Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ПЛАТФОРМАЛЫҚ ЖҰМЫСТЫҢ МӘРТЕБЕСІ МЕН МӘСЕЛЕСІ

ПЛАТФОРМАЛЫҚ ЖҰМЫСТЫҢ МӘРТЕБЕСІ МЕН МӘСЕЛЕСІ

Қазіргі қоғамның тынысы цифрлық технологиялармен бірге өзгеріп келеді. Кеше ғана қосымша табыс көзі саналатын жеткізу қызметі мен такси тасымалы бүгінгі таңда миллиондаған азаматтың негізгі күнкөріс арнасына айналды. Қолындағы смартфон табыс табудың құралы, ал онлайн платформа еңбек нарығының жаңа кеңістігіне айналды.
Алайда бұл саланың қарқынды дамуы бірқатар әлеуметтік және құқықтық түйткілдерді де қатар ала келді. Курьерлер мен такси жүргізушілерінің құқықтық мәртебесі, еңбек кепілдіктері және әлеуметтік қорғалуы әлі күнге дейін толық айқындалмаған күйінде қалып отыр. Осы мәселе соңғы уақытта Парламент мінберінде көтеріліп, Үкімет деңгейінде талқылауға түсті.

ЦИФРЛЫҚ ЕҢБЕКТІҢ КӨЛЕМІ
Бүгінде Қазақстанда шамамен 400 мың азамат Яндекс, InDrive, Wolt, Glovo сияқты онлайн платформалар арқылы табыс табады. Олардың басым бөлігі – жолаушы тасымалы мен жеткізу қызметімен айналысатын азаматтар.
Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, елімізде 9 миллион 320 мың адам жұмыспен қамтылған. Соның ішінде шамамен 2,2 миллионға жуық адам өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен бейресми еңбек нарығында еңбек етеді. Бұл жалпы жұмыспен қамтылғандардың 24 пайызына жуығын құрайды. Соңғы жылдары платформалық еңбекке байланысты әлеуметтік төлемдер көлемі де артып отыр. 2024–2025 жылдар аралығында бұл санаттағы азаматтар ­бойынша 2,77 миллиард міндетті әлеуметтік төлем аударылып, жалпы көлемі 10,6 миллиард теңгеден асқан. Бұл цифрлар платформалық жұмыстың тек қосымша табыс емес, экономиканың елеулі бөлігіне айналғанын көрсетеді.

ЖАҢА ФОРМАТ, БІРАҚ ЕСКІ МӘСЕЛЕЛЕР
Платформалық жұмыспен қамту – еркіндік пен икемділікке негізделген жаңа еңбек моделі. Курьер мен жүргізуші өз жұмыс уақытын өзі белгілейді, тапсырысты таңдайды, геолокация арқылы қолайлы аумақта еңбек етеді. Бұл – дәстүрлі жұмыс кестесінен өзгеше, бір қарағанда еркін жүйе. Алайда осы еркіндіктің тасасында күрделі әлеуметтік мәселе жатыр. Сенатор Бек­болат Жексенбайдың айтуынша, платформалық орындаушылар «тәуелсіз серіктес» ретінде тіркелгенімен, іс жүзінде алгоритмдік бақылауға тәуелді. Тариф, рейтинг, тапсырыс көлемі мен жұмыс белсенділігі платформаның ішкі жүйесі арқылы реттеледі. Соған қарамастан, олар еңбек демалысынан, уақытша еңбекке жарамсыздық төлемінен, еңбек қауіпсіздігі кепілдіктерінен тыс қалып отыр.
Сенат деректеріне сәйкес, кейбір техникалық ақаулар салдарынан 20 мыңнан астам жүргізуші мен курьер салық және әлеуметтік төлемдер бойынша қиындықтарға тап болған.
Бұл жағдай азаматтардың мемлекетке деген сеніміне әсер етуі мүмкін деген пікір айтылуда.
Премьер-министр Олжас ­Бектенов мемлекеттік кірістер органдары жүйелік қателіктерді түзету және негізсіз берешектерді жою жұмыстарын жүргізетінін тілге тиек етті. «Техникалық ақаулар анықталған жағдайда олар жедел реттеледі. Сондай-ақ қолданыстағы Салық кодексіне сәйкес, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың табысы 300 АЕК-тен аспаса, жеке табыс салығынан босатылады. Олар табыстың 4 пайызы көлемінде әлеуметтік төлемдер аударады: 1% – зейнетақы жарнас 1% – әлеуметтік аударым, 2% – медициналық сақтандыру. Бұл төлемдер салық емес, азаматтардың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ететін жүйе ретінде қарастырылады» деді.
Платформалық экономика – уақыт талабы. Ол еңбек нарығын жаңаша қалыптастырып, мыңдаған адамға табыс көзі болып отыр. Бірақ технология дамыған сайын еңбек адамының құқығы да бірге дамуы тиіс. Еңбек еркіндігі – маңызды, бірақ әлеуметтік қорғансыз еркіндік ұзақ мерзімді тұрақтылық әкелмейді. Сондықтан басты міндет – цифрлық экономиканың мүмкіндігін сақтай отырып, азаматтардың құқықтық мәртебесін нақтылау, әлеуметтік кепілдіктерді күшейту және әділетті еңбек кеңістігін қалыптастыру. Өйткені жаңа заманның ең үлкен байлығы – тек технология емес, сол технология ішінде қорғалған адам құқығы.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ

23 маусым 2026 ж. 38 0