Ата Заң – елдіктің ең биік өлшемі
Биыл Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінде тарихи маңызы зор оқиға орын алды. Осы маңызды тарихи өзгерістерді кеңінен түсіндіру, жаңа Конституцияның мәні мен мазмұнын халыққа насихаттау мақсатында жуырда аудандық мәдениет үйінде «Конституция – Тәуелсіздік пен Егемендіктің тірегі» тақырыбында ауқымды іс-шара өтті. Басқосуға аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов, аудан прокурорының орынбасары Ғанибек Серікұлы, сондай-ақ аудандағы мекеме қызметкерлері қатысты.Іс-шара барысында жаңа Конституцияның ел дамуы үшін маңызы, құқықтық мемлекет қалыптастырудағы рөлі және қоғамдағы заң үстемдігін қамтамасыз етудегі орны жан-жақты талқыланды. Жиынның негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, Конституцияға деген құрметті қалыптастыру және заң талаптарын сақтаудың маңызын кеңінен түсіндіру болды.
Жиында сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов Конституция – мемлекетіміздің берік іргетасы, ел дамуының басты бағдары екенін атап өтті. Ол жаңа Ата Заңның елдегі саяси және құқықтық реформалардың жүйелі жалғасы екенін айтып, оның басты мақсаты халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тиімді мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыру екенін жеткізді. Сонымен қатар қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті сақтау әрбір азаматтың заңды құрметтеуінен басталатынын ерекше атап өтті.
Өз кезегінде аудан прокурорының орынбасары Ғанибек Серікұлы құқықтық мемлекет құрудағы Конституцияның айрықша рөліне тоқталды. Ол заң үстемдігі – әділетті қоғамның негізгі қағидаты екенін айтып, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, құқықбұзушылықтың алдын алу және құқықтық мәдениетті қалыптастыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде кеңінен әңгімеледі.
Кездесу барысында қатысушылар Конституциядағы жаңашылдықтар жөнінде пікір алмасып, өздерін қызықтырған сауалдарға жауап алды. Кездесу еркін форматта өтіп, заңнамалық өзгерістердің мазмұны, азаматтардың құқықтары мен міндеттері, мемлекеттік қызметтің жауапкершілігі және құқықтық мәдениетті қалыптастыру мәселелері кеңінен сөз болды.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ








