Оқы, оқы, тағы оқы
Кітап – білім бұлағы. Балаларым, кітап оқыңдар деп әке-шешелеріміз, оқушыларым, кітап оқу керек деп сабақ берген мұғалімдеріміз де айта беретін. Осылай айта бергендіктен бе, әлде, сол замандағы жастарда ерекше ізденіс, құлшыныс, талпыныс болды ма, әйтеуір қолымыздан кітап түспейтін. Менің Беркін ағам азаннан кешке дейін кітап оқудан жалықпайтын. Ақыры ғалым болып, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты атанды. Үйі толған кітап.Кітап оқудың өзі тәрбие. Үлгілі, өнегелі сөздер есте сақталады. Оны біреуге айтасыз, ол басқаға айтады, айналып келіп «Жақсы сөз – жарым ырыс» болып жастардың құлағына жетеді. Баяғы қазақтың ауыз әдебиеті секілді. Егер мен де кітап не газет-журнал оқымасам, мынадай қанатты сөздер мен өлең жолдарын кездестіріп, жаттап алмас едім.
Кең дүние тарылады қаза келсе,
Жоқ қылмыс табылады жаза берсе.
Болсада таудай биік құлатады,
Кемештеп айналасын қаза берсе.
Жүйрікке жалғыз томар кезігеді,
Айрықша алға шауып оза берсе, – депті Бұдабай ақын.
Білемін,
Керемет бір күн келеді!
Жайнайды жасыл бағым, гүлденеді.
Көремін,
Керемет бір күн кешемін,
Болашағым, сенімен бірге өсемін, – дейді ақиық ақын Мұқағали Мақатаев.
«Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келекшекте оның барлық өміріне апат әкеледі» деп ескертеді данышпан бабамыз Әл-Фараби.
«Өзіңді сыйлайтын жерге қайта-қайта жылтыңдап бара берме, қадірің кетеді» деген екен қас батырымыз Бауыржан Момышұлы.
***
«Егер тіл мен мәдениетің жоғалса, шекараны аша сал. Бәрібір неңді қорғайсың? Бұл енді сенің елің емес...» деп, Африкалық қоғам қайраткері Нелсон Мандела қалай айтқан?!
Алашорданың көсемі Әлихан Бөкейханов: «Тірі болсам қазаққа қызмет етпей қоймаймын» деп кетіпті.
***
Жас ақын Аманқос Ершуов былай дейді:
Ақ бұлттар, қара бұлттар, ала бұлттар,
Қарасаң аспанда да алалық бар
Біреуде қартта болса, шалалық бар,
Біреуде жаста болса, даналық бар.
Сатирик ақыныз Асқар Тоқмағанбетов:
Сен келген жоқсың өмірге,
Тек қана ішіп-жейіндеп.
Келмеппең сенде туған еліңе,
Бірнәрсе дейіндеп.
Айта алмай кетпе, айтып кет.
Айта алмайсың қайтып кеп, – депмысқылдапты.
Атақты шал ақын бір шумақ өлеңімен:
Жердің тайғақ болғанын мұздан көрдім,
Еттің ащы болғанын тұздан көрдім.
Жас кезімде қызбала деп менсінбеушем,
Қартайғанда рақатты қыздан көрдім-деп, қыздардың мерейін аспанға шығарыпты.
Әлеуметтік желіден оқып қалып, жаттап алған авторы белгісіз мына екі шумақ өлең де, адамды елең еткізері сөзсіз.
Жыртық киім ішінде,
Жаны жайсаң адам бар.
Бүтін киім ішінде,
Неше түрлі надан бар.
Сыртын емес сондықтан,
Ішін ашып қараңдар.
Жылтыраққа қызықсаң,
Адасасың адамдар.
Моңғолияда туып-өсіп, ата-бабасының туған жерін аңсап Астанаға келген қазақ қыздың құрбылары «қайдан келдің, неге келдің?» деп түрткілдеп қоймапты.
Сонда Монғолиядан келген ақынды қыз:
Бар мұңымды айтайыншы деп келдім,
Қазақ күйін тартайыншы деп келдім.
Қазақстан орыстанып барады дейді,
Рас па екен байқайыншы деп келдім.
Алтын орамды көрейінші деп келдім,
Қол ұшымды берейінші деп келдім.
Шетте тудым, шетте өстіп, құрбылар,
Дәл ортаңда өлейінші деп келдім, – деп, өзінің айырықша патриоттық сезімін жеткізген екен.
Недеген керемет, қарапайым сөзімен құрбыларының аузына құм қойған қыз нағыз отаншыл, мемлекетшіл, намысшыл, қазіргі жастарға үлгі боларлық, Мағжан ақын айтқандай, «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қыран құстай қанатты» жас екенін аңғартады.
Айтпағым, кітап газет-журнал оқысаңыздар көп білесіздер. Ұнаған өлең шумақтарын жаттап айтып жүресіздер. Бұл жастарымызға, немере-шөберелеріңізге айтып отырар ақылымыздай, тілегіміздей болып, олардың жүректерін дір еткізері анық.
Сондықтан мен де сіздерді кітап оқуға, облыстың жаңалықтарын біліп отыру үшін «Сыр бойы» басылымын, ауданда не болып жатқанын білу үшін, «Өскен Өңір» мен «Шарайна-Сейхун» газеттерін жаздырып алып, оқып отыруға шақырамын. Білім – жан азығы. Оқы, оқы, тағы оқы дегім келеді.
Өркен Исмаил,
ҚР Журналистер одағының мүшесі,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы
ҚР Журналистер одағының мүшесі,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы








