртты, Сыр бойының сымбатты жігіті келе қалды. Бірқарағанда жанарынан нұр төгіліп тұрғандай жылылықты, ағалық қамқорлықты, ізетшілік пен қарапайымдылықты сезінуші едік Базекеңнен.
Ақын Базарбек Исаев Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы бұрынғы «Талап» ұжымшарында (қазіргі Манап ауылында) 1941 жылы қазан айында дүниеге келген. Орта мектепті бітіргеннен кейін аудандық өнеркәсіп комбинатында жұмысшы болып еңбек жолын бастайды. Аудандық байланыс мекемесінде монтер де болады. 1960-1963 жылдары Кеңес армиясы қатарында әскери борышын өтейді. Әскерден оралысымен Қызылорда қаласындағы педагогикалық институттың филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті бөліміне оқуға түсіп, оны ойдағыдай бітірісімен Шиелі аудандық «Өскен өңір» газетінде журналистік жолын бастап, көз ұзамай Қызылорда облыстық «Ленин жолы» (қазіргі Сыр бойы) газетінің редакциясына қызметке шақырылады. Одан кейін республикалық «Лениншіл жас» (Жас Алаш), «Социалистік Қазақстан», (Егемен Қазақстан) газеттерінің редакцияларында еңбек етеді. Детектив жанрында шытырман оқиғаға толы қызықты шығарма жазуға деген құштарлық, оны Қазақ КСР Ішкі істер министрлігіне қызметке орналасуға себепкер болып, 1977-1986 жылдар аралығында сол министрліктің саяси аппаратында жауапты қызмет атқарады. 1986-1990 жылдары «Жалын» баспасында аға редактор, 1990-1995 жылдары Ішкі істер министрлігінің «Сақшы» – «На страже» газетінде тілші, редактордың орынбасары, басылымның бас редакторы болады.
Базарбай Исаев 1996 жылғы сәуір айынан бастап шекара әскерлері әскери институтының редакциялық баспа бөлімі бастығының орынбасары, 1997 жылдан Қазақстан Республикасының «Ұлан-Гвардия» газетінің бас редакторы қызметіне тағайындалады. 2000 жылдың мамыр айынан Б.Исаев Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің запастағы полковнигі. Белгілі, танымал ақын. Қазақстан Журналистер одағының және Жазушылар одағының белсенді мүшесі.
Ақын-полковник Базарбай Исаевтің «Отызыншы көктем», «Ақ жауын», «Ақ қайнар», «Көктем шерткен күй», «Бақыт құсы», «Қауышу мен қоштасу», «Сезім сөзі», «Мөлдір», «Арайна» атты жинақтары жарық көрген. Ол орыс халқының белгілі жазушысы Александр Чаковскийдің «Алыс жұлдыздың жарығы» повесін, грузиннің атақты жазушысы нодар Думбадзенің «Алаң болма, апа!» романын, орыс жазушысы Станислав Дадионовтың «Магнитафондағы жазу» повесін қазақ тіліне аударған. Жазушы Б.Исаевтің «Өң мен түс», «Алтынай, ақ көйлек», «Көрбала және тергеуші», «Жігіт пен жендет» прозалық шығармаларын да кезінде жұртшылық жоғары бағалаған болатын. Осындай КСРО Ішкі істер министрлігі мен Жазушылар одағы бірлесіп жариялаған бәйгеде Базарбай Исаев 1982 жылы екінші орынды жеңіп алса, 1987 жылы бағалы сыйлықпен және арнаулы дипломмен марапатталады.
Милиция тақырыбына жазылған шығармалар жөнінде республикада жарияланған бәйгеде бірінші орынды иеленіп отырды. Ақынның журналистік еңбегінің бір жемісі – «Ұрпақ тәрбиесі ұлы күш» дейтін кітабы. Базарбек Исаев – Қазақстан Журналистер сыйлығының лауреаты (1997 жыл), Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы. Ол соңғы жылдары «Тылсым» газетінің бас редакторы қызметін абыройлы атқара білді.
Біздің Базекеңмен алғашқы таныстығымыз 1980 жылдың сәуір айында Ішкі істер бөлімі саяси жетекшілерінің астанамыз Алматыда өткен республикалық семинар-кеңесінде өрби түсті. Оған дейін журналист Б.Исаевтің «Өскен өңірде» тілші болғанын, Ішкі істер министрлігінде қызмет ететін жерлесіміз, ақын Базарбай деген бар екенін еститінбіз. Әрі біздің Шиелі аудандық ішкі істер бөлімі паспорт столының бастығы Жұмаділда Шәуеновтің және күзет бөлімінің басшысы Тұрар Батырхановтың інісі екенін де білетінбіз. Ұзын бойлы, жазық маңдай, салалы бұйра шашы артқа қарай әдемі қайырылған, қалың мұрты өзіне ғана жарасқан капитан шеніндегі сұлу жігіт: «Шиеліден келген сен бе?» деп, басшыларымыз А.Юрин, В.Кимдермен амандасып болған соң, маған бұрылды. Сол сәттен бастап біріміздің ағамызға айналған Базекеңмен жора-жолдас болып кеттік. Сол кездегі республика Ішкі істер министрлігі саяси бөлімінің бастығы, полковник М.Қалматаевқа мені алып кіріп, «милицияның «Жалын» ансамблінің жетекшісі» деп таныстырған да, Ішкі істер министрі, генерал-мойор Н.Платаевтың қолынан «Отличник милиций» төсбелгісін алғызған да осы Базарбай ағамыз тұғын. «Жақсының жақсылығын ай, нұры тасысын» деп, осындайда айтылса керек. Шиелі, Жаңақорған аудандық ішкі істер бөлімдерінің, сондай-ақ Қызылорда облысының бар милиция қызметкерлерін теледидар, баспасөз, тағы басқа ақпарат құралдары арқылы насихаттап, олардың ұйқысыз түндерін, қиыншылыққа толы күндерін халыққа жеткізіп отырды.
Шиелі аудандық ішкі істер бөлімі қызметкерлерінен құрылған «Жалын» вокальды-аспапты ансамблін екі рет теледидарға Алматыға шақыртып түсіріп, саяси жұмысымызды мақтап, арнайы плакат етіп шығарып, бүкіл республикаға таратты. Алғашқы шақыру қазан айында болды. 10 қараша – милиция күніне қарсы теледидарға түсірді. Оған бір автобуспен 28 «Жалын» ансамбілінің мүшелері бардық. «Алматыға бастығымыз Кәрім Жұмағалиев ­бастап барса, бөлімді оперзам Бақыт ­Бекмамбетов басқарып қалды. Сонда мына жақта жұмыста жүрді, ана жақта ән де айтылды. Милиция қызметкерлері халыққа жақындап, олардың имиджі көтерілді. «Милиция қорғаның, милиция достарың, жаныңда жалындап жүретін» деп ән шырқадық. Ештеңеміз кеткен жоқ халықпен байланысымыз күшейіп, беделі артты. Қылмыс та ашылды, қоғамдық тәртіп те сақталды. «Жалын» ансамблін 1984 жылы Лининск қаласының жұртшылығына (қазіргі Байқоңыр) телеарнасы шақырып сонда концерт бердік. Ол Қармақшы, Қазалы аудандары мен Лининск қаласының жұртшылығына көрсетілді. Шынында, 80-жылдан бастап он бес жылдай Шиелі милиционерлері барлық жағынан дүрілдеген болатын. Оны сол кездің қазіргі көз көрген куәгерлері әлі де тамсанып айтып отырады.
Сол уақыттағы сүйікті басшымыз Кәрім Жұмағалиев, мейірімді орынбасар Бақыт ­Бекмамбетов, мен ол кезде бөлім басшысының саяси тәрбие жөніндегі орынбасары, «Жалын» ансамбілінің көркемдік жетекшісі болатынмын. Ансамбльдің мүшелері ­Сейдомар Ермекбаев, Жаппарбек Оразмаханов, Бөлетай Қошқаров, Нұрғали Қожақов, ­Ермек Оспанов, Әлайдар Байділдаев, Оразбек Іскендіров, ­Сансызбай Нұрекеев, Мырзахан ­Жандаев, Мәлік Дүйсенбаев, Қуаныш ­Бегалиев, Шанақ ­Кемелов, Бекайдар Рүстемов, Алексей ­Москавец, Бердібай Баймұратов, тағы басқалар халық сүйіспеншілігіне бөленіп жататын. Маған қазір де солай көрінеді. Мінекей, осындай игі істер қасынан үнемі Базекең ағамыз көрінетін. Кейін республикалық «Сақшы» – «На страже» газетінің бас редакторы болып тұрғанда да, бізбен үнемі байланыста болды. Базекеңнің «Өскен өңірдің» фототілшісі Сайдхасан ­Хутаевпен дос екенін біліп қуандық. Сәкең де аянып қалған жоқ. «Жалын» ансамбілінің суреттерін республикалық баспасөздерде насихаттап отырды. Ол кісінің суреті шықпаған газет-журнал қалмаған шығар. Елден асып Якут елінің газетіне де басылып шығып, атағы жер жарды.
Жан-жағына көлеңкесін түсіріп, қанатымен су сеуіп елім, жерім, оның азаматтары көркейсін деп мазасызданатын адамдар некен-саяқ бола ма? Өйткені, мен осы Базекеңнен кейін ондай адаммен жолықпаппын. Ауылға әр келгенде ол жүрегін жарып шыққан жыр кітаптарын ұсынатын. «Оныншы асу» авторлар жинағына енген «Мұрагер» өлеңдер очеркін Базарбай Исаев Социалистік Еңбек Ері Арапбек Әбиевке арнай отырып, екі мәрте Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың ұлылығын жырлайды.
Мәпелей білген күрішші,
Диқанның пірі – Ыбырай.
Аялап жүрген ырысты,
Диқанның нұры – Ыбырай, – дейді.
Мен әуесқой композитор ретінде Б.Исаевтің «Милиционер көз ілмес» өлеңіне ән жазып, республикалық конкурсқа қатыстым. Оған атақты кәнігі композиторлар да қатысып, нәтижесінде милиция тақырыбына жазылған әніміз жүлделі үшінші орынды алып, Базекеңмен біраз мәз болғанымыз бар. Базарбай ақын соңғы шумағында:
Таңдар күліп атсын деп,
Шаттық есік қақсын деп.
Даңқ жайып өркен ән,
Халық тойлап жатсын деп,
Милиционер көз ілмес, – дейді.
Халық сақшылары ел тойларын тыныш өткізсін, таң да күліп атып, төрімізде шаттық орнасын деп тілейді. Сол үшін де күндіз-түні көз ілмей қызмет етеді. Соның басы-қасында жүрген ақын Базарбай қалайша бұлай жыр төкпесін. Одан соң «Милиция маршы», «Өшпес ерлік», әндері «Жалынға» арнайы жазылды. Өзі де, ойы да жан-жақты шыңдалған, отставкідегі полковник Базарбай Исаев туралы айта берсек жарасады. Оның талантты ақын, аудармашы, публицист-журналист екенін, Жазушылар одағының мүшесі, милиция жайында жазылған Бүкілодақтық әдеби конкурстардың жүлдегері болғанын, кезінде әдебиет зерттеушілері сан мәрте жазған. Жаны жайсаң әдемі күлкісімен, биязы мінезімен, кішіпейілділігімен, қарапайымдылығымен, азаматтығымен өзіне баурап алатын Сыр бойының Сәкен Сейфуллиніндей десе болғандай, басына папағын кисе, өр тұлғасы Бауыржан Момышұлы батырымызға ұқсап кететін, тумасынан ақын ағамыз 85 жасқа келіпті. Бірақ өзі жоқ.
2011 жылы жарық дүниемен қоштасқан. «Артында бар оңалар» деп, соңында мол әдеби шығармалары, поэзиялық кітаптары, даңқы мен атағы, өмірде сүйген жары Күлан, ұл-қыздары Әлисаттар, Сағидула, Айгүл, Дастанқожа қалды. Оған да шүкір! «Адам ұрпағымен мың жасайды» десек, Исаевтар әулетінің бақыт құсы көгімізде қалықтап ұшып жүргендей. Шүкір демей, енді не дейміз?!

Өркен Исмаил,
ҚР Журналистер одағының мүшесі, «Жалын» ансамблінің көркемдік жетекшісі, отставкідегі милиция подполковнигі
14 шілде 2026 ж. 29 0

Қоғам

Арнауға арқау азамат
14 шілде 2026 ж. 37

PDF нұсқалар мұрағаты

№52 (9419)

14 шілде 2026 ж.

№51 (9418)

09 шілде 2026 ж.

№50 (9417).

04 шілде 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031