Депутат таксидегі жағдайға қатысты: ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіреді

— Шын мәнінде, табыстың көп бөлігі платформалар мен таксопарктердің комиссиясына кетіп, жүргізушілерді күректеп ақша тауып жатыр деп айта алмаймыз. Шетелдік платформалар өз мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып отыр, нарықтың басым бөлігі соларда. Елімізде отандық қосымшаларға қолдау аз, ресурсы шектеулі болғандықтан, олар бәсекеге төтеп бере алмайтынын байқаймыз. Бәсеке болмаған соң халықтың таңдау мүмкіндігі тарылып, сапа мен баға мәселесі де шешілмей тұр. Жеке қабылдауларда халық такси тарифтерінің негізсіз қымбаттауын алға тартады. Әсіресе, мереке күндері немесе күн райы күрт өзгерсе баға бірден шарықтап кетеді. Бүгінгі таңда шетелдік цифрлық платформалар экономикалық айналымнан жүргізушілер мен халықты қоса алғанда, ел экономикасына инвестиция салмай-ақ, инфрақұрылымды дамытпай-ақ ондаған миллиард теңге алып отыр деуге болады. Осындай жағдайлар еліміздің ұлттық және экономикалық қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді, — деді депутат.Оның сөзіне қарағанда, шетелдік цифрлық платформалардың нарықтағы монополиялық жағдайы оның кірісін бақыламай-ақ қайта арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Цифрлық қызметтер саласындағы комиссиялық саясатты қайта қарап, ұлттық мүддені қорғауды күшейту — уақыт талабы.
— Біріншіден, қазақстандық цифрлық қосымшаларды құруға қолдау көрсету керек. Табысты қазақстандық цифрлық платформаларды жұмысқа тарту маңызды. Екіншіден, осы нарық үшін аса маңызды инфрақұрылымды — елдің цифрлық картасын құру қажет. Ол ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан да маңызды, — деді Мархабат Жайымбетов. Сонымен қатар ол ірі такси агрегаторлары алатын комиссиялардың мөлшерін бағалық реттеуді талап ету керек, яғни такси платформалардың комиссиясын 3- 5% дейін түсіру қажет екенін айтты. Еске салсақ, полиция көші-қон заңнамасын бұзған 700-ге жуық шетелдік такси жүргізушісін анықтады.