Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «ТЕКТІЛІК ТЕОРЕМАСЫ» Әріптес туралы әңгіме

«ТЕКТІЛІК ТЕОРЕМАСЫ» Әріптес туралы әңгіме

Қазақстан ­Журналистер одағының мүшесі Зәкім ­Жайлыбай 5 кітаптың авторы, әр жанрға қалам тербеген, құлашын кеңге сермеген журналист, жазушы, көсемсөзші және ақын еді. Өмірден озғанына 10 жыл болды. С.Бекмұратұлының «Тектілік теоремасы» – әріптес ­туралы әңгіме кітабы тағдырын қаламға тапсырып, саналы ғұмырын шығармашылыққа бағыштаған жанкешті жанның ерен еңбегіне арналып отыр.
Зәкім Жайлыбай 1941 жылы Қызылорда облысы, Шиелі ауданында дүниеге келген. 1958 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін Жаңақорған ауданындағы автобазада жұмысшы болып еңбек жолын ­бастады. 1964 жылы ҚазМҰУ-дің филология факультетін бітіріп, 1965 жылдан Шиелі аудандық комсомол комитетінде бөлім меңгерушісі, екінші хатшы, 1968 жылдан Шиелі аудандық «Өскен өңір» газеті редакторының орынбасары, 1970 жылдан 2001 жылға дейін 31 жыл үздіксіз осы аудандық газеттің редакторы болды.
«Кермек тағдыр» атты тұңғыш кітабы 2008 жылы жарық көрді. Бұл еңбегіне қазақ елінің тарихы мен «халық жауының» ұлы болмысындағы кермек тағдырының сабақтастығын арқау еткен.
2010 жылы оқырман қолына тиген «Кодекс Куманикус – бабалар болмысының баяны» атты зерттеуі халқымыздың тарихи-тілдік құндылығы, ескі қыпшақ тілінің ең іргелі ескерткіші «Кодекс ­Куманикуске» арналған.
Автордың «Жамағат жадындағы Жақаев» атты үшінші еңбегі дарабоз диқан, дала академигі, екі мәрте Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың 120 жылдығына тартуы.
Зәкім Жайлыбай зейнетке шыққаннан кейін 2004 жылдан өмірінің соңына дейін еларалық «Қазақ Елі» газетінде бас редактордың орынбасары қызметін атқарды. Ол Тәуелсіздік туын тіккен қазақ еліне адал қызмет етті. Педагог болып бала, ұстаз болып шәкірт, журналист болып болашақ қаламгерді тәрбиеледі.
Шиеліде Жайлыбаевты танымайтын, атын естісе елеңдемейтін адам жоқ шығар, сірә. Әкеден жеті айлығында қалып, жеті жұртқа мәшһүр болған Зәкім Жайлыбай бейнесі мен бейнелі көркем сөзі оны білген, шығармасын оқыған жұртшылық жүрегінде сақталатынына сенеміз. Ақжарқын күлкісімен, биік парасатымен, терең білімімен ел есінде қалды.
Айта кетейік, әріптесіміз, жерлесіміз С.Бекмұратұлының «Тектілік теоремасы» атты жаңа кітабында қаламгер ­туралы әр жылдары жазылып, түрлі басылымда жарық көрген мақалалар мен естеліктер, замандастарының жылы лебіздері топтастырылған. Сонымен қатар қаламгердің кезінде оқырман назарын аударған құнды жазбалары, көкейкесті ой-толғамдары енген.
Өмірден көргені мен ойына түйгені көп автор қай жанрда қалам тербесе де әлеуметтік, тарихи, ұлттық дәстүр төңірегінде жеріне жеткізе жазады. Журналистиканың бүгінгі жайы, келешегі тарлан қаламгердің назарынан тыс қалмаған. Бір газетте отыз жылдан астам редактор болған қарымды да білікті қаламгердің бұл тұрғыда айтар ойы, берер кеңесі, әрине, ұшан-теңіз.

Г.ДҮЙСЕБАЙ
14 қараша 2022 ж. 365 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№97 (9261)

06 желтоқсан 2024 ж.

№96 (9260)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

01 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031