БІР СЕНБІЛІКТІҢ ЕМЕС, БІРЛІКТІҢ КӨРІНІСІ
Қай қоғамның болсын мәдениеті мен өркениет деңгейі ең алдымен қоршаған ортаға деген көзқарасынан аңғарылады. Көшенің тазалығы, ауланың жинақылығы, қоғамдық орындардың күтімі – мұның барлығы белгілі бір елдің тұрмыс салтын ғана емес, оның азаматтарының жауапкершілік деңгейін де көрсетеді. Сондықтан тазалық мәселесі ешқашан бір мекеменің немесе белгілі бір саланың міндетімен шектелмеуі тиіс. Ол – әр адамның азаматтық ұстанымынан бастау алатын ортақ құндылық.Соңғы жылдары елімізде осы бағыттағы жұмыстар жаңа мазмұнға ие болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы бүгінгі күні қарапайым сенбілік шеңберінен әлдеқайда асып, бүкіл қоғамды біріктірген ауқымды қозғалысқа айналды. Оның басты ерекшелігі де осында. Өйткені бұл бастама тек айналаны тазалауға емес, адамдардың табиғатқа деген көзқарасын өзгертуге, туған жерге жанашырлық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Бұрын тазалық жұмыстары белгілі бір уақытпен шектеліп, маусымдық науқан ретінде қабылданатын. Ал бүгінде бұл түсінік өзгерді. Қоғам қоршаған ортаның тазалығын күнделікті өмірдің ажырамас бөлігі ретінде қабылдай бастады. П р е з и д е н т т і ң ө з і д е « Т а з а Қазақстанның» мәні қоқыс жинаумен ғана өлшенбейтінін бірнеше мәрте атап өтті.
Табиғатқа жанашырлық, қоғамдық мәдениетті қалыптастыру, экологиялық сауаттылықты арттыру – акцияның негізгі мақсаты. Өйткені тазалық – өркениетті қоғамның айнасы. Елімізде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ауқымды жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Ресми деректерге сәйкес, осы уақытқа дейін 1477 экологиялық іс-шара өткізілген. Нәтижесінде 2 миллион тоннаға жуық қалдық жиналып, 2,8 миллион гектардан астам аумақ тазартылды, сондай-ақ 5,5 миллион түп ағаш отырғызылды. Жыл сайын аталған бастамаларға 5,5 миллионға жуық азамат белсене қатысады. Акция аясында «Таза қала – таза аула», «Мөлдір бұлақ», «Жасыл болашақ», «Жер сағаты» секілді экологиялық жобалар кең көлемде ұйымдастырылды. 25 сәуір күні республика аумағында бір мезетте санитарлық тазарту және ағаш отырғызу жұмыстары жүргізіліп, белсенділік танытқан 20 азамат Президенттің Алғыс хатымен марапатталды. Өткен кезеңде ел аумағында 124 экологиялық іс-шара өткізіліп, 260 мың тоннадан астам қалдық шығарылды, 48,5 мың гектар аумақ тазартылды, 723 мыңға жуық ағаш егілді. Жұмыстарға 2,7 миллионға жуық адам, оның ішінде 326 мыңнан астам ерікті қатысқан. Бағдарламаның маңызды бағыты ретінде азаматтардың экологиялық мәселелерді шешуге тікелей қатысуы қамтамасыз етілуде. Осы мақсатта 2024 жылдан бері «@TazaQazBot» платформасы жұмыс істеп келеді. Аталған сервис арқылы тұрғындар қоқыс үйінділері, ластанған аумақтар және инфрақұрылымдық мәселелер жөнінде өтініш жолдай алады. Соңғы екі жылда өтініштер саны айтарлықтай өсіп, 2024 жылы 9,9 мың болса, кейін 26 мыңнан асқан. Платформа іске қосылғалы 44 мыңнан астам өтініш қабылданған. Негізгі бағыттар аумақтарды тазалау, тұрмыстық қалдықтарды шығару, көшелерді абаттандыру және жол инфрақұрылымын жақсартуға қатысты. Айта кетейік, «Таза Қазақстан» акциясы еліміздің барлық өңірлерінде жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Әр аймақ өз мүмкіндігі мен ерекшелігіне қарай көгалдандыру, абаттандыру және санитарлық тазалық бағытында ауқымды жұмыстар жүргізуде. Соның ішінде Қызылорда облысында қолға алынған шаралар ерекше қарқынға ие. Соңғы кезеңдерде өңірде он мыңдаған тұрғынның қатысуымен экологиялық акциялар өткізіліп, жүздеген тонна қалдық шығарылып, жасыл аймақтардың көлемі артып келеді. Бұл жұмыстарға арнайы техникалар тартылып, қалалар мен елді мекендердің санитарлық жағдайы жақсартылуда. Дерекке сүйенсек, Президент саябағында ұйымдастырылған кең көлемді экологиялық акция барысында ауқымды жұмыстар атқарылған. Аталған шараға 25 мыңнан астам тұрғын қатысып, 12 мыңнан астам ағаш көшеті отырғызылды. Сонымен қатар 325 гектардан астам аумақ тазартылып, 320 тоннаға жуық тұрмыстық қалдық шығарылды. Жұмысқа 250- ден астам арнайы техника жұмылдырылған. Қазіргі таңда саябақ қала тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналып, елді мекен келбетінің ажарын ашатын маңызды қоғамдық кеңістік ретінде қалыптасқан. Мұнда субұрқақтар жүйесі, спорт және балалар ойын алаңдары, велосипед пен жүгіру жолдары, мәдени іс-шараларға арналған ашық алаңдар қарастырылған. Осы бағыттағы абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарының жалғасы ретінде қалада жаңа экологиялық кеңістіктер де қалыптасуда. Соның бірі – Ботаникалық бақ. Бұл нысан экологиялық танымды арттыруға, демалыс мәдениетін дамытуға және қала тұрғындары үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған заманауи кешен ретінде ерекшеленеді. Ал осы үлкен бастаманың нақты нәтижесі аудан-аймақтардағы жұмыстардан анық байқалады. Соның ішінде Шиелі ауданында атқарылып жатқан игі істерді ерекше атап өтуге болады. Соңғы жылдары аудан көлемінде санитарлық тазалық, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Көшелер ретке келтіріліп, қоғамдық орындар жаңартылып, тұрғын үйлердің аулалары абаттандырылуда. Көптеген аумақта ағаш көшеттері отырғызылып, жасыл аймақтардың қатары көбейді. Бұл жұмыстардың нәтижесі ауданның бүгінгі келбетінен анық байқалады. Тазалық мәселесіне қатысты техникалық мүмкіндіктер де жылдан-жылға артып келеді. Қазіргі таңда арнайы коммуналдық техникалар күнделікті жұмысқа тартылып, көшелерді күтіп ұстауға ерекше көңіл бөлінуде. Бір техника көше бойына су шашып, шаңды басып жатса, енді бірі тұрмыстық қалдықтарды тиеп, арнайы орындарға жеткізеді. Осылайша ауданның санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстар үздіксіз жалғасып жатыр. Алайда тазалық тек техниканың күшімен ғана қалыптаспайды. Оның басты тірегі – тұрғындардың белсенділігі. Қазіргі таңда көптеген тұрғын өз ауласын таза ұстап қана қоймай, көшет отырғызып, көше бойын көркейтуге үлес қосуда. Әр үйдің алдындағы жинақылық, әр көшенің бойындағы тәртіп – адамдардың туған жерге деген сүйіспеншілігінің көрінісі. Аталған өзгерістер кездейсоқ емес. Олар жылдар бойы жүргізілген түсіндіру жұмыстарының, қоғамдық бастамалардың және халықтың ортақ жауапкершілігінің жемісі. Мәселен, бұл бағыттағы жұмыстар аясында әр елді мекенде сенбіліктер тұрақты түрде ұйымдастырылып, тұрғындар экологиялық акцияларға белсенді қатысып келеді. Соның айғағы ретінде, өткен сенбі күні Шиелі ауданында өндіріс орындарының қатысуымен кең көлемді экологиялық акция ұйымдастырылды. Сенбілікке «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК қарасты «РУ-6» ЖШС, «Волковгеология» АҚ-ның №23 геологиялық барлау экспедициясы, «Семізбай-U» ЖШС-нің Иіркөл филиалы, «Уранэнерго» ЖШС, «KAP Logistics» ЖШС-нің «Шиелі-Сұңқар» филиалы, «Волковгеология» АҚ-ның «Геотехноцентр» филиалы және «Гежуба Шиелі Цемент Компаниясы» ЖШС, «КНК Кемикал» ЖШС ұжымдары белсене қатысты. Таңғы уақыттан бастап аудан орталығында ерекше қарбалас байқалды. «Арман» мәдениет үйі алаңына жиналған жұртшылықтың жүзінен ортақ іске деген ықылас анық сезілді. Осы күні әр адам қолына құрал алып, туған жердің тазалығы үшін еңбек етуге келді. Шараға аудан әкімі Айтбай Жандарбеков арнайы қатысып, тазалық жұмыстарының маңызына тоқталды. Аудан басшысы қоршаған ортаның тазалығы – баршаға ортақ міндет екенін атап өтіп, ауданның көркеюіне үлес қосып жүрген белсенді азаматтарға ризашылығын білдірді. Шын мәнінде, мұндай шаралардың мәні бір күндік еңбекпен өлшенбейді. Оның құндылығы – адамдарды ортақ іске жұмылдыра білуінде. Бір мақсатқа ұйыстырылған халықтың күші қандай нәтижеге жеткізетінін дәл осындай сәттерден көруге болады. Сенбілікке аудан аумағындағы ірі өндіріс орындарының ұжымдары белсене қатысты. Өздерінің өндірістегі күнделікті жұмысынан бөлек, олар туған өлкенің тазалығына үлес қосуды азаматтық парыз деп білді. Нәтижесінде көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары, қоғамдық орындар мен әлеуметтік нысандар маңы ретке келтірілді. Ағаштардың түптері әктеліп, қоршаулар жаңартылды. Балалар ойын алаңдары сырланып, айналаға ерекше көрік берді. Көптен бері тазартуды қажет еткен аумақтар қоқыстан арылып, жаңа кейіпке енді. Арамшөптер шабылып, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Сол күні ауданның әр бұрышынан еңбек үні естілді. Бір жерде жастар күрек ұстап жүрсе, енді бір жерде ардагерлер ақылын айтып, кейінгі буынға үлгі көрсетті. Кей тұста өндіріс орындарының қызметкерлері техникамен жұмыс атқарса, басқа аумақтарда еріктілер мен тұрғындар қол күшімен тазалық жұмыстарын жүргізді. Мұның бәрі елдің бір мақсатқа жұмыла алатындығын көрсетті. Жалпы тазалық жұмыстарына 2600 адам қатысып, 20 арнайы техника жұмылдырылды. Соның нәтижесінде аудан аумағынан 41 тоннаға жуық тұрмыстық және қатты қалдық шығарылды. Көрсетілген меже – туған жердің тазалығы жолында жұмылған еңбектің және ортақ жауапкершіліктің айқын көрінісі. Тазалық мәдениеті қалыптасқан қоғамда тәртіп те орнығады, қоршаған орта да көркейеді, адамдардың өмір сүру сапасы да артады. Сондықтан «Таза Қазақстан» бастамасының басты жетістігі шығарылған қоқыс көлемімен емес, өзгерген көзқараспен өлшенеді. Шиелі жұртшылығы осыны терең түсініп келеді. Сол себептен аудан көлемінде қолға алынған әрбір игі іс, әрбір сенбілік, әрбір көшет отырғызу шарасы болашаққа жасалған инвестиция іспетті. Себебі туған жердің тазалығы – бүгінгі буынның ғана емес, келешек ұрпақтың алдындағы аманат. Ал ұйымдастырылған тазалық шарасы бір күндік науқан емес, бірліктің, жауапкершіліктің және туған жерге деген шынайы жанашырлықтың жарқын көрінісі ретінде ел жадында қалары сөзсіз.
Айнұр ИБРАШЕВА ,
Сурет Бақытжан БӘЙІМБЕТТІКІ






