ТАРИХ КӨМБЕСІНДЕГІ ТАҒДЫР
Кеңес дәуіріндегі саясат қазақ қоғамындағы «бай» ұғымын әдейі бұрмалап көрсетті. Бай десе – қанаушы, мал жиған, халықты езген адам деген түсінік қалыптастырылды. Алайда шын мәнінде қазақтың ауқатты адамдары елдің тірегі, ағартушысы, қорғаны болғаны тарихтан белгілі. Биімбет Тайшыбайұлы да сондай ел ағаларының бірі еді. Ол тек мал баққан дәулетті адам болмаған. Болыс болған, би болған. Ел ішіндегі дау-дамайды әділ шешіп, халықтың қамын жеген. Өз заманында қарапайым жұрттың балалары сауатты болсын деп, Шыбындының тоғайы аталатын жерде медресе салдырған. Осы қарекет сол кезең үшін үлкен ағартушылық қадам еді.
Медреседе екі мұғалім сабақ берген. Бірі – татар молдасы, екіншісі – Бұқарадан келген білімді дін адамы. Осыдан қазақ даласының сол кезде ислам өркениетімен, түркі дүниесінің рухани орталықтарымен байланысының күшті болғанын көруге болады. Медресе маңында мешіт орнының әлі күнге дейін сақталуы – өткеннің үнсіз куәсі. Биімбет атаның балалары да білім мен дін жолын ұстанған. Үлкен ұлы Рақмет болыс болса, Спан молда атанған. Спанның ескіше сауатты, хат танитын, көкірегі ояу адам болғанын бүгінгі ұрпақ мақтанышпен айтады.
Бүгінгі ұрпақ үшін аңыз секілді көрінетін көшпелі өмірдің соңғы дәуірін осы әулет бастан кешкен. Олар көктем шыға малын айдап, Сыр бойынан Орталық Қазақстан арқылы Омбыға дейін көшіп отырған. Жаз жайлауын сол жақта өткізіп, қырау түсе қайтадан Бетпақдаланы кесіп өтіп, дария бойындағы қыстауға оралады екен. Қазақтың табиғатпен етене өмір сүрген көшпенді өркениетінің соңғы тынысы еді. Олар қора толы жем-шөп дайындамаған. Малын табиғаттың өз ырысымен баққан. Жантақтың сөгі, шеңгелдің дәні – малдың азығы болған. Соның өзінде төрт түлік қоңды, семіз шыққан. Осы өмір салты – ғасырлар бойы қалыптасқан дала даналығы болатын. Бірақ ХХ ғасырдың басындағы төңкеріс пен кеңестік саясат сол жүйені біржола күйретті.
1928 жылғы кәмпеске мен кейінгі қуғын-сүргін қазақтың белді азаматтарын ғана емес, тұтас ұлттың тамырын қиратты. Байлардың малын тәркілеу жай ғана экономикалық шара емес еді. Ол қазақтың басқару жүйесін, дәстүрлі құрылымын, діни-ағартушылық ортасын жоюға бағытталған саясат болды. Биімбет Тайшыбайұлы да осы зұлматтың құрбанына айналды. Қарғалы жақтағы Бұлақты Таштоп маңын мекендеген ағайындарымен бірге оның да бар малы тартып алынды. Кейін Қызылордада сотталып, бес жылға Алматыға жер аударылған. Бірақ зобалаң мұнымен тоқтамады.
Алматыға жеткен соң, оны қайтадан Петропавлға жөнелтеді. Сол жерде атақты «үштіктің» шешімімен бірден ату жазасына кесілген. Ешқандай әділ сот болмады. Ешқандай дәлел сұралмады. Бір адамның тағдыры бір сәтте шешілді. Бұл – мыңдаған қазақ зиялылары мен ауқатты әулеттерінің басынан өткен ортақ қасірет еді.
Қанша уақыт өтсе де, халық жүрегінен шын тұлғалардың орны өшпейді. Кеңес кезінде атын атауға қорыққан ұрпақ, тәуелсіздік алған соң ата-баба рухын қайта іздей бастады. 1950 жылдары Өзбекстанға ауып кеткен ағайындар ес жиып, Биімбет атаның рухына арнап үлкен ас берген екен. Ал 2020 жылы ұрпақтары қасиетті ниетпен үлкен құран бағыштап, хатым түсіріп, ас берген. Әулеттің үлкен анасы осының бәрін көзімен көріп, риза болып дүниеден өткен.
Ұрпағы Зәкім Биімбеттің: «Біздің аталарымыз бай болып, малды көбейтіп жүре бермеген. Елдің баласын оқытқан, халықтың қамын ойлаған адамдар еді» деген сөзі бір әулеттің ғана емес, тарих алдында ақталған тұтас буынның шындығы.
Бүгінде қазақ қоғамы өткенін қайта таразылап жатыр. Кезінде «халық жауы» атанғандардың көбі шын мәнінде ұлттың сүйенері болғанын уақыт дәлелдеді. Олар мектеп ашты, мешіт салды, медресе ұстады, елді басқарды, халықты оқытты. Биімбет Тайшыбайұлының өмір жолы – қазақ даласындағы сондай жандардың жиынтық бейнесі.
Оның тағдыры арқылы біз бір адамның ғана емес, бүтін бір дәуірдің қасіретін көреміз. Бірақ сол қасіреттің арасынан қазақтың рухы сынбағанын да аңғарамыз. Себебі ұрпақ жадында сақталған есім – өлмеген есім. Қазір Шыбындының тоғайындағы медресенің орны ғана қалған шығар. Мешіттің жұрты ғана жатқан болар. Бірақ сол орындарда бір кезде халықтың болашағы үшін жанын салған азаматтардың ізі бар. Тарихтың ең үлкен әділдігі – ұмыттырмау. Ал ұрпақтың ең үлкен парызы – сол рухани аманатты жалғастыру.
С.БАХТИЯРҚЫЗЫ






