Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТАБИҒАТҚА ҚОЛТАҢБА ЕМЕС, ҚАМҚОРЛЫҚ КЕРЕК

ТАБИҒАТҚА ҚОЛТАҢБА ЕМЕС, ҚАМҚОРЛЫҚ КЕРЕК

Табиғат адамнан ештеңе сұрамайды. Ол бізге таза ауа, мөлдір су, сұлу көрініс пен тіршілік сыйлайды. Алайда кейде адам баласы сол табиғатқа алғыс айтудың орнына, оған өз «қолтаңбасын» қалдыруға құмар. Таулар мен жартастарға жазылған есімдер, түрлі белгілер мен суреттер – соның дәлелі. Бір қарағанда елеусіз көрінетін мұндай әрекеттер табиғи келбетке нұқсан келтіріп, қоршаған ортаға деген мәдениеттің төмендігін байқатады.


Осындай келеңсіз көріністердің алдын алу және жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында аудан жастары Қаратау бөктерінде вандализмге қарсы экологиялық акция ұйымдастырды. Шара барысында қатысушылар тастарға жазылған түрлі жазулар мен белгілерді тазалап, табиғаттың бастапқы келбетін қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді. Қаратау – табиғаттың ғасырлар бойы қалыптасқан қайталанбас туындысы. Оның әрбір жотасы мен әрбір тасы туған өлкенің тарихы мен табиғи байлығынан сыр шертеді. Сондықтан оны сақтау – тек экологтардың немесе белгілі бір мекемелердің міндеті емес, барша қоғамның ортақ жауапкершілігі. Акцияға қатысқан жастар табиғатты қорғау тек сөз жүзінде емес, нақты іспен дәлелденуі қажет екенін көрсетті. Олар бірнеше сағат бойы тастардағы жазуларды өшіріп, табиғи ортаға келтірілген зиянды қалпына келтіруге күш салды. Бұл игі бастама қоршаған ортаға жанашырлықтың және азаматтық белсенділіктің жарқын көрінісіне айналды. Шараға қатысқан аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Ержан Әбдешов табиғатқа ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды. – Өкінішке қарай, кейбір адамдар табиғат аясында болғанын дәлелдеу үшін тасқа атын жазып кетуді әдетке айналдырған. Бірақ адамның артында қалатын ең үлкен із – оның есімі емес, жасаған игі ісі. Бүгінгі акция арқылы жастар табиғатқа қамқорлық танытып қана қоймай, қоғамға маңызды ой тастап отыр. Табиғат бізге ата-бабадан аманат болып жетті, ендігі міндет – оны келер ұрпаққа бүлдірмей жеткізу, – деді орталық басшысы. Экологиялық акция Экологтар күніне арналған іс-шаралар аясында ұйымдастырылып, жастардың белсенді қатысуымен өтті. Ұйымдастырушылар мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын тауып, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған бастамалар тұрақты түрде жүзеге асырылатынын атап өтті. Табиғатқа құрмет көрсету үшін тасқа есім жазудың қажеті жоқ. Керісінше, оның тазалығын сақтап, көркін келтіре түсу – нағыз жанашырлықтың белгісі. Өйткені табиғатқа қолтаңба емес, қамқорлық керек.

Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ
09 маусым 2026 ж. 27 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№43 (9410)

09 маусым 2026 ж.

№42 (9409).

06 маусым 2026 ж.

№41 (9408).

02 маусым 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930